Бұл сұрақтау жауабын Қазақстан құрамасының бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Vesti.kz тілшсіне не үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетовтың Ташкентте өтетін Азия чемпионатына қатыспайтынын түсіндіріп берді.
"81 келі салмақтағы біздің екі лидеріміз - Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетов те емделіп жатыр. Сондықтан да біз 75 келіде өнер көрсететін Ерік Әлжановты 81 келіге ауыстырдық. Ол өте тәжірибелі боксшы. Ерікке үлкен сенім артып отырмыз. 75 келіде өнер көрсетіп жүргеніне біраз уақыт болды. Бірақ салмағы шамалы ауырлау еді. Дегенмен де 81 келіге оның салмағы шамалы жетпейді. Шамамен 79-80 келі тартатын шығар. Ол бұрыннан бері Ұлттық құрамаға мүше боксшылардың қатарында. Сол үшін де оған мүмкіндік беріп отырмыз", - дейді Айтжанов.
- Ал 64 келіге таңдауыңыз неге Бекдәулет Ибрагимовке түсті?
Өйткені, ол Қазақстан чемпионы. Сонымен қатар біз 52 және 60 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы атанған боксшылардың алып отырмыз. Ал Қазақстанның басқа чемпиондары "Астана арландары" сапында өнер көрсетіп жатыр. Оларды да маңызды кездесулер күтіп тұр. Ширек финал, финал дегендей. Негізі біз "арландардан" бірнеше боксшыларды алғымыз келген. Бірақ "Астана арландарына" да жеңіс керек. Сол үшін осындай шешім қабылдадық.