Қазақстан құрамасы ресейліктермен тең түсті
18 Ақпан, 2018
Еліміздегі AIBA академиясында бокстан Қазақстан, Өзбекстан және Ресей ұлттық құрамаларының бүгінгі жекпе-жектері аяқталды.
Үш ел құрамаларын қамтып отырған бұл турнир 19 ақпанда мәресіне жетеді деп күтілуде.
Қазақстан бокс федерациясының мәліметіне қарағанда,17 ақпанда түске дейін Қазақстан мен Өзбекстан былғары қолғап шеберлерінің арасында өткен жекпе-жектерде біздің спортшылар айқын басымдықпен жеңді. Бұл кездесу 9:1 есебімен аяқталды. Атап айтқанда, тек 91 келіден жоғары салмақта сынға түскен Нұрлан Сапарбай өзбекстандық Профсор Роримшаға есе жіберіп алды.
Ал түстен кейін Қазақстан мен Ресей командалары арасындағы кездесу өзара тартысқа толы болды. 10 салмақ дәрежесінде ресейліктермен арадағы бұл дода 5:5 есебімен аяқталды. 91 келіден жоғары салмақтағы соңғы жекпе-жектің екінші раундында Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласы Влад Муравинді нокдаунға жіберді. Осы арқылы Қазақстан боксшысы бұл шешуші жекпе-жекте ресейліктермен тең түсу мүмкіндігін іске асырды.