Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Ермахан Ыбрайымов: Олимпиадада қазақстандықтар әдемі бокс үлгісін көрсетіп келеді

12 Тамыз, 2016

Сидней Олимпиадасының чемпионы, танымал қазақстандық маман Ермахан Ыбрайымов Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы қазақстандық боксшылардың аяқ алысын мұқият бақылап келеді.

Қазақстан бокс федерациясының  ресми сауалына берген сұхбатында танымал спортшы Бразилия Олимпиадасындағы қазақстандық боксшылардың мүмкіндіктері туралы айтып берді.

 

«Биылғы Олимпиадада бізде өте жақсы команда жасақталды», - дейді Ермахан Ыбрайымов. - Барлық жігіттер жақсы дайындалыпты және жалпы осы Олимпиадада әдемі бокс көрсетіп келеді. Әрине, Берік Абдрахмановқа америкалық боксшыдан жеңісті жұлып алуға сәл-ақ қалған еді. Берікке өте мықты қарсылас кезігіпті, ол - өте жылдам, техникасы жоғары, жеңіске құштар. Абдрахманов Олимпиадада тұғырдан көрінетін соңғы мүмкіндік туғанын білді. Мүмкін сенімділік аздау болды ма деп те ойлаймын. Жақыповқа келетін болсақ, боксшымыз жас емес, жеңіліс себебі де сонда жатқан шығар. Бұл салмақта негізінен жастар өнер көрсетеді. Хасанбой Дусматов Біржанның жанында жылдам әрі сергек көрінді».

 

- Абылайхан Жүсіповтің жеңілісіне қатысты пікіріңіз қандай?

 

- Ол әлі жас боксшы, ал Олимпиадада өнер көрсету тіптен қиын. Бұл Ойындар - боксшымыз үшін үлкен мектеп болмақ. Оған осы алған қарқынмен алға жылжи беру керек. Жалпы Маккормакқа қарсы жекпе-жекте Жүсіпов жаман жұдырықтасқан жоқ. Егер күш әлеуетін арттырып, тыңғылықты дайындықпен келетін болса, келесі Олимпиадада медальға таласа алады.

 

- Қалған боксшыларымыз қазақстандықтарды қуантып, келесі кезеңге өтті.

 

- Маған жартылай финалға өткен Василий Левит ұнады. Оның «алтын» алатын барлық мүмкіндіктері бар деп санаймын. Риода екі жекпе-жек өткізген Левиттің өнеріне қарап, оның қаншалықты жақсы формада екенін байқау қиын емес. Келесі кездесуде кубалық боксшыға қарсы тұру ауыр болатыны анық, бірақ Левит бұрынғы кеткен есесін қайтаруды тағатсыздана күтіп отырған да болар және финалға шығу үшін барлығын істейді. Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Жәнібек Әлімханұлы, Иван Дычко- медаль алатын жақсы мүмкіндіктерге ие боксшылар. Бұл жігіттер алтын медаль үшін қолдан келер барлық күштерін салады.

 

 - Олимпиада финалына бергісіз Дычко мен Меджидов арасындағы жекпе-жекке қатысты не айта аласыз?

 

- Екеуінің үш жыл бұрынғы кездесуін барлығы білетін шығар. Алайда Иванның сол кезден бері тәжірибесі толысты, өзіне деген сенімі артты. Есе қайтаруға асығып жүрген Дычко өз ісін жақсы атқарып шығатынына сенімдімін. Осы жекпе-жекте Дычко жеңеді деп болжап отырмын.

 

Наверх