Чемпионат аяқталды. Мықтылар іріктелді. Жаңа чемпиондар белгілі болды. Қазақстан боксындағы тағы бір жаңалық, АІВА тарапынан біздің қазылардың жұмысына баға беретін, қажет десе қабылданған шешімді бұзуға құзіреті бар «үш жұлдызды» қос төреші келді.
Ел ішілік біріншілікке азаннан салсаң төске озған Қайрат Ералиев пен Василий Левит бастаған қасқа мен жайсаң қатысқан жоқ. Әлем чемпионы, Азиядағы барлық атақты бір бойына жинап алған, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында шетел сарапшылары таңдай қағып жоғары баға берген Жәнібек Әлімханұлы неге өндірдей жас боксшыға жеңіліп қалды?
Алда Азия халықтары арасындағы Олимпия ойындарына баланатын Азия ойындары бар. Осы чемпионатта олжа салғандар құрамадан ойып тұрып орын ала ма?! Бұл біздің ғана емес жанкүйерлердің де сауалы. Бас бапкер Мырзағали Айтжановқа осы сұрақтарды қойдық.
– Ерлер арасындағы чемпионат өте жоғары деңгейде өтті, – дейді Мырзағали Құланұлы. – Барлық облыстар жақсы дайындықпен келген. Тіпті, боксшылары жүлделі орынға ілікпеген облыстарда да алға қарай талпыну барын жарыс барысында байқадым.
- Рас, әлем чемпионатына қатысқан 6 бірдей мықты боксшымыз ел ішілік біріншілікке қатысқан жоқ. Бұл мен ғана қабылдаған шешім емес дәрігерлердің есеп беруімен осылай болды. Әлем чемпионатына қатысудан бөлек іріктеу кезеңі бар. Жолдама алу үшін жан алып, жан берісетін айқасқа түсесің. Одан кейін әлем чемпионатында жүлдеге жету үшін 4-5 жекпе-жек өткізуге тура келеді. Ол айта салғанға ғана оңай.
Мысалы, Василий Левиттің әлем чемпионаты кезінде қолы сынды. Абылайхан Жүсіповтің қолында жарықшақ бар. Қайрат Ералиев пен Жомарт Ержанның денсаулығында кінәрат болса да, шаршы алаңға шықты. Кейін ота жасалды. Қамшыбек Қоңқабаевтың омыртқасында жарық бар, белін ала алмай қиналды. Осының бәрі тынымсыз жаттығу, шектен тыс ағзаға күш салудың салдары. Жігіттер қазақ елінің намысы үшін шаршы алаңда барын салып, енді алған жарақаттарын емдеп жатыр. Сондықтан оларды кінәламас бұрын ақиқатты біліп алу керек. Әлем чемпионаты мен ел біріншілігінің арасы әрі кетсе екі ай. Осы мерзімде сынған қол, омыртқа жарығы орнына келмейді. Дәрігерлердің шешімімен толық емделуге рұқсат бердік.
– Бірақ бұл олардың құрамадағы орны сақталып қалады дегенді білдірмейтін шығар. Мәселен, Асланбек Шымбергенов 69 кило салмақта ел чемпионы болды. Ең үздік боксшы атанды. Бұл салмақта Абылайхан Жүсіпов бар. Қанағат Маралов та есем кетті деп еңсесі түспейтіндігі айқын. Рио Олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусінов те белін бекем буып отыр. Бұл бір салмақтағы ғана жағдай.
– Дұрыс байқағансыз. Құдайға шүкір деп айтайық, қазір құрамада бір-бірінің орнын ауыстыра алатын, шеберлік деңгейі қарайлас 3-4 боксшыдан бар. 81 кило салмақтағы Әділбек Ниязымбетов әлемдегі ең мықты боксшылардың бірі. Дүниежүзіндегі күштілер Әділбекпен санасады. Осы чемпионатта Әділбек шаппай бәйге алды деп айта алмаймын. Жартылай финалда өрімдей жас Бек Нұрмағамбетов даңқты боксшыға лайықты ұрыс салды. Әділбек шеберлігінің арқасында жеңіске жетті. Тап осы салмақта 1998 жылы дүниеге келген Бекзат Нұрдәулетов пен Михаил Коханчик маған жақсы әсер қалдырды. Айтқандай, үшеуі де құрдас. Осы жастар енді бір-екі жылда Ниязымбетовпен терезесі тең өнер көрсететін болады.
