Динара Болатбекқызы – Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыс жөніндегі үйлестірушісі. Өткен жылы АИБА-ның әйелдер боксы кеңесіне мүшелікке өтті. Журналистикадан спорт менеджментіне ауысқан Динара аз уақыт ішінде білікті маман ретінде көзге түсіп үлгерді. Біз бүгін сөз етіп отырған кейіпкермен болған эксклюзивті сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Динара, жалпы сізге спорт пен журналистиканың қайсысы жақын?
– Негізі мен өзім телевизия саласын ерекше ұнатамын. Қалап барған жұмысым. Кезінде университетті мемлекеттік және жергілікті басқару, қаржы менеджменті бойынша бітіргенмін. Сол салада қызмет еттім. Бірақ келе-келе ішкі түйсігім басқа нәрсені қажет ететінін түсіне бастадым. Сол себепті шет елге оқуға құжат тапсырдым, Лондонда магистратураға түсу мүмкіндігі туды. ВВС-дің әлемдік қызметінде (BBC World Service) жұмыс істедім. Расында, телевизия, журналистика саласы маған жақын екенін ұқтым. Кейіннен Қазақстанға келіп, бұл қызметімді жалғастырдым. Бұл жұмысты 100 пайызға жақсы көремін дегенім бекер емес.
– Телевизия саласында енді-енді көрініп келе жатқан кезде боксқа неге бет бұрдыңыз?
– Өмірде әр түрлі өзгерістер болады ғой. Өзім жан-жақтылықты ұнатамын. Үнемі бір бағытта, бір жұмыста жүре беру жалықтыра бастайды. Қазақстанда телевизия саласында көп нәрсені үйрендім. Елбасының да, Сыртқы істер министрінің де шетелдік ресми сапарларына арнайы тілші ретінде қатысып, қоғамдық-саяси маңызы бар бейнематериал дайындадым. Редактор, арнайы редактор, қорытынды жаңалықтардың тізгіншісі, бағдарлама жүргізушісі де болдым. Сондықтан көп кезеңнен өттім дей аламын. Алайда, өмірімде тағы бір маңызды қадам жасағым келді. Сол кезде аяқ астынан бокс федерациясының басшыларынан ұсыныс түсті. «Отандық боксты дамытуға, оның ішінде халықаралық бағытта жұмыс істесең» деген өтініш жасады. Боксты онша білмесем де, халықаралық бағытта қызмет істей алатыныма сенімді болдым. Өйткені шетелдіктермен жұмыс істеу менің қолымнан келеді. Бұл ұсыныстан бас тартқан жоқпын. Міне, содан бері қазақ халқының сүйікті спорты – бокста еңбек етіп келемін.
– Лондон қаласында Еуропадағы ең ірі өнер университетінің бірі Телерадиожурналистика факультетінің магистратурасын бітірдіңіз. ВВС-дің әлемдік қызметінде тәжірибеден өткеніңіз тағы бар. Осындай білім мен білікті неге әрі қарай пайдалана бермедіңіз?
– Шынымды айтсам, ол жақта қалуға мүмкіндік болды. Бірақ түсінгенім, өзге елде жүргенде қанша жетістікке жетіп жатсаң да бірнәрсе жетіспей тұратын сияқты сезімде боласың. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деген мақал еске қайта-қайта түсетін. Оның үстіне, ата-анам, бауырларым да Қазақстанға келіп еңбек еткенімді қалады. Сондықтан әрқашан мені қолдап, жігерлендіріп, дұрыс жол сілтеп, кеңес беріп жүретін ата-анама және бауырларыма алғысым шексіз!
– Жалпы, телевизия саласынан кеткеңізге өкінген жоқсыз ба?
– Мен телевизиядан түпкілікті кеткен жоқпын. Міндетті түрде қайта келемін. Әзірге басқа салада тәжірибе алмасып, халықаралық позициямды табуым керек. Құдайға шүкір, барлығы өз ретімен келе жатыр. Қазіргі кезде болашаққа деген жоспарым да бар. Алдағы уақытта міндетті түрде теледидардан көресіздер деген үміттемін.
– АИБА 2016 жылғы қыздар арасындағы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуге рұқсат берді. Бұл біріншіліктің елімізде өтуіне сіздің де қосқан үлесіңіз бар екенін білемін. Осы туралы айта кетсеңіз?
