Қазақстандық бокс федерациясы
    «Astana Arlans» жаңа маусымды жеңіспен бастады
    «Astana Arlans» жаңа маусымды жеңіспен бастады
    Бүкіләлемдік бокс сериясының (WBS) сегізінші маусымында бақ сынап жатқан «Астана арландары» алғашқы кездесуін «Indian Tigers» командасына қарсы өткізіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды prosports.kz сайты.
    10 Ақпан 2018

    Жеребе бойынша «Astana Arlans» Азия аймағындағы топта Қытай - «China Dragons», Үндістан және Ресей - «Patriot Boxing Team» құрамаларымен бір топқа түскен болатын.

    Алғашқы кездесуін Қарағанды қаласында өткізген отандастарымыз маусымды сәтті бастап отыр. Осылайша, осы турнирдің үш дүркін чемпионы биыл да баптарында екенін көрсетті. Бірінші болып шаршы алаңға шыққан Теміржанов Серік қарсыласы Дахья Анкушті ұпай санымен ұтты. Қос боксшы 60 келіге дейінгі салмақта белдесті.  Ал екінші жекпе-жекте 69 келі салмақта бокстасқан Құрамысов Бекболат та Үндістаннан келген қарсыласынан басым түсті. Кездесудің үшінші раундында Неги Дуриодхан Сингх қабағынан жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмады. Осы жеңісті жолды шаршы алаңға үшінші, төртінші болып шыққан боксшыларымыз да жалғастыра білді. 81 келіде Жарманов Нұрдәулет қарсыласы Ядав Бриешті жеңді.

    Одан кейін аса ауыр салмақта бокстасқан Аманжолов Нұрсұлтан үндістандық Парвин Кумардан басым түсті. Тек ең соңғы болып алаңға шыққан жеңіл салмақтағы (52kg) боксшымыз Балтабаев Ақниет қонақтардың бір жекпе-жекте жеңіске жетуіне мүмкіндік беріп алды. Бишт Кавиндер Сингх біздің Ақниеттен 2:1 есебімен басым түсті. 

    prosports.kz