Үндістанның Гувахати қаласында бокстан жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионаты өтуде.
Аталмыш бәсекеде еліміздің намысын қорғау үшін 10 боксшымыз аттанған болатын. Қазақстан бокс федерациясы таратқан мәліметке сәйкес, алдын ала жекпе-жектерде жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған Надежда Рябец америкалық Читлали Ортизге есе жіберіп қойды. Сондай-ақ Маржан Есекен де поляк қарсыласы Патриции Борыстан ұтылып қалды. Дегенмен ширек финалға 8 отандасымыз шығып отыр. Жазира Орақбаева (48 келі), Жансая Әбдірайымова (51 келі), Лаура Есенкелді (54 келі), Сандуғаш Әбілхан (57 келі) және Жансая Балтабекова (60 келі) әлем чемпионатында бірнеше кездесу өткізіп, жеңіс тұғырынан көріне білді. Ал Салтанат Естаева (75 келі), Арайлым Бекділдә (81 келі) және Дина Исламбекова жарыс жолдарын бүгін ширек финалдан бастайтын болады. Әлем чемпионатының финалдық кездесулері 26 қарашада өтеді.
Айта кетерлігі, әлем чемпионатына 38 елдің 186 боксшы қызы қатысуда. Ширек финалға Үндістан мен Ресейден 9-дан боксшы шықты. Ал АҚШ-тың 6, Польшаның 4 қызы жарыс жолында. Қытай, Германия, Түркия және Украинадан 4 қыздан ширек финалға жолдама алды. Ирландия мен Италиядан үш спортшыдан шаршы алаңдағы кездеулерін жалғастырады.
khabar.kz