– Былтырғы жылдың шілде айында Ыстамбұлда Халықаралық бокс қауымдастығы (АИБА) атқару комитетінің отырысы болды. Бұл – өте үлкен жиын. Жылына бір рет өтетін бұл шарада маңызды мәселелер қаралады және дауыс береді. Біз Қазақстан бокс федерациясы өз тұсаукесерімізді және бейнетаспамызды дайындап бардық. Бұл ролик өзім жақсы көретін «Қазақстан» ұлттық арнасының студиясында жазылған. Атқару комитетінің алдында әлем чемпионатын өткізуге үміткерлер бір-бірден кіріп, өздерінің мемлекеттерін, жарыс өткізетін қаласын таныстырып, федерациясының қабілеттілігін дәлелдеп жатты. Бірінші қадам – комиссия мүшелерін сендіру керек. Бұл жерде ақша мәселесі де бар. Мұндай жарысты өткізуге өтініш бергенде, белгілі бір сомада жарна төлеу міндетті. Оның өзінің төменгі шегі бар. Кім қанша береді, ол – тапсырыс берушінің өз еркі. Біз сол ең төменгі соманы жазғанбыз. Басты қарсыластарымыз Қытай, Ұлыбритания, Тайланд болды. Басқа да елдер бар еді бірақ негізгі бәсекелестер осы үшеуі. Олардың ұсынған сомасы, инфрақұрлымы өте мықты болды. Біздің мықты жағымыз – Қазақстан бокс федерациясының 2013 жылғы әлем чемпионатын өте жоғары деңгейде өткізуі. Халықтың осы спорт түріне деген қызығушылығы және боксшыларымыздың халықаралық аренадағы толағай табыстары. Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының басшыларына деген АИБА-ның сенімі. Олардың беделі жоғары. Бүгінде, АИБА-ның екі вице-президенті еліміздің өкілдері. Әйелдер арасындағы әлем біріншілігін Қазақстанда өткізу туралы өтінішіміздің тұсаукесерін белгілі боксшы Серік Қонақбаевпен бірге жасадық. АИБА атқару комитетінің мүшелері біз жақта болды, комиссиядағы 20 адамның 18-і Қазақстанға дауыс берді. Жеңіске жеткенде өзім алтын алғандай ерекше сезімде болғаным рас. Өйткені бұл мен үшін осындай ірі масштабтағы алғашқы шара еді.
– АИБА-ның екі вице-президенті Қазақстаннан екенін айтып кеттіңіз. Алайда бұрын-соңды осы ұйымға мүше болған қазақ журналисін кездестірмеппін. Халықаралық қауымдастыққа мүшелікке қалай өттіңіз?
– «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезде елге АИБА президенті Чинг-Куо Ву келді. Телеарна басшылығы ағылшынша сұхбат алуға жіберген болатын. Сол тұста мені Қазақстан бокс федерациясының басшылары көрген. Содан кейін бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Мүшелікке өтуіме бірден-бір себеп – сол Чинг-Куо Ву мырзамен жасалған сұхбат. Негізі менің АИБА басшыларымен тіл табысуым аса қиынға соққан жоқ. Одан бөлек 2013 жылғы Алматыдағы әлем чемпионаты кезінде біз олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Содан кейін олардың көңілінен шықтым деп ойлаймын. Олардың айтуы бойынша, «АИБА-да жұмыс істеу үшін «боксшы болу маңызды емес, бастысы –спорттық менеджментті меңгерсең болғаны». Ондай қабілетті менен көрген болуы керек.
– Бокс федерациясына келмес бұрын спортқа қызығушылығыңыз болды ма?
– Мүлдем қызығушылығым немесе байланысым болған емес. Ал қазір боксты жақсы көріп кеттім. Ережелеріне, әдістемесіне, стратегиясы мен тактикасына ерекше көңіл бөлетін болдым. Екі жыл бойы бокспен өмір сүріп жүрмін.
– Бокс елімізде қарқынды дамып келеді. Қомақты қаржы құю жеңіске кепілдік бола ма?
– Менің ойымша, 50 де 50. Өйткені қомақты қаржы боксшының жаттығуына, жағдайының жақсы болуына, психологиялық тұрғыдан өзін сенімді сезінуіне жұмсалады. Дегенмен боксшының таланты мен физикалық дайындығы, бапкерінің біліктілігі бірінші кезекте. Егер боксшыға тән қабілетің болмаса, қанша қаржы құйсаң да бәрі бекер.
– Қандай боксшылармен араласып тұрасыз?
– Шынымды айтайын, ұлттық құрамадағы бірінші нөмірлі боксшылардың барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Олармен халықаралық жарыстардың бәрінде біргеміз. Баспасөз мәжілістерінде қастарында отырып, аударма жасаймын. Сондықтан олардың досы сияқты болып кеттім.
– Бірнеше тілді меңгерген полиглот екеніңізден хабардармын. Шетелде жарыстарға шыққанда аудармашы болудан жалықпайсыз ба?
– Бұл енді қаннан берілген қасиет сияқты. Аудармашы болу қиын. Біреудің айтқан сөзін бірден бірде-бір сөзін өзгертпей аударып беру оңай шаруа емес. Дегенмен оның менің жұмысыма тікелей байланысы бар, ал мен өз жұмысымды жақсы көр
– Ағылшын, орыс тілдерінде жақсы сөйлейтін кейбір қандастарымыз өз ана тіліне келгенде шорқақ. Сіз қазақ тіліне қаншалықты мән бересіз?
