Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Боксшы аруларымыз Силезияда әйелдер арасындағы XIII халықаралық турнирге қатысып жатыр

11 Қыркүйек, 2018

10 мен 15 қыркүйек аралығында Польшаның Гливице қаласында әйелдер мен кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында халықаралық деңгейдегі жарыс басталды

Биылғы жарысқа 21 елдің өкілдері қатысып жатыр. Канада, Чехия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Греция, Мажарстан, Үндістан, Латвия, Литва, Черногория, Норвегия, Польша, Россия, Сенегал, Словения, Швеция, Швейцария, Танзания мен Украинаның спортшылары келген байрақты бәсекеде қазақ боксшылары да бақтарын сынайды.

Ересектер үшін бұл жарыс қараша айында Үндістанда өтетін Әлем біріншілігіне әзірлік десе болады. Қатысып жатқан спортшылар арасында 5 рет әлем чемпионы атанған Мэри Ком (Үндістан) мен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері Анастасия Белякова (Ресей), Әлем чемпионы Дина Жоламан, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкім, 2014 жылғы Азиада жеңімпазы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Жайна Шекербекова бар.

Жарыстың алғашқы күні шаршы алаңға үш жерлесіміз шықты: Жайна Шекербекова (51 келі), Влада Кухта (57 келі) мен Ақерке Бақытжан (69 келі). Жайна Шекербекова жергілікті Милена Згленицкиді ұтса, Влада Кухта (57 келі) сербиялық Елена Зекицты тізе бүктірді. Өкінішке орай, Ақерке Бақтыжан (69 келі) чехиялық Мартине Шморанцоваға есе жіберді.

11 мен 14 қыркүйек аралығындағы кездесулер күніне екі мезгілде өтеді. Астана уақыты бойынша 15:00 және 21:00 басталады. 15 қыркүйек жарыстың соңғы күні жекпе-жектер 21:00 жоспарланған.

Көрсетілім сілтемесі: https://www.youtube.com/channel/UC1WrrnARou7u6Co7FUlamuw/

Наверх