МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

World Boxing Конгрессінде қандай мәселелер қаралды?

20 қараша күні Панама қаласында World Boxing Конгрессі өтті. Жүзге жуық мемлекеттің делегаты қатысқан жиында халықаралық ұйымның басшылығы, бірнеше комитеті мен бокс федерациялары өкілдерінің есебі ұсынылды. Сонымен қатар, бокс ережесіндегі өзгерістер талқыланды. Оның ішінде қазіргі уақытта жасанды интеллект мүмкіндігі белсенді түрде сынақтан өткізіліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар биыл қарастырылған ерлер боксында қорғаныс бас киімін енгізу туралы ереже мақұлданбады.

 

Конгресс барысында халықаралық ұйымның бірнеше лауазымына сайлау өткізілді. Соның ішінде Қазақстан бокс федерациясының халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing Спорт және жарыстар комитетінің Төрағасы лауазымына сайланды. Аталмыш комитет жарыс ережелеріне байланысты мәселелерге, соның ішінде жарыстардың техникалық ережелері, жабдықтардың сипаттамалары, салмақ дәрежелері және басқа да техникалық аспектілеріне, сондай-ақ World Boxing жарыстары мен іс-шараларының құрылымына, ұйымдастырылуына және басқарылуына соның ішінде жарыстар күнтізбесіне, іс-шаралар форматына, әлемдік рейтингтерге, іріктеу мен біліктілік жүйелеріне, сондай-ақ жарыстарды өткізу талаптары мен өлшем шарттарына жауап береді. Осы мәселелерде Атқарушы комитетке ұсыныстар дайындап, пысықтайды. 

 

21 ноября, 2026
1

U19 Қазақстан чемпионатының ширек финалына қай өңірдің боксшылары шықты?

Бокстан 16-22 қараша аралығында Астана қаласында өтіп жатқан U19 Қазақстан чемпионатында 10 салмақ бойынша ширек финалистердің есімі белгілі болды.

Жалпы көрсеткіш:

Шымкент қаласы - 11

Алматы қаласы - 10

Астана қаласы - 8

ШҚО - 8

Жамбыл облысы - 7

Қарағанды облысы - 6

Маңғыстау облысы - 5

Түркістан облысы - 5

Ақмола облысы - 4

Алматы облысы - 4

Абай облысы - 3

Ақтөбе облысы - 3

Атырау облысы - 2

Жетісу облысы - 2

Қостанай облысы - 1

Қызылорда облысы - 1

Айта кетейік, биылғы ел додасына барлық 20 өңірден 346 боксшы тіркелген еді.

20 ноября, 2026
7

Марал Төлепберген: Олимпиадаға қатысатынымды естігенде ерекше қуандым

Марал, Сенегалдағы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдесі құтты болсын! Қазір қандай әсердесіз? Жарыс алдында өзіңізге қандай мақсат қойып едіңіз?

Осындай үлкен додада елімнің намысын қорғап, қола жүлдеге қол жеткізіп отырмын. Өте қуаныштымын. Әрине, мақсатым алтын жүлде алу болған. Бірақ бұл нәтиже мен үшін үлкен тәжірибе болды әрі алдағы жеңістерге бастайтын жол деп сенемін.

Жартылай финалдағы жекпе-жек туралы айтып берсеңіз. Қарсыласыңызды жеңу үшін не жетіспеді деп ойлайсыз? Жалпы өз өнеріңізге көңіліңіз толды ма?

Жартылай финал оңайға түспеді. Қарсыласым Сабрина Чакоманова (Өзбекстан) өте мықты дайындықпен келген. Жекпе-жек барысында өзім жіберген қателіктер көп болды. Ағайлар қойып берген тактиканы дұрыс жүзеге асыра алмадым. Жеңіліс әрқашан ауыр. Бірақ спорт жолында жеңіс пен  жеңіліс қатар жүреді. Өз өнеріме толық көңілім толды деп айта алмаймын. Себебі, бұдан да жақсы өнер көрсетуге мүмкіндігім  бар еді.

Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын спортшыларды Халықаралық Олимпиада комитеті анықтады ғой. Дакардағы додаға қатысатыныңызды алғаш естігенде, бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

Олимпиадаға қатысатынымды естігенде, ерекше қуандым. Өйткені Олимпиадаға қатысу - әр спортшының арманы. Үлкен жауапкершілікті сезіндім.

