Хошиминде өткен әйелдер арасындағы құрлық біріншілігінде Қазақстан арулары алты жүлде жеңіп алды – бір алтын, бір күміс, төрт қола.
Вьетнамның бас қаласында өткен әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы толық құрамда қатысқан болатын. Яғни былғары қолғапты аруларымыз 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жалпы, биылғы құрлық біріншілігіне 22 мемлекеттен 118 боксшы қыз қатысыпты.
Әуелі Азия чемпионатында ел намысын қорғаған аруларымызды толықтай атап өтейік: 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дариға Шәкімова (75 келі), екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (51 келі), әлем чемпиондары Дина Жоламан (54 келі), Валентина Хальзова (69 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+ 81 келі), сондай-ақ Алуа Балқыбекова (49 келі), Назым Ишанова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Мадина Нұршаева (64 кг) және Мөлдір Базарбаева (81 келі).
Өкінішке қарай, Олимпиада ойындарында жүлдеге ілігіп, әлем чемпионаттарында топ жарып жүрген қыздарымыз Хошимин шаршы алаңында саф алтынға қол жеткізе алмады. Жалпы, Азияда бокстан чемпион атану оңай емес. Басқадай себептері болды ма, әйтеуір көпшілікке танымал, тәжірибелі қыздарымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алмады. Десек те, Вадим Присяжнюктің шәкірттері бос қайтқан жоқ. Намысты қолдан бермей, бір алтын олжалап қайтты.
Жалғыз алтынды 64 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Мадина Нұршаева еншілеп, 2017 жылғы Азия чемпионы атанды. Ол финалда Қытай қызы Доу Даннан басым түсті (3:2). Бұл – Мадинаның құрлық біріншілігіндегі алғашқы жүлдесі. Негізі, финалға тағы бір қызымыз шыққан. Алайда 69 келідегі Валентина Хальзова шешуші жекпе-жекте Қытай боксшысы Гу Хонгтан ұтылып қалды (1:4). Былтыр Астанада өткен әлем чемпионатының жеңімпазына, яғни Валентинаға бұйырғаны күміс болды. Төрт қызымыз қола жүлдені қанағат тұтты. Яғни төртеуі де жартылай финалда жеңілістің кермек дәмін татты. Олар – Назым Қызайбай (51 келі), Дариға Шәкімова (75 келі), Мөлдір Базарбаева (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+ 81 келі).
Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдың жолын КХДР қызы Пенг Чол Ми кесті. Есеп – 2:3. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова Қытай боксшысы Ли Куианға есе жіберіп алды. 2015 жылғы Азия чемпионатының финалында дәл осы қарсыласын жеңген еді... 2015 жылғы Азия чемпионатының жүлдегері Мөлдір Базарбаева да Қытай қызынан аса алмады. Төрешілер шешімі екі айырылып, Янг Ксияолидің бағы жанды (2:3). 2016 жылғы әлем чемпионы Ләззат Күнгейбаева шаршы алаң иесі, Вьетнам аруы Ни Траннан ұтылды (2:3).
Финалдық жекпе-жектер қорытындысына қысқаша тоқталар болсақ, Хошимин шаршы алаңында Қытай қыздарының бақтары жанды. Олардың төртеуі Азия чемпионы атанды. Қалған алты алтын Қазақстан, Өзбекстан, Корея, Үндістан, Тайпей және Вьетнам аруларына бұйырды.
Қазақстан қыздарының алты жүлдесі:
Алтын – Мадина Нұршаева (64 келі);
Күміс – Валентина Хальзова (69 келі);
Қола – Назым Қызайбай (51 келі), Дариға Шәкімова (75 келі), Мөлдір Базарбаева (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+ 81 келі).
Маруан Түсіп