– 60 кило салмақта Закир Сафиуллин мен Берік Әбдірахманов ақтық сынға шығып, Берік жеңіске жетті. Екеуі де отыздан асты...
– Түсіндім. Халықаралық тәртіп бойынша боксшы күш-қуаты жетіп тұрса 40 жасқа дейін шаршы алаңда болады. Берік пен Закирдің отыздан асса да бәрінен мықты болуы жақсы дайындықтарында, асқан шеберліктерінде. Жасы отыздан асты деп оларды құрамадан шеттете алмаймыз. Жастар осыларға қарап бой түзеуі керек. Дегенмен, жастардың жаңа шоғыры көрініп келеді. Атап айтсақ, Бек Нұрмағамбетов, Бекзат Нұрдәулетов, Санатәлі Төлтаев, Айқынбай Шалқар, Айболды Дәуренұлы, Төлеш Абай бастаған жас, талантты боксшылар жетіліп қалды. Осы жас жігіттердің алды Олимпия ойындарына қатысып, жүлде аларына өз басым сенемін. Бірақ, жақсы дайындық, темірдей тәртіп керек. Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының 19 жастағы Михаил Коханчиктен жеңіліп қалуы оның осалдығынан емес. Шынын айтқанда, Жәнібек бокстасқан жоқ. Басқа бір есебі, себептер болды. Керек болып жатса, толық анықталғаннан кейін айтармыз.
– Шымкенттегі чемпионат құрамадағы орынды шегелеп бермейтіндігін аңғартты. Алда Азия ойындары. Құрама мүшелері қашан айқындалады?
– Әр салмақта 4 мықты боксшыдан есептегенде 40 боксшыға таңдау түседі. Қаңтар, ақпан айларында ірі халықаралық жарыстар бар. Осы жарыстарға кезек-кезегімен жібереміз. Шілдеде Қазақстан Президентінің Кубогі жалауын көтереді. Осы жарыстан соң әр салмақтағы жігіттердің табысын есептеп отырып, бапкерлер кеңесі шешім қабылдайды. Бірінші нөмерлер бекітіледі. Азия ойындарына жіберіледі. Бізде біреудің өзі жақсы, біреудің сөзі жақсы жоқ, таңдау тек мықтыға түседі.
– Ел чемпионатында төрешілер әрі-сәрі қылды. Тепе-тең өткен айқаста шешім өзгеріп, жеңімпаздар ауыстырылды. Бұл боксшыларға ғана емес, жанкүйерлерге де ауыр тиді.
– Иә, рас, төрешілердің жұмысына өз басым қанағаттанған жоқпын. Көбі жас, тәжірибелері жетіңкіремейді. Боксшы әділ бағасын алу керек. Алақолдылықтың, келісіп баға берудің заманы өтті. Қазақстан Бокс федерациясы осы бағытта жақсы жұмыстар жасап жатыр. АІВА-дан әділқазылар шақыртылды. Оның сыртында төрешілердің тазалығын Бокс федерациясы президентінің қос бірдей вице-президенті, бапкерлер кеңесі бақылай алады. Соңғы жылдары Қазақстан боксы әлемдік додаларда жаңа биіктерге көтеріле бастады. Спортшыларға барлық жағдай жасалған. Осы үшін Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа құрметіміз шексіз. Біздің мақсат – Қазақстан боксының биігінен аласармау, жаңа табыстарға жетіп, еліміздің даңқын асыру. Осы жолда жұмыс жасаймыз.
egemen.kz