Олимпиадада әр салмақта әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 12 боксшы ғана сынға түсті. Сіздің салмағыңыздағы қарсыластарыңыздың барлығы бұрыннан таныс болды ма? Қай боксшыларды басты қарсылас санадыңыз?

Қарсыластарымның арасында бұрыннан таныс боксшылар да, алғаш рет кездескен спортшылар да болды. Менің басты қарсыластарым Өзбекстан мен Ұлыбритания боксшылары саналды.

Олимпиада алдындағы дайындық кезеңі қалай өтті? Сіз тіпті Будвадағы U19 әлем чемпионатына барып, спарринг өткіздіңіз ғой. Бұл тәжірибе Олимпиададағы жекпе-жектеріңізге қаншалықты көмектесті?

Олимпиада алдындағы дайындық өте қарқынды өтті. Қазан айында Будва қаласындағы U19 әлем чемпионатына барып, өз салмағымдағы мықты спортшылармен спаррингке шықтым.

Африка құрлығында халықаралық жарыстар жиі өте бермейді. Сенегалға алғаш барған кезде қандай әсер алдыңыз? Жасөспірімдер Олимпиадасының атмосферасы басқа халықаралық жарыстардан қаншалықты ерекшеленді? Жергілікті климатқа бірден бейімделе алдыңыздар ма?

Сенегалға алғаш рет баруым болғандықтан, ерекше әсер алдым. Басқа климат. Барлығы қызықты болды. Басында климатқа бейімделу оңай болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе үйренісіп кеттік.

Бұл сіздің жасөспірімдер арасындағы соңғы ірі жарысыңыз ба? Алдағы уақытта ересектер арасындағы боксқа ауысуды жоспарлап отырсыз ба?

Мен әлі жастар арасында 1 жыл боламын. Ендігі мақсатым - алдағы Азия чемпианаты мен Қазақстан чемпионаты болмақ. Сол жерде өзімді бірінші нөмірлі боксшы екенімді дәлелдеймін.

Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз? Боксқа қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Бұған дейін басқа спорт түрлерімен айналысып көрдіңіз бе?

Мен Алматы облысы, Ащыбұлақ ауылының тумасымын. Боксқа қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Уақыт өте келе, бокс менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Боксқа келгеніме өкінбеймін. Спорт маған тәртіпті, төзімділікті, сабырлылықты және қиындыққа мойымауды үйретті. Қазіргі таңда бокспен айналысқаныма  9 жыл болды. Алдағы уақытта да осы жолымды жалғастырып, үлкен жетістіктерге жеткім келеді.

19 ноября, 2026
6

Боксшы Ақнұр Тұрсынғали: Жасөспірімдер Олимпиадасында тарихты жаңғыртқым келді

Сенегал астанасы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында бокстан 57 келі салмақта өнер көрсеткен Ақнұр Тұрсынғали күміс жүлдеге ие болды. Финалдан кейін көз жасына ерік берген жас боксшы өз сұхбатында шешуші жекпе-жек, Олимпиададағы әсері және алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

Ақнұр, Сенегалдағы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдесі құтты болсын! Марапаттау рәсімінде күміс жүлдеге қанағаттанбай, көзіңізге жас алған сәтіңізді көпшілік жылы қабылдады. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз? Сіздің ойыңызша, финалда жеңіске жетуге не жетіспеді?

    ⁃    Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болып отырмын. Финалда соңғы сәтке дейін өз жеңісіме сенімді болдым.

Көз жасқа ерік берген себебім - осы додаға келгенде, әнұранымызды шырқатып, көк туымыздың көкке желбірегенін қаладым. Сол арманның, сол мақсаттың орындалмағанынан, көз жасқа амалсыздан ерік бердім.

Ақтық сында аға бапкерлердің және жеке бапкерімнің айтқан әдіс-тәсілдерін қолдандым, барымды салдым. Енді ары қарай қателіктермен жұмыс істейміз.

Жасөспірімдер Олимпиадасының тарихына көз жүгіртсек, бұған дейін 2018 жылы Надежда Рябец қола жүлде алған еді. Енді Марал Төлепберген де үздік үштікке еніп, сіз финалға дейін жеттіңіз. Олимпиадаға аттанар алдында өзіңізге қандай мақсат қойып едіңіз? Күміс жүлдені қаншалықты жоғары бағалайсыз?

