Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Бақтияр Артаев: «Азия чемпионатында 2-3 алтын аламыз деген ойдамын»

08 Сәуір, 2017

Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев Zakon.kz сайтына жаңартылған Ұлттық құрамадан алдағы ірі жарыстарда қандай нәтиже күтетінін айтып берді. 

- Бұл сұрақты сізге жиі қоятын шығар, бірақ мен тағы бір рет сұрайын - қазақстандық боксшылардың Риодағы өнерін қалай бағалайсыз?

 

- Әрине, жанкүйер ретінде қазақстандық боксшыларға қолдау көрсеттім. Менің ойымша, Бразилияда жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өкінішке қарай, төрешілердің кесірінен Василий Левит алтын жүлдесінен айырылды. Сондай-ақ, Олжас Саттыбаев пен Қайрат Ералиев те жеңіске жеткен болатын. Жалпы, біздің боксшылар ел намысын абыроймен қорғады. Төрешілердің қателіктері болмаса, бұдан да жақсы нәтиже көрсетер едік.

 

- Олимпиадан кейін Ұлтық құрама өзгерді. Жаңа команда жайлы не айта аласыз?

 

- Қазіргі құрамның жетекші боксшыларында тәжірибе мол. Кейбіреуі екінші нөмірлі боксшылар болғанымен халықаралық турнирлерде жиі өнер көрсеткен. «Астана Арланс» сапында жұдырықтасқан боксшылар да бар. Қазіргі жастар Данияр Елеусінов пен Иван Дычконы алмастыра алады деген ойдамын. Мәселен, аса ауыр салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қонқабаев былтыр «Астана Арланс» сапында өзін жақсы қырынан көрсетті. Олжас Букаев те ел чемпионатын жеңіп, өзінің мықтылығын дәлелдеді. Біржан Жақыпов кеткенімен оның орнына Теміртас Жүсіпов келді. Ал 81 келі салмақ дәрежесінде бәсекелестік тіпті жоғары. Онда Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсетеді. Екеуіде тәжірибелі әрі мықты боксшылар. Олардың жекпе-жегін тамашалау қызық болмақ.

 

- Ұлттық құраманың жаңа капитаны болып Әділбек Ниязымбетов тағайындалды. Әділетті шешім бе?

 

- Бұл бапкерлік құрамның шешімі. Менің ойымша, бұл дұрыс таңдау. Әділбек көп жылдар бойы жақсы жұдырықтасып келеді. Екі Олимпиадада күміс жүлде алу - бұл үлкен жетістік.

 

- Жаңа құрам үшін нағыз сынақ алдағы Азия мен әлем чемпионаты болмақ...

 

- Қазіргі құраммен де жоғары орындарға тартыса аламыз. Біз әлі де әуесқой бокста жетекші елдердің біріміз. Бұрынғы көшбасшы спортшыларымыздың орнын мықты боксшылар басты. Алдағы әлем чемпионатында екі алтын медаль аламыз деген ойдамын.

 

- Ал Азия чемпионатында ше?

 

- Екі-үш «алтын» аламыз. Қазіргі команда мықты және әр жарыста жеңіске жете алады.

 

Zakon.kz

 

Наверх