«Astana Arlans» командасының мүшелері аукционнан түскен қаржыны науқас балаларға табыстады. Қайырымдылық аукционының жалпы қоры 7 миллион теңгені құрады.
Айта кетейік, 26 мамыр күні бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) VIII маусымының жартылай финалдық ойыны аяқталды. Әлемдік додада WSB жобасының үш дүркін чемпионы «Astana Arlans» Ұлыбританияның «BritishLionhearts» командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Ойын соңында аукцион өткізіліп, «Astana Arlans» командасының спортшыларының қолғаптары ойнатылды. Аукционнан түскен қаржы 7 миллион теңгені құрады. Бүгін, 29 мамыр күні түскен қаражаттың барлығы науқас балалар еміне жұмсалды.
«Уәде еткендей, Атырау облыстық спорт басқармасымен бірге 2 миллион теңгені көмекке мұқтаж Данло Элерса синдромына, цереброастеникалық синдромына шалдыққан, ДЦП және эпилепсиямен ауратын 4 науқас балаға табыстадық. Қалған 5 миллион теңгені Корея елінде ем алып жатқан Алима Көпейдің еміне жібердік», - дейді «Astana Arlans» командасының PR-менеджері Шыңғыс Түсібаев.
Ауыр диагноз қойылып, шұғыл түрде емге мұқтаж балалар туралы ақпарат қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен алынды.
«Менің қызым сирек кездесетін Данло Элерса синдромымен ауырады. Оның еміне жыл сайын қомақты қаражат кетеді, сол себепті қалалық бөлімнен көмек сұраған болатынмын. Осындай қасиетті айда қолдау көрсеткендеріңізге рахмет. Біз шынымен мұндайды күтпедік», - дейді қала тұрғыны Диляра Гилаева.