    ⁃    Олимпиада ойындарының лицензиясы жыл басында Таиланд астанасы Бангкокта сарапқа салынған еді. Оған дейін де Олимпиада ойындарына қатысқан аға-әпкелерімнің айқастарына шолу жасадым. Менің мақсатым - Олимпиада ойындарында тарихты жаңғырту еді. Бабымыз бен бағымыз қатар келіп, күміс жүлдеге ие болдым.

Олимпиадаға қатысатын әр салмақтағы 12 боксшыны Халықаралық Олимпиада комитеті анықтады ғой. Өзіңіз сол тізімге енгеніңізді алғаш білгенде, қалай қабылдадыңыз? Қарсыластарыңыздың барлығы бұрыннан таныс болды ма? Кімді басты қарсылас санадыңыз?

    ⁃    Мамыр айында Халықаралық Олимпиада Комитеті әр салмақта сынға түсетін мемлекеттерді атады. Бірақ соңғы сәтке дейін қай боксшы қарсылас болатындығын білмедік. Бапкеріміз арқылы біз алтын жүлдеге таласуы мүмкін қарсылас ретінде Евангелина Петрукты (Украина) санадық. Өйткені ол лицензиялық турнирде финалға дейін жеткен. Ал мен онымен осы жолы жартылай финалда айқасып, басым түстім. Ал Олимпиада чемпионы атанған Сара Кампос (Бразилия) өткен айда ғана Будвадағы U19 әлем чемпионатында 60 келіде жұдырықтасыпты. Біз үшін жаңа қарсылас саналды. Себебі, ол көктемде Бангкокқа бармаған еді.

Африка құрлығына алғаш рет аяқ басып отырсыздар ғой. Дакар қаласы сізге қандай әсер қалдырды? Жергілікті климатқа бірден бейімделе алдыңыздар ма?

    ⁃    Африка құрлығына алғаш рет аяқ басуым. Климатқа үйренісу үшін, біз жарысқа үш күн бұрын келдік. Тез бейімделіп кеттік. Олимпиада ойындары алдында біз Черногория мемлекетінде болған едік. Ол жақ пен Дакардың уақыт айырмашылығы бір сағат қана болды. Қиындық ретінде өзімнің салмағымның түсіп кетуін айтуыма болады.

Сіз бұған дейін де көптеген халықаралық жарыстарға қатыстыңыз. Ал жасөспірімдер Олимпиадасының атмосферасы басқа жарыстардан несімен ерекшеленді? Олимпиада ауылындағы өмірден қандай әсер алдыңыз? Жаңа достар таптыңыз ба?

    ⁃    Бұған дейін Әлем кубогы, Азия чемпионаты секілді үлкен додаларда бағымды сынадым. Дегенмен де жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының атмосферасы басқа жарыстардан қарағанда сезілді. Төрт жылда бір келетін төрткүл  дүние көз тіккен дода болғандықтан, үлкен жауапкершілікпен бардық. Лицензияны үлкен еңбекпен алғандықтан, алтын жүлдеге көз тіктім. Басқа мемлекеттердің өзге спорт түріндегі өкілдерімен араласып, достасып кеттік.

Сіз жұдырықтасатын 57 келі салмақта ел ішіндегі бәсекелестік қаншалықты жоғары? Мәселен, Будвада өткен U19 әлем чемпионатында Алина Құдайгенова финалға дейін жетіп, артынша ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлде алды. Енді сіз де ересектер сапына ауысуды жоспарлап отырсыз ба?

    ⁃    Ел ішінде 57 келі салмақ болсын, қай салмақ болмасын, негізінен бәсекелестік өте жоғары. Сол себепті біз өз біліктілігімізді өте жақсы дамытып жатырмыз. Бұйырса, ересектер сапына, әйелдер арасындағы жарыстарға толыққанды дайынмын деп айта аламын. Алдағы уақытта да 57 келіде әрі қарай бағымды сынаймын.

Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз? Неліктен дәл боксты таңдадыңыз? Бастапқыда отбасыңыз бұл таңдауыңызды қалай қабылдады? Отбасыңызда сізден басқа бокспен айналысатындар бар ма?

