Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Тоқтарбек Саметов: «Конфедерация Кубогы» жарысына жастарды көбірек қатыстыру керек

06 Қыркүйек, 2018

А тобында өзара сайысқа түсетін 4 облыстың спортшылары Павлодарда бас қосып жатыр. Олар Алматы облысы, Батыс Қазақстан облысы, Павлодар және Қарағанды өңірлері. Алматы облысының аға жаттықтырушысы Тоқтарбек Саметов іріктеу жарыстары алдында өз ойымен бөлісті

- Жарысқа қанша боксшы әкелдіңіз?

- Мен 12 бала әкеліп отырмын. Бәрі қаржыландыруға байланысты ғой. 4 салмақта екі баладан, қалған 4 салмақ бойынша бір-бір баладан әкелдім.

- Қай салмақта бір-біреуден әкелдіңіз?

- 69 келі, 75 келі, 91 келі, 91 жоғары салмақта 1 боксшыдан әкелдім. Қалған салмақтарда 2 боксшыдан келіп отыр.

- Қай салмақтағы жігіттерге көбірек үміт артасыз?

- Көбіне жас балаларды әкелдім. Келесі жылға дайындалып жатырмыз қазірден бастап. Екі балам жастар арасында Қазақстан чемпионы. 64 жаман емес менде. Негізгі көшбасшымыз 52 келі салмақтағы Әнуар Мұзафаров.

- Биыл топтық кезеңнен өте аламыз деп ойлайсыз ба?

- Барлығын шаршы алаң көрсетеді. Бұйырғаны болады енді. Жігіттерім аянып қалмайды. Бастысы жарақатсыз өтсе екен деп тілеймін. Үмітсіз шайтан деген ғой бабаларымыз. Ұтамыз деп отырмыз Алла қаласа.

- Қарсыластарды қалай бағалайсыз? Қарағанды облысы, Павлодар мен Батыс Қазақстан облыстарының боксшылары туралы не айтар едіңіз?

- Біздің қарсыластарымыздың ішінде оңай шағылатыны жоқ. Қарағанды облысының бокс мектебі қашанда мықты болған. Атам заманнан бокстың дамыған өлкесі ғой. Түк жоқ дегенде біреуі шығады. Қарағандыда бокс бітті деп жатқанның өзінде біреуі Әлем біріншілігіне барып жатады. Абылайхан Жүсіповты алыңыз мысалы. Соңғы Әлем чемпионатында тамаша өнер көрсетті. Егер осы жолы жастарын алып келсе алдағы жылдары Қарағандының жігіттері жалындайды деп ойлаймын. Ал Павлодар облысы соңғы он жылдан бері боксшыларына күшті жағдай жасап жатыр. Жаттығатын жерлері, тамақтандыру мәселелері толық шешілген. Қонақ үйге дейін салып қойған. Барлық өңірлерде осылай болса керемет қой. Ұлттық құрамамен бірігіп жаттығулар өткізеді. Бұлар қазір бабында деуге болады. Батыс Қазақстан облысында да бокс жақсы дамып жатыр.

- Білікті бапкер ретінде отандық боксшылардың өнер көрсету мәнеріне қандай баға бересіз?

- Қазіргі күні бокста көп өзгерістер болып жатыр ғой. Біздің балалар қашан да техникалық бокс көрсетеді. Мысалы, кейбір қарсыластар екі соққы жасап өздері бір соққы алса, біздің жігіттер бір соққы жасап, өздері мүлде соққы алмауға тырысады. Көбіне техникалық тұрғыдан таза бокстасуға ұмтыламыз. Әрине, отандық бокс мектебінің керемет дәстүрлерін ұмытпаймыз ешқашан. Оны әрі қарай дамытып келеміз.

- Қандай ұсыныс тілегіңіз бар?

- Негізі қазір «Конфедерация Кубогында» 5 салмақ бойынша 23 жасқа дейін, қалған үш салмақта ересектер деп ережесін бекітіп қойған ғой. Менің ойымша осы жарысты толықтай жастар арасында өткізу керек. Ересектер арасында онсыз да турнирлер көп қой. Олар анда-мында шапқылап, бір жарыстан кейін екінші жарысқа дейін тынығып та үлгермей жатады. Болашақта барлық мәселелер өз шешімін табады деп ойлаймын.

Наверх