Ақтөбедегі теннис орталығында бокстан КСРО және халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған ХVIII халықаралық турнир басталды. Оған
Оған еліміздің сегіз облысынан және Өзбекстаннан барлығы жетпіс боксшы қатысуда. Жарысқа «КТП», «АЙС», «Дастан» ЖШС сияқты оннан астам кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілік жасауда.
Турнирдің салтанатты ашылуында сөз алған Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқарамасы басшысының орынбасары Мұрат Әлиев өмірден ерте өткен белгілі боксшы Бауыржанның кезінде одақтық және халықаралық жарыстарда олжа салғанын айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Салтанатты шараға боксшының анасы Маржан және бауырлары да қатысты.
«Бұл айтулы турнирге бұрынғыдай боксшылар көп келетін-ді. Енді аз ғана күндерден кейін Павлодарда бокстан ел біріншілігі басталады. Соған байланысты бұл жолы көп боксшылар қатыса алмай отыр»,-дейді халықаралық турнирдің бас төрешісі қарағандылық Амангелді Маканалин.
Жарыстың шымылдығын 60 килограмм салмақта қолғап түйістірген оңтүстікқазақстандық спорт шебері Айдын Сиқымбаев пен ақтөбелік спорт шеберлігінен үміткер Бейбіт Құбайдолла ашты. Бұл кездесуде Бейбіт жеңіске жетті. Алдын ала кездесулер 60 және 69 килограмм салмақ дәрежелерінде жалғасты.