    ⁃    Мен Абай облысы, Аягөз ауданы, Мамырсу ауылының тумасымын. Алғашқы бапкерім Мақсат Ақатаев және Санат Бөлеков ағайларымның арқасында бокстағы жолым басталды. Осы спортқа мені бірінші рет әкем апарды. Ал анам бокспен шұғылдануыма қарсы болды. Себебі, анам мені кішкентайдан ұстаз болсын деп, мұғалім болсын деп тәрбиелеген болатын. Қазір де Абай облысындағы педагогикалық колледжде ұстаздық бағытында оқып жатырмын.

18 ноября, 2026
5

Астанада бокстан жастар арасында ел чемпионаты басталды

16–22 қараша аралығында Астанада 2009–2010 жылдары туған жастар арасында бокстан ел чемпионатының үздіктері белгілі болады,

Ел додасына Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 346 боксшы қатысады.

Олардың арасында ең көп спортшыларын қатарға қосқан ТОП-3 өңірдің тізіміне Алматы қаласы (35 спортшы), Астана қаласы (31 спортшы) және Жамбыл облысы (28 спортшы) кіреді.

Ерлер арасында 10 салмақ бойынша жүлде сарапқа салынатын бәсекеде ең көп боксшы 60 келіде (55 спортшы) тіркелді.

Бүгін ел додасының ресми салтанаты өтіп, оған Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхам, Қазақстан жастар құрамасының үйлестірушісі Қанат Ислам, Қоғаммен байланыс жөнідегі вице-президент Мерей Ақшалов және Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов қатысты.

Қатысушылар арасында жасөспірімдер арасында Азия ойындарының жеңімпаздары Жұмағали Нұрмахан (55 келі), Досжан Жұмақан (65 келі),  Даниял Шалқарбай (70 келі), күміс жүлдегерлер Арман Мырсабит (50 келі), Мұхамедәлі Рүстембек (80 келі), қола жүлдегер Санжар Матасов (75 келі), U19 Азия чемпионатының қола жүлдегері Едіге Нұрғожа (60 келі), U19 әлем чемпионатының қатысушысы Амир Рамазан (75 келі) секілді танымал спортшылар бар.

Ел чемпионатының үздіктері алдағы жексенбі күні белгілі болады.

17 ноября, 2026
10

Бибарыс Әшірбай: Менің басты мақсатым - алдағы уақытта әлем және Олимпиада чемпионы атану

Сенегал астанасы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында 70 келі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Бибарыс Әшірбай күміс жүлдеге ие болды. Бұған дейін Черногорияның Будва қаласында өткен U19 санатындағы әлем чемпионатында да финалға шыққан спортшы өз сұхбатында Олимпиададағы өнері, екі ірі жарыстан алған тәжірибесі және ересектер боксына ауысу жоспары туралы айтып берді.

- Бибарыс, Сенегалдағы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдесі құтты болсын! Дегенмен финалдық жекпе-жектен кейінгі және марапаттау рәсіміндегі эмоцияңызға қарасақ, Дакарға тек алтын медаль үшін барғаныңыз байқалады. Финалдық айқасқа қандай баға бересіз?

- Әрине, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанғаныма қуаныштымын. Бірақ финалдық кездесуде жеңіске жеткім келді. Бұйырғаны күміс медаль болды. Қарсыласым Майкл Моэн (Ұлыбритания) жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионы болғанымен, онымен алғаш рет жұдырықтастым. Финалға бапкерлеріммен бірге дұрыс тактика әзірледік. Алайда оны рингте толық жүзеге асыра алмадым.

- Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан атынан ерлер арасында жалғыз өзіңіз сынға түстіңіз. Мұны алғаш естігенде қандай әсерде болдыңыз? Өзіңіздің салмағыңыздағы қалған 11 боксшының барлығы сізге таныс болды ма?

- Әрине, мен үшін бұл үлкен жауапкершілік болды. Қазақстанның намысын қорғау оңай емес. Бірақ өзіме сендім және елімнің атынан жақсы нәтиже көрсетуге бар күшімді салдым. Қарсыластарымның арасында бұрын кездескендерім де, алғаш рет қолғап түйістіргендерім де болды.

