Токиада өтетін келесі Олимпиада ойындарында тек "қола" жүлдені ғана емес, "күміс" пен "алтынды" да молынан жеңеміз дейді бұрынғы боксшы қызымыз.
Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қола, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Марина Вольнованың қолғабын шегеге ілгеніне біраз уақыт өтті. Үлкен спортпен қош айтысса да, жаңалықтарын жібермей, қадағалап отырады.
Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қандай нәтиже көрсететінін болжап көрді.
- Құрамадағы қыздармен араласып, хал-жағдайымызды білісіп тұрамыз. Қайсысы қандай жарысқа барып нешінші орын алғандарын айтып жүреді. Білмеген, естімеген жаңалығымды Қазақстан бокс федерациясының ресми сайтынан оқимын.
Қазақстан әйелдер боксы әлемде алдыңғы қатарда деп ойлаймын. Дариға Шәкімова Риода өткен Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп, өзін жақсы қырынан көрсете алды. Олимпиада шыңына көтерілу үшін қандай қиындықтан өту керектігін білемін, өйткені өз басымнан осындай жағдай өткен. Біздің құрама жаңа олимпиадалық кезеңнің енді ғана басталғанына қарамастан алғашқы жеңістеріне жетіп үлгерді. Сербия елінде өткен халықаралық жарыста қыздарымыз жалпыкомандалық есепте көш басына шықты.
Менің ойымша, біздегі қыздар боксы жақсы қарқынмен дамып келеді. Қолына қолғап киген ару қыздарымыздың жаңа лебінің болашағынан зор үміт күтуге болады. Токиада өтетін келесі Олимпиада ойындарында тек "қола" жүлдені ғана емес, "күміс" пен "алтынды" да молынан жеңеміз деп ойлаймын.
Егер де соңғы екі жаһандық ойындарда қыздарымыз тек екі салмақ дәрежесінде бақ сынаса, алдағы олимпиададан бастап бес салмақта жүлдені сарапқа салады. Токиадағы Олимпиада ойындарында біздің құрама барлық салмақ санатында үздік үштіктің қатарынан көрінеді, - дейді Марина Вольнова Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.