Санаулы күндерден кейін Алманияның Гамбург қаласында бокстан әлем чемпионаты 19-ші рет жалау көтереді.
Дүние жүзінің дүлдүлдері жұдырық түйістіретін бұл додаға қазақ боксшыларының да тас-түйін дайындықпен барары сөзсіз. Алдымызға қойған мақсат бір басқа, әлемде үздік үштіктің ішіндеміз деген атымыз бар, бізге ең алдымен абырой қымбат. Мұның алдындағы Дохада өткен додада жіберген есеміз бар, биылғы Азия біріншілігіндегі «әттегенайлардың» бәрін жиып-теріп, есесін қайтаруға қайрат қылар кез енді келген сыңайлы.
Есте болар, 2015 жылы Катардың астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында біздің боксшыларға алтын медаль бұйырмаған еді. «Қазақ салмағы» – 69 килода Данияр Елеусінов финалда марокколық Мохамед Рабиден жеңіліп, күміс жүлдені місе тұтқан. Тағы бір боксшымыз – ауыр салмақтағы Иван Дычко да «алтын» үшін болған айқаста француз Тони Йокаға есе жіберген-ді. Ал, күні кешегі Ташкентте өткен Азия чемпионатында жалғыз ғана алтын жүлдемен көңіл жұбаттық. Василий Левит болмаса, қасықтап жиған абыройымыздың шелектеп төгілері де рас еді. Сарықұрлықтың сол додасында Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Ерік Әлжанов (81 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) – күміс, ал Бекдәулет Ибрагимов (64 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг) және Азамат Исақұлов (52 кг) қола медаль иегерлері атанған болатын. Әлемдік дода алдында Ұлттық құраманың жаттықтырушылары сөзге сараң, ашылып сыр айта бермейді. Ұжымның алдында зор міндет, үлкен жауапкершілік тұрғаны айтпаса да белгілі. Тек, құрамадағы жаттықтырушының бірі Азамат Мұқажанов биылғы чемпионаттан толық медаль жиынтығын әкелу жоспарда бар екенін айтып қалды. Бұл дегеніңіз – алтын, күміс және қола медаль ғой...
Сонымен, Гамбургте 25 тамыз бен 3 қыркүйек арасында өтетін әлем чемпионатына Қазақстан командасы мына құрамда өнер көрсетеді: Ержан Жомарт (49 кг), Азамат Исақұлов (52 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг), Әділет Құрметов (60 кг), Бекдәулет Ибрагимов (64 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Ерік Әлжанов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг). Бұл боксшылардың бәрі де әлем чемпионатына жолдаманы Ташкенттегі Азия біріншілігінде маңдай терін төгіп алды. Сондықтан да, бұл жерде «анау неге бармады, мынау неге барды» дейтіндей әңгіме болмауға тиіс. Әлбетте, боксшыларды бөле-жаратындай ой бізде жоқ. Бәріне де бірдей тілекшіміз. Дегенмен, біз «қазақ салмағы» – 69 кило салмақ дәрежесіне «шүйілуден» бұл жолы да айналып өте алмаймыз. Ел намысын бұл салмақта қорғайтын жиырма жастағы Абылайхан Жүсіпов туралы аз-кем айта кеткенді жөн санасақ, бұл ниетті бокссүйер қауым да түсіністікпен қабылдайды деген сенімдеміз. Ересектер арасындағы додаға ерте араласқан Абылайхан Жүсіпов қазір әжептәуір тәжірибе жинақтап алды. Рио-2016 Олимпиадасына қатысып, Азия чемпионатында айқасқа түсті. Бірнеше халықаралық турнирлерде бақ сынап, сүйегі қатқан сақа жігіттермен терезесі тең өнер көрсетті. Жүсіповке жетпегені осы тәжірибе еді, енді мұның да толысқан түрі бар сыңайлы. Мамандар талантты боксшының бойындағы кемшін тұстың бірі кәдімгі қара күштің аздығы деп сын айтып жүргені белгілі.
Ал Абылайдың өзі болса, дәл қазіргі уақытта бұл мәселе түйінінің толықтай шешілгенін, физикалық даярлығының техникалық шеберлігімен қатар өскенін алға тартады. Әлбетте мұның шындыққа қаншалықты жанасатынын Гамбург рингі көрсетері анық. Олимпиада чемпионы, біздегі 69 кило салмақты ұзақ уақыт «билеп-төстеп» келген Данияр Елеусіновтің әуесқой боксқа қайта оралуы құрамадағы жаттықтырушылар штабының мазасын алары сөзсіз. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов газетімізге берген бір сұхбатында Данияр Елеусінов келді екен деп Абылайхан Жүсіповтің салмақ ауыстырмайтынын айтқан болатын. «Абылайханның қазіргі салмағы 70 кило. Ал 64 килоға дейін салмақ қуу дұрыс емес деп есептеймін, – деген болатын Айтжанов. – Жалпы, 69 килода бәсеке дегеніңіз қызып-ақ тұр. Мұнда Данияр мен Абылайханнан басқа Асланбек Шымбергенов, Садриддин Ахмедов, Илья Очкин және басқа да мықты боксшылардың бар екенін ұмытпау керек. Бұл салмақта кімнің бірінші нөмір болатыны әлем чемпионатынан кейін шешілетін болады. Қыркүйекте облыс құрама командалары арасында Конфедерация кубогы жолындағы жарыс басталып, ол желтоқсанда мәреге жетеді.
Сонымен қатар, қараша айында Қазақстан чемпионаты өтеді. Міне, осы жарыстардан кейін Ұлттық құрамадағы бірінші нөмірдің кім екендігі анықталады...». Әрине, әйгілі 69 кило салмақта өзінің үстемдігін ұстап тұру Абылайхан Жүсіпов үшін оңайға соқтпайтыны белгілі. Алдында алынбас қамалдай болып Олимпиада чемпионы тұр, соңында дүбірі жер жарып жас бөрілер келеді. Бұл өз алдына, ал сырттағы «Әп бәлем, сені ме?!», деген азулы қарсыластар қаншама десеңізші?! Гамбургтегі әлемдік додада Абылайханды Еуропаның биылғы чемпионы неміс Аббас Барау, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері өзбек Шахрам Гиясев, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері ағылшын Пэт Маккормэк күтіп тұр. Десе де, біздің жігіт өзіне сенімді сияқты. «Германияға мен жалғыз мақсатпен – алтын медаль алу үшін барамын», дейді. Қалай болған күнде де, Алманиядағы әлем чемпионаты Абылайхан Жүсіпов сынды дарынды боксшының спорттық карьерасындағы тағдыршешті турнир болғалы тұр. Топты жарып шығар болса, Токиоға – 2020 жылғы Олимпиадаға апарар тура жолдың қақпасы айқара ашылайын деп тұр-ау. «Бәсекеден қорқатын мен емес!», дейді Абылайхан. Жөн, бәсекенің болғаны жақсы. Әр салмаққа дәл осы 69 килодағыдай әйдік бәсеке тілегіміз келеді. Біздің спорттың, оның ішінде боксымыздың көсегесін көгертсе – осы бәсеке көгертеді!
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»