- Сіз бұған дейін Будвада өткен U19 санатындағы әлем чемпионатында да күміс жүлде жеңіп алдыңыз. Екі ірі жарыстың арасы небәрі 10 күн болды. Осы уақыт ішінде физикалық және психологиялық тұрғыдан толық қалпыңызға келіп үлгердіңіз бе? Бұл жағдай Олимпиададағы өнеріңізге әсер етті ме?

- Әрине, екі жарыстың арасы өте қысқа болды. Мысалы, 27 қазан күні Будвадағы (Черногория) U19 әлем чемпионатының финалында жұдырықтастым. Ал 7 қарашада Сенегал астанасы Дакарда жасөспірімдер Олимпиадасында бірінші жекпе-жегімді өткіздім. Дегенмен бапкерлеріммен бірге екі жарысқа да бар жағынан дайын болып бардық.

- Африка құрлығында ірі бокс жарыстары жиі өте бермейтінін ескерсек, Дакар қаласы сізге қандай әсер қалдырды? Сенегалдың ауа райы мен климатына бейімделу қиын болған жоқ па?

- Дакар қаласы маған жақсы әсер қалдырды. Африка құрлығында алғаш рет болдым. Халқы өте қонақжай екен. Ауа райы біз үйренген климаттан өзгеше болды. Күн ыстық әрі Атлант мұхитының жағасында орналасқандықтан, ауасы ылғалды. Жалпы, осы сапар мен үшін жақсы тәжірибе болды.

- Жасөспірімдер Олимпиадасына 205 елден үш мыңға жуық спортшы жиналды. Дакарда Олимпиада атмосферасы қаншалықты сезілді? Басқа елдердің спортшыларымен араласып, танысуға мүмкіндік болды ма?

- Олимпиаданың атмосферасы ерекше. Әлемнің көптеген елінен келген спортшылармен танысып, араласуға мүмкіндік болды. Әр елдің спортшылары өздерінің мәдениеті мен дәстүрін таныстырды. Бұл жарыс тек спорт жағынан емес, өмірлік тәжірибе жағынан да көп нәрсе берді.

- Бұл Олимпиада жастар арасындағы соңғы ірі жарысыңыз болды ма? Енді ересектер боксына ауысуды жоспарлап отырсыз ба? Жаңа деңгейдегі бәсекеге қаншалықты дайынсыз?

- Иә, бұл Олимпиада ойындары мен үшін жастар арасындағы соңғы жарысым. Ерлер арасындағы жарыстарға 100% дайынмын. Алдағы уақытта өзімнің бірінші нөмірлі боксшы екенімді көрсетемін.

- Алдағы уақытта 70 келі салмақ дәрежесінде қалуды жоспарлайсыз ба? Әлде салмақ ауыстыру ойыңызда бар ма?

- Ағзамның өсуіне байланысты, енді болашақта 75 келіде жұдырықтасуды жоспарлап отырмын.

- Әлеуметтік желіде Төрехан Сабырханның сіздің жекпе-жектеріңізді назардан тыс қалдырмай, үнемі қолдау білдіретінін байқаймыз. Онымен қарым-қатынасыңыз қандай? Төрехан сізге қандай да бір кеңес беріп тұра ма?

- Төреханмен қарым-қатынасымыз жақсы. Менен 2 жас қана үлкен болса да, Қазақстанның көк туын әлемге танытып үлгерді. Маған әрдайым қолдау білдіреді. Жекпе-жектерімді көріп, жақсы сөздерін айтып жатады. Осындай қолдау маған мотивация береді. Мен де оның жетістіктеріне қуанып жүремін.

- Бір жылдың ішінде әлем чемпионаты мен жасөспірімдер Олимпиадасының финалына шықтыңыз. Дегенмен екі жарыста да алтын жүлдеге бір қадам жетпей қалдыңыз. Бұл нәтижелер сізге қандай сабақ болды? Өзіңіздің қай тұсыңызды әлі де жетілдіру қажет деп ойлайсыз?

- Әрине, екі үлкен жарыстың финалында алтыннан айырылып қалу оңай емес. Бірақ мен мұны жеңіліс деп қана қабылдамаймын. Үлкен тәжірибе деп есептеймін. Бұл нәтижелер маған әлі де көп жұмыс істеу керектігін көрсетті. Әсіресе тактика, жылдамдық және жекпе-жек кезіндегі шешім қабылдау жағынан дамуым керек. Менің басты мақсатым - алдағы уақытта әлем және Олимпиада чемпионы атану. Бұнымен тоқтап қалмаймын.

