Павлодар мен Шымкент қалаларында А және С топтарына түскен өңірлік командалар өзара бақ сынасты. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы Кубогы жолындағы жарыстың ширек финалдық кездесулері аяқталды
Биылғы жылы бокстан өтіп жатқан жарыстың басты ерекшелігі салмақ дәрежелері оннан сегізге қысқарды. Бұл Халықаралық олимпиада комитеті ұсынып отырған жаңашылдықтарға байланысты болып отыр. Халықаралық олимпиада комитеті бұл өзгертулер жайлы талқылауларды 2017 жылы бастаған болатын. Әйелдер осы уақытқа дейін тек 3 салмақ бойынша былғары қолғап түйістіріп келсе, енді олимпиада ойындарында тағы екі салмақ қосылады деп жоспарланған. Ал ер азаматтарда керісінше 2 салмақ категориясы қысқартылмақ. Осылайша әйелдер 5 салмақта, ал ерлер 8 салмақта рингке шықпақ. Бұл бастамаларды Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадада енгізуі ықтимал. Қазақстан бокс федерациясы бапкерлер кеңесінің шешіміне сәйкес, жаңа ережелер қазірден бастап қолданысқа енгізіледі. Сондықтан 2018 жылғы Конфедерация Кубогы жарысында 49 және 56 келіге дейінгі салмақтар алынып тасталмақ. Жеребе қорытындысы бойынша қазіргі таңда барлық облыстық командалар 4 топқа бөлініп өзара бақ сынаспақ.
А тобы: Алматы облысы, Батыс Қазақстан облысы, Павлодар және Қарағанды облыстары.
В тобы: Астана, Атырау облысы, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан өңірлері.
С тобы: Шымкент, Жамбыл облысы, Қостанай мен Ақтөбе облыстары.
D тобы: Маңғыстау облысы, Алматы қаласы, Қызылорда мен Ақмола облыстары.
А тобынан Қарағанды облысы топ жарса, С тобында Шымкент қаласының боксшылары оқ бойы озып шықты. В және D топтарының ширек финалдық кездесулері осы аптада Қызылжар мен Ақтау қалаларында өтеді. Жартылай финалда бокс, күрес және тхэквондо бойынша жекпе-жектер бір уақытта болады. Финалдық ойындар тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылмақ.