Сәттібаев ұлттық құрамадан кетпейтінін мәлімдеді.
Қазақстандық боксшы Олжас Сәттібаев Vesti.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында жанкүйерлер көкейінде жүрген кей сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ ұлттық құрамадан кеткені туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын да айта кетті.
- Олжас осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық құрамадан кеткенің туралы жазылды. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
- Бұл ақпараттарды шындыққа теңей алмаймын. Ұлттық құрамадан кеткен жоқпын. Рас, Олимпиададан кейін тынықтым. Жаттықтырушыларыммен кеңесе келе Қазақстан чемпионатына қатыспадым. Отбасыма көңіл бөлдім. Қазір "Astana Arlans" сапына қайта оралып, болашаққа зор жоспарлар қойып отырмын. Осы команда сапында бар өнерімді жақсы жағынан көрсетемін деген сенімдемін. Ал ұлттық құрамадан кету туралы айтпағанмын.
- Қазір кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген, біржола бет бұрып жатқан боксшыларымыз жетерлік. Бәлкім, алдағы уақытта кәсіпқой боксқа ауысу жоспарыңда бар ма?
- Кәсіпқой боксқа ауысу ойда бар. Қазір көп боксшыларымыз осы жолды таңдап жатыр. "Astana Arlans" сапында болған Мадияр Әшкеев, Асхат Уалиханов, Мейірім Нұрсұлтанов барлығы қазір Майамиде, Лос-Анджелесте жаттығып, алғашқы қадамдарын жасауда. Олармен хабарласып, кәсіпқой бокстың қыр-сырын сұрап тұрамын. Шақырады да. Болашақта көреміз. Еліміздің намысы үшін неге жұдырытаспасқа?!
- Ұлттық құрама сапында Олимпиада ойындарына қатысу көп жылдан бергі арманың еді. Риода ел намысын қорғадың. Жанкүйерлер әзірбайжандық боксшыға қарсы жекпе-жекте сені жеңілді деп санамайды. Өзің бұл туралы не айтасың?
- Әрине, Олимпиада ойындары балалық шақтан бергі арманым еді. Әкемнің де арманы болатын. Боксқа жетектеп әкелген – әкем. Теледидардан боксшыларымыздың жекпе-жектерін көрсететін. Содан Олимпиадаға қатысамын деп мақсат қойдым. Ол мақсатыма жеттім де. Ол сезімді де сездім. Әрине, бұл – спорт. Сәтсіздіктер болады. Риода кімнің жеңгенін, кімнің жеңілгенін жанкүйерлер көрді. Осыған дейін Олимпиадаға бару мақсатым болып келсе, енді медаль алу үшін барамын. Денсаулық болса, уақыт көрсетер.
- Қазақта "әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер" деген мақал бар. Жұбайыңыз да боксшы екен. Болашақта ұл-қыздарыңыздың да бокспен шұғылданғанын қалайсыз ба?
- Жұбайым бокстан Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Қазір біз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Найла есімді қызым 5-те, ұлым Дінмұхамед 4 жаста. Үшінші перзентімнің есімі – Кәусар. Балаларым спортпен шұғылданса қарсы болмаймын. Қазірдің өзінде бойларынан спортқа бейімдігін байқаймын. Қызымызды гимнастика үйірмесіне бердік. Бокста көрдік, енді гимнастикадан да қазақтың қызы абыройымызды асырса дейміз.
- Капитан болу (Олжас – "Astana Arlans" капитаны) қосымша жауапкершілік те жүктейді. Командаластарыңызды қалай рухтандырасыз?
- Командада тәжірибелі боксшылар жетерлік. Әрине, капитан болу ойламаған жерден ұсынылды. Ол үшін қуаныштымын. Үлкен жауапкершілікті жүктейді. Барлығының да жеңіске деген жігері жоғары. Жігіттерге сенемін. Ең бірінші тәртіпке бас июге шақырамын. "Тәртіпке бас иген құл болмайды" - дейді ғой Бауыржан атамыз. Бірінші тәртіпке бас исе, одан кейін жеңіс те, жетістік те болады деп ойлаймын.
Айта кетейік, Олжас Сәттібаев 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысты. 2015 жылғы Азия чемпионы. Бүкіләлемдік бокс сериясының V маусымында (2015) "арландардың" құрамында чемпион атанған.