Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Біржан Жақыпов: «Кәсіпқой бокста бақ сынап көргім келеді»

05 Желтоксан, 2016

Рио-де-Жанейродағы Олимпиададан кейін Қазақстан құрамасындағы орнын босатқан боксшы Біржан Жақыпов АИБА-ның кәсіпқой бокс жобасына қатысуға ниетті екенін білдірді.

 

 

«АРВ жобасы әрі қарай жалғасын тауып жатса, осы жобада әлі де бақ сынап көргім келеді» деген ол Қазақпарат агенттігінің тілшісі Күнсұлтан Отарбайға берген сұхбатында.

 

Біржан Жақыпов 10 жылдан аса уақыт ең жеңіл салмақта бокстан ұлттық құрама сапында ірі жарыстарға қатысып, толып жатқан жүлделерге ие болған спортшы, әлем чемпионы. Үш рет Олимпиадаға қатысты, бірақ үшеуінде де жүлдеге іліне алмады. «Бас бапкер Мырзағали Құланұлы мені үш Олимпиадаға апарды. Қазақ боксшыларынан ең көп Олимпиада ойындарына барған мен екенмін. Алайда, бірде-біреуінде жолым болмады. Тым құрығанда үштікке іліне алмадым. Арманым Олимпиаданың бір жүлдесі еді. Орындалмады. Қанша қусаң да, бұйырмайтын дүние бұйырмайды екен» деді ол.

 

«Қазір қайда, не істеп жүрсіз?» деген сұраққа Біржан Жақыпов «Қазір боспын. Жұмыссыз жатырмын. Нақты не істейтінімді әлі шешкен жоқпын. Қазір Шымкент қаласында отбасымның қасындамын. Риодан келгеннен бері демалып жатырмын. Әлі ешбір жаттығу залдарының есігін ашқан жоқпын. Олимпиада деп ұзақ уақыт демалған жоқпыз. Бір уақыт денсаулыққа да көңіл бөлмесек болмайды ғой. Осы төртжылдық додасы деп отбасымыздың бар екенін де ұмытып кетуге шақ қалдық. Қашан бір жұмыстың ыңғайы келгенше үйде болғанды жөн санадым» деп жауап берді.

 

Сонымен қатар даңқты боксшы алдағы жоспарлары туралы айтты. «Егер APB жобасы әрі қарай жалғасын тауып жатса, осы жобада әлі де бақ сынап көргім келеді» деді ол. Шақырып жатса АИБА шеңберіндегі кәсіпқой бокс жастарына қатысуға ниетті екенін жеткізді. «Негізінен дайынмын. Алла қаласа, жаңа жылдан кейін, жаттығу залдарының есігін қайта ашатын боламын. Өз-өзіме келгенше жаттығуым керек» деді Жақыпов.

 

Тілшінің құрамадағы ең жеңіл салмақтағы қазіргі боксшылар туралы сұрағына байланысты Біржан Жақыпов «Дәл бүгін Теміртас Жүсіпов пен Ержан Жомарт екеуінің әлеуеті тең дәрежеде. Алдағы уақытта қайсысы көп еңбектенеді, қайсысы көп жұмыс жасайды, соның бәсі жоғары болады. Барлық нәтиже тек еңбекпен келеді» деп пікір білдірді.

 

Біржан өмірде енді орындалмайтын арманы жайлы былай деген: «Мен де орындалмай кеткен арман қалды. Жалғыз арманым Олимпиада жүлдесі болатын. Сол арман мәңгі ұстатпай кетті. Енді, мәңгі жоқ ол маған. Қанша жыл сол арманды қуаладым. Жете алмадым. Жеткізбеді».

 

Сұхбат соңында отбасы жайлы сұраққа әлем чемпионы «Өз отбасымда төрт ағайындымыз. Бір ағам, өзім және екі қарындасым бар. Қазір екі баланың — бір ұл, бір қыздың әкесі болдым. Үйдегі ұлдың кенжесі болған соң, қара шаңыраққа ие болып, әке-шешемді қолыма алып отырмын. Ағам да отбасылы, екі қарындасым да тұрмыста. Әкем ұзақ жыл бір кәсіпорында есепші болып қызмет істеп, зейнетке шықты. Ал, анам үзақ жыл мектепте оқытушылықпен айналысып келеді» деп жауап берген.

 

inform.kz

 

сурет - Данияр Майлыбаев

Наверх