Қазақстандық бокс федерациясы
    Қанат Ислам ұпай айырмасымен жеңіске жетті
    Қанат Ислам ұпай айырмасымен жеңіске жетті
    Ол кәсіпқой бокстағы 24-ші жеңісіне қол жеткізді.
    28 Мамыр 2017

     

    Қанат Ислам ұпай айырмасымен жеңіске жетті, ол кәсіпқой бокстағы 24-ші жеңісіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Осылайша отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental титулдарын жеңіп алды.

    АҚШ-тың Бока Ратон қаласында өткен жекпе-жектің бірінші раундында отандасымыз басымдығын көрсеткен. Алайда Норберто Гонсалес қарымта соққы жасай бастап, осал қарсылас емес екенін сездірді. Тіпті денесіне жасаған соққылары дарып жатты. Бірақ Қанат Ислам сенімді жұдырықтасты.

    Ал төртінші раундта Қанат Ислам бірнеше соққысын дарытып, мексикалықты әлсіретіп тастады. Қарсыласы қазақстандықтың үдеткен соққысына әлсіз жауап қана қайтарып жүрді.

    Бесінші раундта Гонсалестің қабағы жарылып, жағдайы нашарлап кетті. Ал осыдан кейін қазақстандық боксшы 12 раундттың қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылды.

    Айта кетейік, Қанат Ислам 24 жекпе-жекте 24-ші жеңісіне қол жеткізді, оның 19-ы мерзімінен бұрын аяқталған. Ал Норберто Гонсалес кәсіпқой бокста 9-шы рет жеңіліс тауып отыр. Оның активінде 23 жеңіс бар, оның 13-і уақытынан бұрын аяқталған.

    Гонсалес Исламнан төрт жасқа үлкен, ол кәсіпқой боксқа да бес жыл бұрын келген: Қанат Ислам 2012 жылдың қыркүйегінде кәсіпқой боксқа келсе, Гонсалес 2007 жылдан бері жұдырықтасып жүр.


    kaz.vesti.kz/