Өзі тұңғыш рет қатысқан әлем чемпионатында тараздық Әбілхан Аманқұл күміс жүлде жеңіп алды. Ол финалда украиналық Олександр Хижняктан төрешілердің ортақ шешімімен жеңілді.
Гамбург шаршы алаңында Ә.Аманқұл мынадай нәтиже көрсетті:
Бірінші кезең. Кемпбелл Самервилл (Австралия) — 5:0
Екінші кезең. Силвио Ширле (Германия) — 5:0
Ширек финал. Арлен Лопес (Куба) — 3:2
Жартылай финал. Кәмран Шаһсуварлы (Әзербайжан) — 4:1
Финал. Олександр Хижняк (Украина) — 0:5
Қалай дегенде де биыл Әбілханның жылы болып тұр. 2016 жылдың қараша айында Қазақстан чемпионатында топ жарған соң, ол ұлттық құрамаға қабылданды. 2017 жылдың мамыр айында Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Одан кейін «Астана арландары» сапында Бүкіләлемдің бокс сериясының (WSB) жеңімпазы атанды. Енді, міне, әлем чемпионатын күміс жүлдемен қорытындылап отыр. Бір жыл бұрын ғана есімі көпке беймәлім боксшы енді қазақ боксының болашағы саналып тұр.