Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Мырзағали Айтжанов: «Олимпиадаға дейін үш турнирге қатысамыз»

19 Ақпан, 2016

Қазақстанның ұлттық құрама командасының бірінші номерлі боксшылары наурыз айында Қытайда өтетін халықаралық турнирге дайындалып жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Турнирге дайындық Алматы облысындағы Бүкіл әлемдік бокс академиясында өтуде. Осы жерде ұлттық құрама Германияның былғары қолғап шеберлерімен спарринг кездесулер өткізген соң Қытайға кімдердің баратыны анықталады. Бұл туралы бізге команданың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов айтты.

 

– Команданың Олимпиадаға дайындығы қалай болып жатыр?

 

– Дайындық жақсы. Бокс федерациясы қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап жатыр. Бүкіл әлемдік бокс академиясында жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Осы жерге Германия құрамасы да келіп жаттығуда. Бұрын біз шетелге көп шығатынбыз. Қазір керісінше, біздің елге барлығы жаттығу үшін келіп жатыр.

 

– Германия Олимпиадаға, әлем чемпионатына дайындалып кетті ме? Жаттықтырушылары не дейді?

 

–Егер Қазақстанға мыңдаған шақырымды артта қалдырып, ат терлетіп келіп жатса, дайындықты бастап кеткен сияқты. 2017 жылы Германияда әлем чемпионатының өтетінін білесіздер. Олимпиадаға да дайындықтары жаман емес, жақсы. Германиямен жаттығуларымыз жақсы болып жатыр. Олардың бәрі орташа деңгейде. Бізге де осындай қарсыластар керек еді. Германия құрамасында әлемдік жарыстардың, Еуропа турнирлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Кейбірі Олимпиадаға лицензия алып қойған. Жаттықтырушылары көп сөзге жоқ екен. «Дайындалып жатырмыз», деп қояды.

 

– Германиядан кейін тағы қай елдің құрамасымен жаттығамыз? Сондай жоспар бар ма?

 

– Келесі оқу-жаттығу жиыны Астанада болады. Астанаға наурызда жиналамыз. Сол жерде Польша мен Беларустьтің боксшыларымен бірге жаттығамыз. Содан кейін Қытайға барамыз. Қытайда турнир 23 наурызда басталады. Бұл — лицензиялық турнир. Қытайдан кейін Әзербайжан мен Болгарияда өтетін турнирлерге қатысамыз. Мамыр айында 10 күнге Кубаға барамыз деп отырмыз. Одан кейін еш жерге соқпай, бірден Бразилияға жолға шығамыз. Бразилияда Кордова Кардинаны еске түсіруге арналған турнир болады. Соған қатысамыз.

 

– Ал Қытайға кім барады? Қазір айта аласыз ба?

 

– Қазір ештеңе айтпаймын. Кімдердің баратынын жобалап отырмын. Команданың құрамын Қытайға барар алдында екі жұма қалғанда айтамыз.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Дастан Кенжалин

Наверх