WSB жобасы: Жетінші маусымда жаңалықтар көп
25 Қаңтар, 2017
Жобаның жетінші маусымына 12 команда қатысады.
Ақпанның 4-і күні Бүкіләлемдік бокс сериясының VII маусымы басталады. Жетінші мәрте өткелі жатқан жобада өзгерістер көп, деп жазады Vesti.kz.
Биылғы жобаның басты ерекшелігі командалардың топтқа бөлінуі болды. Жоба жетекшілері биыл қатысатын 12 команданы географиялық орналасуларына байланысты 3 топқа бөлді. Бұған дейін қатысқан кейбір командалар қаржы тапшылығына байланысты жобаға қатысудан бас тартыпты. Оолардың қатарында Украина, Әзірбайжан сияқты жобаның тұрақты қатысушылары болған ұжымдар бар. Сондай-ақ, былтырғы маусымда өнер көрсеткен Түркия, Польша, АҚШ және Пуэрто-Рика елдерінің командалары да биылғы додадан тыс қалды.
Жаңа ереже бойынша әр топтың үздік екі командасы плей-офф ойындарына шығады. Сонымен қатар, үшінші орын алған командалардың арасында үздік нәтиже көрсеткен екі клуб та плей-офф бәсекесіне қосылады.
"Astana Arlans" жеребе қорытындысы бойынша "Uzbek Tigers" (Өзбекстан), "Russian Boxing Team" (Ресей), "China Dragons" (Қытай) командаларымен "С" тобына түсті.
Топтық кезең жекпе-жектері ақпан айынан бастап сәуір айына дейін созылады. Плей-офф ойындары, яғни, ширек финал мамыр айына жоспарланған. Маусым айында – финал. Егер ширек финалдық жекпе-жек 5:5 есебімен аяқталса, онда жеңімпаз команда қосымша +91 келі салмақта анықталады. Ал, жартылай финал мен финалдық айқаста тең есеп тіркелсе онда қосымша жекпе-жек 52 келідегі боксшылардың арасында өтеді.
Бұл жобада тұрақты түрде қатысын келе жатқан "Astana Arlans" командасында да биылғы маусымда біраз өзгерістер болыпты. Тарқатып айтсақ, қаржы мәселесіне байланысты боксшылардың саны былтырғы маусыммен салыстырғанда қысқарды. Мәселен, былтыр команда құрамында 30 боксшы болса, биыл 20 боксшы ғана бар. Дегенмен, команда бапкерлері қосалқы құрамға 19 боксшы алып отыр. Олар маусым барысында негізгі құрамдағы жігіттерді алмастырып қалуы мүмкін.
"Astana Arlans" командасының биылғы құрамы туралы айтар болсақ, аға бапкер Нұрлан Ақүрпеков былтыр Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, жүлдеге іліккен бірнеше боксшыларды қатарға қосты. Сонымен қатар, командада бұрыннан бері өнер көрсетіп келе жатқан тәжірибелі былғары қолғап шеберлері де бар. Атап айтсақ, Теміртас Жүсіпов (49 келі), Олжас Сәттібаев (52 келі), Ілияс Сүлейменов (56 келі), Зәкір Сафиуллин (60 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Қанағат Маралов (69 келі), Нұрдәулет Жарманов (81 келі) сынды елімізге танымал боксшылар «арландардың» биылғы құрамына кірген.
"Astana Arlans" командасының 2017 жылғы құрамы:
Негізгі құрам:
49 келі - Теміртас Жүсіпов, Ермек Мәдиев;
52 келі - Олжас Сәттібаев, Әнуар Мұзапаров;
56 келі - Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев;
60 келі - Зәкір Сафиуллин, Мирас-Әлі Қыдырбаев;
64 келі - Мақсат Жексенбі: Ділмұрат Мижитов;
69 келі - Асланбек Шымбергеов, Қанағат Маралов;
75 келі - Әбілхан Аманқұлов, Сапарбай Айдаров;
81 келі - Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбев;
91 келі - Еркін Мұхамеджан, Антон Пинчук;
+91 келі – Олжас Бұқаев, Дмитрий Зиско:
Қосалқы құрам: Шалқар Айқынбай (49 келі), Ақниет Балтабаев (52 келі), Олжас Байниязов (52 келі), Нұрбол Қалжанов (56 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Әділет Құрметов (60 келі), Мейірболат Тоитов (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Илья Очкин (69 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Амандық Мамаш (75 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Жәнібек Әлімханұлы (81 келі), Вадим Казаков (81 келі), Василий Левит (91 келі), Рахман Әлжанов (91 келі), Әбілқайыр Тұрланбек (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі), Нұрсұлтан Аманжолов (+91 келі).
Бапкерлер қосыны: Нұрлан Ақүрпеков (аға бапкер), Болат Жұмәділов (бапкер), Ермек Ертаев (бапкер), Нүркен Аңдасов (бапкер).