16 ноября, 2026
13

Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында Түркістан облысы жалпы есепте топ жарды

7–13 қараша аралығында Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 14 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды.

Жалпыкомандалық есепте Түркістан облысы 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медальмен бірінші орын алды.

Өңірлердің медаль есебі:

Түркістан облысы – 3 алтын, 3 күміс, 2 қола

Шымкент қаласы – 2 алтын, 1 күміс, 5 қола

Маңғыстау облысы – 2 алтын, 1 қола

Алматы қаласы – 1 алтын, 4 күміс, 3 қола

ШҚО – 1 алтын, 1 күміс, 3 қола

Алматы облысы – 1 алтын, 1 күміс

Ұлытау облысы – 1 алтын, 4 қола

Қарағанды облысы – 1 алтын

Жетісу облысы – 1 алтын

БҚО – 1 алтын

Астана қаласы – 2 күміс, 4 қола

Жамбыл облысы – 1 күміс, 1 қола

Қызылорда облысы – 1 күміс

Павлодар облысы – 2 қола

Ақмола облысы – 1 қола

Ақтөбе облысы – 1 қола

Атырау облысы – 1 қола

Әр салмақ бойынша жеңімпаздар:

44 келі

1-орын. Дарын Қалдыбай (Түркістан облысы)
2-орын. Әлихан Бекбосын (Алматы облысы)
3-орын. Рунар Қожахмет (Павлодар облысы)
3-орын. Сұлтанғали Нұрмахан (ШҚО)

46 келі

1-орын. Жанарыс Оспан (Түркістан облысы)
2-орын. Алмас Серікбай (Алматы қаласы)
3-орын. Дінмұхамед Мұқанбетқанапия (Ұлытау облысы)
3-орын. Әбдірахман Тошаев (Маңғыстау облысы)

48 келі

1-орын. Қуаныш Халимбет (ШҚО)
2-орын. Әділ Салават (Алматы қаласы)
3-орын. Даниал Рымханов (Астана қаласы)
3-орын. Әли Нағашбек (Астана қаласы)

50 келі

1-орын. Нұрислам Сайлау (Түркістан облысы)
2-орын. Мағжан Бекзат (Қызылорда облысы)
3-орын. Жігер Рысбай (Түркістан облысы)
3-орын. Мансұр Айтмұхамет (Ақмола облысы)

52 келі

1-орын. Бибарыс Сұлтан (Ұлытау облысы)
2-орын. Олжас Дулат (Алматы қаласы)
3-орын. Шахмардан Смахан (Шымкент қаласы)
3-орын. Нұрдәулет Нұрлан (Шымкент қаласы)

54 келі

1-орын. Дінмұхамед Ануар (Шымкент қаласы)
2-орын. Ақжүрек Жұмақұл (Жамбыл облысы)
3-орын. Осман Жәнібек (Ұлытау облысы)
3-орын. Бақдәулет Ахмет (Шымкент қаласы)

57 келі

1-орын. Жандәулет Бейсенғазы (Алматы облысы)
2-орын. Шыңғыс Ахметов (ШҚО)
3-орын. Дидар Жақан (Жамбыл облысы)
3-орын. Әмір Тайыржан (Алматы қаласы)

60 келі

1-орын. Нұрасыл Ғалым (Шымкент қаласы)
2-орын. Нұрислам Бактубаев (Астана қаласы)
3-орын. Нұрислам Акишев (Павлодар облысы)
3-орын. Ерсін Молжігітов (Алматы қаласы)

63 келі

1-орын. Тамирлан Қайыржан (Қарағанды облысы)
2-орын. Абдурашит Марат (Түркістан облысы)
3-орын. Әбілмансұр Еркін (Астана қаласы)
3-орын. Муслим Сұлтанғали (Ақтөбе облысы)

66 келі

1-орын. Нұрбақыт Төрегелді (Алматы қаласы)
2-орын. Нұрасыл Мелдехан (Түркістан облысы)
3-орын. Рамазан Қажымұқан (Астана қаласы)
3-орын. Жандос Қалқанов (Ұлытау облысы)

