Халықаралық Олимпиада комитетінің астанасы Лозанна қаласында (Швейцария) Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Ұлттық Олимпиадалық комитеттер Қауымдастығының (ҰОКҚ) және Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабахтың екеуара кездесуі өтті, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Кездесу бүгін басталып, 20 шілдеге дейін созылатын ХОК Атқарушы комитетінің кезекті отырысы аясында өтті.
Екіжақты кездесу барысында Индонезияда бір айдан соң басталатын XVIII Жазғы Азия ойындарына дайындық барысы талқыланды. Т. Құлыбаев аталған кешенді жарысқа дайындалу барысында Қазақстан ҰОК ұсыныстарына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, әңгіме барысында Қазақстан командасы дәстүр бойынша құрлық Ойындарына көп құраммен келетіні айтылды. Биыл 25 олимпиадалық спорт түрі бойынша 416 қазақстандық спортшы Азия ойындарына қатысады деп жоспарлануда.
2015 жылдан бері АОК вице-президенті қызметін атқаратын Т. Құлыбаев Азия аймағын халықаралық спорт аренасында таныту үшін аталған ұйымның үлкен үлес қосатынын айтып өтті. Шейх әл-Сабах өз кезегінде ірі спорттық жарыстарды мінсіз ұйымдастырған Қазақстан тарапын құттықтап, АОК Орталық-Азия аймағының дамуына атсалысып отырған Қазақстан ҰОК-не алғыс айтты.
Т. Құлыбаевтың айтуынша, аймақтағы әріптестікті одан әрі нығайту Қазақстан ҰОК-нің халықаралық қызметіндегі басты бағыттарының бірі болмақ. 2018 жылдың бірінші жартысында Қазақстан ҰОК өзге елдердегі әріптестерімен бірлескен отырыстар және семинарлар өткізіп үлгерді.
Сапар барысында Қазақстан ҰОК президенті «Қазақстан Республикасы дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заңның олимпиадалық комитеттің қызметіне жақсы өзгерістер әкелгенін айтып, елдегі олимпиадалық қозғалысты әрі қарай дамытудағы жоспарларымен бөлісті. ҰОКҚ президенті Т. Құлыбаевтың спортты дамытудағы ұлттық федерациялардың рөлін күшейту туралы бастамасын қолдады. Әл-Сабахтың сөзінше, бұл тәжірибе басқа да ҰОК-терге қызықты болмақ.
Еске сала кетейік, Тимур Құлыбаев Орталық-Азия аймағы бойынша АОК вице-президент қызметін атқарады, сондай-ақ, Ұлттық Олимпиадалық комитеттер Қауымдастығы халықаралық қызметтер бойынша Комиссиясының және Халықаралық Олимпиада комитеті қоғаммен байланыс және Спорт арқылы әлемді дамыту Комиссиясының мүшесі саналады.
Алдағы Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек арасында Джакарта және Палембанг қалаларында өтеді. Аталған сынға олимпиадалық және олимпиадалық емес 40 спорт түрі бойынша құрлықтың 45 мемлекетінен 10 мыңнан аса атлет қатысады деп күтілуде.