Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы КБФ сайтына сұхбат берді
- Аргентинаға қашан шығасыздар?
- Қазір жаттығу жүргізіп жатырмыз. 4 қазан күні сапарға аттанамыз. Жарыстың өзі 14 қазан күні басталады. Оған дейін, жергілікті климатқа бейімделіп, аруларымыз дайындықтарын жалғастырады.
- Еліміздің намысын кімдер қорғайды?
- 51 келі салмақта Жансая Әбдірайымова мен 75 келіде Надежда Рябецті апарамыз. Екеуі де халықаралық аренада жақсы өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі боксшылар. Жансая Тараздың тумасы. Өзі Азия чемпионы, жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Надежда болса ол да Азия чемпионы, сонымен қатар, 2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігінің жеңімпазы.
- Жастар арасындағы қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде елімізде қыздар арасындағы бокстың дамуына қандай баға бересіз?
- Қазір қыздар боксы дамып келе жатыр. Еліміздің бокс федерациясы, спорт комитеті қатты көңіл бөлуде. Әсіресе Жамбыл облысы, Шымкент пен Алматы қалаларында ерекше қызығушылық байқалады. Болашақта аруларымыз осы спорт түрінен талай биіктерді бағындыратынына сенемін.
- Қыздар боксы қай елдерде жақсы дамып келеді? Негізгі қарсыластарыңыз кімдер?
- Қыздар боксы бойынша АҚШ пен Ресей мықты болып тұр қазір. Жалпы Қытай, Үндістан, басқа да Еуропа елдері аруларды жоғары әзірлікпен әкеліп жатыр соңғы кезде. Қай ел болмасын 4 жылда бір рет өтетін жастар арасындағы олимпиадаға өз мықтыларын қатыстырады. Сондықтан еш босаңсуға болмайды. Қыздарымыз оны жақсы түсінеді.
- Аргентинадан жеңіспен оралыңыздар. Сапарларыңыз сәтті болсын!
- Рақмет!