70 келі

1-орын. Аманжан Жаңай (Маңғыстау облысы)
2-орын. Ақтөре Керлібек (Шымкент қаласы)
3-орын. Мансұр Асқар (Атырау облысы)
3-орын. Ерсұлтан Әбдірахман (Шымкент қаласы)

75 келі

1-орын. Әбілмансұр Марат (БҚО)
2-орын. Жанболат Мәлік (Түркістан облысы)
3-орын. Нұрсұлтан Әлібек (Шымкент қаласы)
3-орын. Мирас Қуанышев (ШҚО)

80 келі

1-орын. Дамир Жанай (Маңғыстау облысы)
2-орын. Байдәулет Есбергенов (Астана қаласы)
3-орын. Әділет Мұханбетқали (Ұлытау облысы)
3-орын. Ақжан Аманкелдиев (ШҚО)

+80 келі

1-орын. Айбын Мәжит (Жетісу облысы)
2-орын. Темірлан Казиев (Алматы қаласы)
3-орын. Райымжан Садықов (Алматы қаласы)
3-орын. Нұрболат Нұрмаханбет (Түркістан облысы)

 
14 ноября, 2026
20

Қазақстандық боксшылар жасөспірімдер Олимпиадасында 3 жүлде алды

7-12 қараша күндері аралығында Сенегал астанасы Дакарда төртінші жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы аясында бокстан жарыс жеңімпаздары анықталады.

Ерлер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Бибарыс Әшірбай ақтық сында Ұлыбритания өкілі Майкл Моэнмен қолғап түйістірді.

Британдық боксшы алғашқы раундтан бастап басымдық танытты. Нәтижесінде 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Қыздар арасында 57 келіге дейінгі салмақтың финалында Ақнұр Тұрсынғали бразилиялық Сара Кампоспен кездесті.

Алғашқы раундта Ақнұр басым түсті. Дегенмен бразилиялық боксшы екінші және үшінші раундтарда тізгінді өз қолына алып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Ал 54 келіде Марал Төлепберген жартылай финалда Өзбекстан боксшысы Сабрина Чакомановамен жұдырықтасып, 0:5 есебімен жол берді. Нәтижесінде Марал бәсекені қола жүлдемен аяқтады.

13 ноября, 2026
7

Қазақстан бокс федерациясы бапкерлерге арнайы семинар ұйымдастырды

Таразда Қазақстан бокс федерациясы жаттықтырушыларға арналған оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырды.

Аталмыш басқосуға еліміздің әр өңірінен 107 маман қатысты. Бес күн бойы олар отандық бокстың тәжірибелі өкілдерінен дәріс тыңдап, кәсіби білімдерін толықтыруға мүмкіндік алды.

Семинардың ерекшелігі - дәріс берушілер қатарында ұлттық құраманың әр жылдардағы бас бапкерлері мен отандық бокс мектебінің қалыптасуына үлес қосқан сала өкілдері де болды. Олар өздерінің көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, былғары қолғап шеберлерін даярлаудың қыр-сырына тоқталды.

Қазақстан бокс федерациясының жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі вице-президенті Қайрат Сәтжанов мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп, бастаманың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

- Қазақстан чемпионаты аясында ұлдар мен қыздар арасында жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өткіздік. Оған еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары, кезінде ұлттық құраманы басқарған Дамир Буданбеков, Ғалым Кенжебаев, Мырзағали Айтжанов, Әлімбек Балмағанбетов және Нұрлан Ақүрпеков қатысты. Олар өздерінің білімімдерімен бөлісті. Сондай-ақ команданың бас психологы Әсем Әбдрешевa да дәріс оқыды. Бұл осындай форматтағы алғашқы бастама. Алда жасөспірімдер мен жастар арасындағы Қазақстан біріншіліктері кезінде де осындай шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз - болашақта Азия, әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздарын тәрбиелейтін бапкерлердің шығуына жол ашу, - деді Қайрат Сәтжанов.

Бағдарлама аясында мамандар техникалық-тактикалық дайындықтың өзекті бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, әртүрлі мәнерде жұдырықтасатын қарсыластармен айқасу, солақай боксшыларға қарсы әрекет ету, соққы дәлдігі мен күшін арттыру, рингтегі қашықтықты тиімді пайдалану мәселелері қамтылды. Бұған қоса, спортшылардың психологиялық дайындығына да назар аударылды.