– Қазақ-түрік қыздар лицейінің түлегімін. Сонда оқыған кезде ең маңыздысы, түрік және ағылшын тілін үйренуге ден қойдым. Өзіңіз білесіз, бір уақытта екі тілді меңгеру, оңай дүние емес. Сол уақытта бірнеше тілді араластырып сөйлегенде, ана тілімді әлсіретіп аламын ба деген үрей болды. Кезінде өлең жазғанмын, шығарма жазуды да жаным қалайтын. Кітапты көп оқыдым. Жолдан тайдырмаған сол ерекшеліктерім және лицей ұстаздарының тіл үйретудегі дұрыс әдістері ғой деймін.
– Шымкент қаласында оқыпсыз. Одан Лондонда оқығаныңыз тағы бар. Енді, міне, Астанада қызмет етіп жүрсіз. Шетелге жиі шығасыз. Туған-туыстан жырақ жүруге үйреніп кеттіңіз бе?
– Үйреніп кеттім. Жетінші сыныптан бастап лицейде оқыдым. Ол жақта сенбі-жексенбі күндері болмаса, үйге бармайсың. Сондықтан сол кезден бастап отбасымнан бөлек жүруге мен де, олар да үйреніп кеттік. Жылына төрт рет көріп тұрамын. Көбіне, телефонмен хабарласамыз. Негізі, «қыз – жат жұрттық» дейді ғой. Сондықтан осы бастан сыртта жүріп үйрену керек шығар.
– Лицейге кез келген оқушы түсе бермейді. Осындай мықтылардың арасында жүріп, неліктен математика емес, гуманитарлық саланы таңдадыңыз?
– Есепке өте жақын болдым. «Алтын белгі» иегерімін. Есебі тұнып тұрған физика, химия, математика пәндерін жақсы оқыдым. Ағылшын тілінен олимпиадаға қатыстым. Бірақ жүрек гуманитарлық саланы қалап тұрды.
– Спорт саласындағы өзекті проблема – спорттық менеджменттің деңгейі. Бұл мәселені шешу үшін не істеу керек?
– Әр нәрсенің өз даму деңгейі болады. Бастапқы деңгейде әлемде және Қазақстанда боксшыларды дұрыс жаттықтырып, Олимпиада чемпионын дайындауға ғана көңіл бөліп, соған қатты мән беретін. Келе-келе ертең ол боксшыларды жан-жақты тәрбиелеуге, қызметке орналастыруға спорт менеджерлері керек екенін түсіне бастады. Қазіргі кезде АИБА мен Қазақстан бокс федерациясы осыған қатты көңіл бөлуде. Жақында Халықаралық бокс қауымдастығының жиынына барған кезде комиссия мүшелері «боксшылар карьерасын аяқтаған соң не істеуі керек?» деген мәселені талқылады. Отырыстың қорытындысы бойынша арнайы бағдарламалар да қабылданды. Мәселен, боксшылардың біліктілігін арттыру бағдарламасы Дүниежүзілік бокс академиясында өтеді. Яғни, мамандар боксшылардың ішінде таланттарды іріктеп, семинар өткізіп, қай жағынан мықты екендіктерін байқап көреді. Мысалы, біреуі спорт менеджері, супервайзер немесе бапкер болуы мүмкін. Қолынан келіп жатса, басшылық қызмет те атқарады. Тіпті, төрешелікке қабілеттілерді де іріктейді. Яғни, чемпион тек чемпион болып қала бермей, спорттан кеткен соң қоғамда өз орнын тауып, басқа боксшыларға жол сілтеп, жаңа чемпиондарды дайындауға өз үлесін қосады. Менің ойымша, осындай шараларды қолға алып, спортшылар арасында кеңінен насихаттау керек. Мұны біз де жүйемізге енгізіп жатырмыз. Мақсатымыз мұндай халықаралық бағдарламаларды аймақтарға жеткізу. Жыл қорытындысы конференциясында федерация президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев: «Біз республикалық, халықаралық деңгейдегі беделімізді арттырдық. Ендігі кезекте, аймақтардағы федерацияларды нығайтуымыз керек. Түрлі бағдаларламаларды аймақтарда, облыстарда өткізуді қолға алуымыз қажет», – деп айтты.
– Қазақстанның ең табысты спорты саналатын бокста еңбек етіп жүргеңізге ризасыз ба?
– Әлбетте. Мен еліміздің халықаралық аренада мақтан тұтатын азаматтарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жүргеніме бақыттымын. Ол бапкерлерге, басшылыққа, боксшыларға да қатысты.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Бек ТӨЛЕУОВ