Тайланд елінің астанасы Бангкокта өтіп жатқан «Thailand Invitation International Boxing Tournament 2017» халықаралық турнирінде 69 келіге дейінгі салмақта Садриддин Ахмедов финалға шықты.
Ол алтын медаль үшін өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен жұдырықтасатын болады.
Тайланд төріндегі жарысқа Қазақстан атынан 7 боксшы аттанған болатын. Оның үшеуі жартылай финалға шыққан-ды. Бүгін өткен жартылай финалдағы жекпе-жектерде 52 келіге дейінгі салмақта Азат Махметов кубалық Залдивар Сантистеба Франкқа жол беріп алды. Қабағынан жарақат алған отандасымыз жекпе-жекті соңына дейін жалғастыра алмады. 75 келіге дейінгі салмақта Ерік Әлжанов та «Бостандық аралының» боксшысы Иглесиас Эстрада Ослейге ұтылды. Нәтижесінде екі боксшымыз қола жүлдені қанағат тұтты.
69 келіге дейінгі салмақта Садриддин Ахмедов финалға шықты. Отандасымыз жартылай финалда филиппин боксшысы Жоэль Бахоны жеңді. Финалда өзбек боксшысы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Шахрам Гиясовпен жұдырықтасады.
Шахрам Гиясов – Өзбекстан құрамасы сапындағы тәжірибелі боксшылардың бірі. Естеріңізде болса, өзбек боксшысы Рио Олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновтен жеңілген болатын. Ал ақпан айында Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында Шахрамды Талдықорғанда Асланбек Шымбергенов те ұтқан еді.
Тайландтағы жарысқа ұлттық құрама жаттықтырушылары жас боксшылардың қатысатынын хабарлаған болатын. Ал негізгі құрам сәуір айының соңында Ташкентте басталатын Азия чемпионатына дайындығын пысықтауда. Ал Өзбекстан құрамасы бұл жарысқа негізгі құрамда (Хасанбой Дусматов, Шахобиддин Зоиров, Муроджон Ахмадалиев, Елнұр Әбдірайымов, Исраил Мадримов, Шахрам Гиясов) қатысуда.