Бокстан Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл дүбірлі сында алтынсыз қалуының себебін түсіндірді деп хабарлайды Olympic.kz.
- Финалда мен жеңілген жоқпын. Тек біздің алдымызда кедергілер көп болды. Әйтпесе, Джакартаға аттанған жеті қазақ боксшысының да дайындығы мықты еді. Бапкерлеріміз бар білгенін үйретіп, айтулы додада алтын алу үшін бар күшімізді салдық. Бірақ бұйырмай кетті.
Менің алдымда Асланбектен алтын сусып кеткен соң, барынша есе қайтаруға тырыстым. Алайда, Азия ойындарының финалына осал қарсылас шықпайтынын да ұмытпау керек. Қарсыласым Мадримовпен Азиадаға дейін екі рет кездескен едім. Өзбекстандағы Азия чемпионатында ұтылдым, Қазақстанда өткен Президент кубогінде жеңдім. Міне, ол 2:1 есебімен алға шықты.
Азия ойындарында еліміздің байрағын көтеріп шыққаным да маған ерекше күш берген болатын. Жауапкершілік одан әрі артып, қазақ елінің жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырыстым.
Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлі талай дүбірлі жарыстар бар. Олимпиада ойындары келе жатыр. Бүкіл әлем көз тіккен сындарда байрағымызды түсірмеу – біздің басты міндетіміз
Ақпарат дереккөзі: http://www.olympic.kz/
Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі