Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Нұрлан Ақүрпеков: «WSB финалы БАӘ немесе Қытайда өтуі мүмкін»

15 Маусым, 2018

«Арландардың» қазіргі жағдайын және Дүниежүзілік бокс сериясына дайындығын сұраған едік.

Елордамызда өткен әуесқой бокстан ҚР Президентінің кубогына «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін «Астана арландары» да қатысып, ұлттық құрамамыздың жүлде қорына өзіндік үлестерін қосты. Турнирден кейін команданың бас бапкері Нұрлан Ақүрпековпен сұхбаттасып, «арландардың» қазіргі жағдайын және Дүниежүзілік бокс сериясына дайындығын сұраған едік.

- Нұрлан Сәкенұлы, «Астана арландары» боксшыларының Президент кубогындағы көрсеткіштеріне көңіліңіз толды ма?

- Қазір ұлттық құрамада жүрген жігіттер «Астана арландарында» жүр, сәйкесінше «арландар» ұлттық құраманың намысын қорғауда. Аралас-құралас. Сондықтан, мынау ұлттық құрама боксшысы, ал мынау «Астана арландарындағы» жігіт деп бөлудің қажеті жоқ. Жалпы, Дүниежүізілік бокс сериясының былтырғы маусымында жұдырықтасқан менің толыққанды командам қазір ұлттық құрамамен араласып кетті. Өйткені, WSB финалынан бөлек, боксшыларымызды биыл Азия ойындары да күтіп тұр. Ал Президент кубогындағы көрсеткіштерімізге көңілім толды. Алтын да алдық, күміспен де күптелдік. Қоланы қоржынға салдық.

- Ал WSB финалына дайындық қалай жүріп жатыр?

- Президент кубогынан кейін команданы аз-кем демалыс күтіп тұр. Одан кейін ұлттық құрамамен бірге Түркияға оқу-жаттығу жиынына барамыз. Ол жақтан келген соң кубалықтарға қарсы кездесуге толыққанды дайындықты бастаймыз. Финалға ең үздік боксшыларды шығарамыз.

- Финалдың қашан және қай елде өтетіні әлі белгісіз ғой...

- Иә, әзірге бізге бұл тұрғыда ешқандай ақпарат жеткен жоқ. Дегенмен, естуімше, шілденің ортасына қарай баратын сияқты. Қытай немесе Біріккен Араб әмірліктерінде өтеді деген сыбыс бар.

- Бұған дейін біз бұл жобада үш рет чемпион болған едік. Бірақ үшеуінде де финалды өз жерімізде өткіздік. Ал бұл жолы финалдың бейтарап елде өтетіні біз үшін қаншалықты қиын немесе оңай болмақ?

- Екі команданың да күшті екенін бүкіл әлем мойындайды ғой. Финалдың бейтарап елде өтуі жекпе-жектерді одан сайын қызықты, әрі тартысты етеді деп ойлаймын. WSB басшыларының да көздеп отырғаны осы.

- «Астана арландары» мен «Куба батырлары» Дүниежүзілік бокс сериясында бесінші рет бір-бірімен кездескелі тұр. Қарсыластарыңызды әбден зерттеп алған шығарсыз. Олардың әлеуетіне қандай баға бересіз?

- «Куба батырлары» бұл жобаға бесінші жыл қатысып отыр. Бесеуінде де финалған шығыпты. Екі рет чемпион болған. Осыдан-ақ олардың әлеуеттерін байқай беруге болатын шығар. Командадағы боксшыларының барлығы атақты. Олимпиада жеңімпаздары, әлем чемпиондары. Дегенмен, қай жекпе-жек болсын, бәрінде де бір құрамды шығара береді. Соған қарағанда команданың резерві жоқ сияқты. Біздікі секілді, екінші немесе үшінші құрам оларда жоқ-ау. Осы жағынан мықтырақпыз. Кез-келген боксшының орнын басатын резервтегі жігіттеріміз бар.

- Финалға шығатын құрамды анықтай алдыңыз ба?

- Негізі, ойымда жүрген боксшылар бар. Финалға шығатын жігіттерді анықтап қойғанмын. Дегенмен, алдын-ала тізімді жариялаудың қажеті жоқ-ау. Алда әлі бір ай бар. Соңғы жаттығуларда кім өзін жақсы қырынан көрсетеді, соларды финалға алып кетеміз.

prosports.kz

Наверх