Жалпы оқу курсы 20 академиялық сағатқа созылды.

Семинар соңында қатысушыларға Қазақстан бокс федерациясының арнайы сертификаттары табысталды.

12 ноября, 2026
2

Абзал Серік: Бапкерім «Чемпион боласың» деп мотивация берді

Үш жыл бойы үлкен спорттан қол үзіп, отбасын асырау үшін түрлі жұмыста еңбек еткен Абзал Серік 2026 жылы шаршы алаңға қайта оралды. Араға бірнеше ай салып, Таразда өткен Қазақстан чемпионатында бес қарсыласын жеңіп, екінші мәрте ел чемпионы атанды.

Абзал, Қазақстан чемпионаты басталмас бұрын-ақ сіздің 65 келіде сіздің жарқын жекпе-жектеріңіз күтілді. Өзіңіз осы ел додасын асыға күткен шығарсыз? Жарыс алдында қобалжу болды ма?

  • Иә, осы чемпионатты асыға күттік. Чемпион атану үшін, ұзақ дайындалдық. Барлық қарсыластарымды зерттеп, дайын болдым. Жарыс алдында қобалжу болды. Өйткені 4 жылдан кейін ғана Қазақстан чемпионатына қатысып жатырмын. Бір ерекшелігі – мен өзім қатысқан 3 ел додасының барлығында финалға шыққан екенмін. 2021 жылы Оралда күміс жүлдеге ие болсам, 2022 жылы Павлодарда топ жардым. Енді 2026 жылы Тараз төрінде екінші мәрте чемпиондық атақты еншіледім.

Ел чемпионатына дейін  Түркістанда Әбдісалан Нұрмаханов халықаралық турнирі, Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов Мемориалы және  Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлын еске алу турниріне қатысып, ақырындап бабыма келдім. 

Сіз бұған дейін 2022 жылы 67 келіде топ жарып едіңіз. Енді араға 4 жыл салып, Қазақстан чемпионатында жұдырықтастыңыз. Қарсыластарыңыздың барлығы сізге таныс болды ма?

  • Қазақстан чемпионатында ең көп 36 боксшы дәл осы 65 келіде тіркелді. Танымайтын спортшылар көп болғанын мойындаймын. Чемпион атану үшін, 5 айқас өткізуге тура келді. Алғашқы айналымда жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қатысушысы Әлихан Әскермен, 1/8 финалда 2025 жылы Семейдегі ел додасының қола жүлдегері Әбдіғалым Әбдікерім, ширек финалда U22 санатында 2 дүркін әлем чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов, финалда Париж Олимпиадасының ширек финалисі Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен жұдырықтастым. Өзім шыққан қарсыластардың барлығын жақсы танимын деп айта аламын.

Жеребенің нәтижесіне қарап, сіз осы салмақта көшбасшыға үмітті болған барлық дерлік (Нұрислам, Ертуған, Мұхаммедсабыр) боксшылармен айқасқаныңызды көреміз. Сіз үшін қай жекпе-жек ерекше болды?

  • Жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллиновпен бұған дейін 2021 жылы ел чемпионатының ширек финалында жеңген едім. Одан бері Ертуған осы салмақта біршама уақыт көшбасшы болды. 2 әлем чемпионатына қатысты. Оңай болмады. Ал финалда бала кезден бірге өскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен бірінші мәрте айқастым. 2018 жылдан бері араласып келеміз. Бапкерімнің қойып берген тактикасының арқасында жеңіс менің жағымда болды.

Әлеуметтік желіде сізді 4 жыл бұрын басқаша стильде жұдырықтасатындығыңызды айтып жатыр. Ал қазір өзгеріс бар деп айтады. Осы бойынша айта аласыз ба?

  • Қазіргі уақытта бапкерім ауысты.  Біз қазіргі уақытты бұрыңғы стильге қосымша тағы да әдістер қосып жатырмыз. Бұрын тек алыс қашықтықта жұдырықтастым. Енді Ілияс Оралбеков ағайым барлық қашықтықта бокстасу тактикаларын үйретіп жатыр. Біз оны одан ары дамытып, шыңдаламыз.

Финалдық жекпе-жектен кейін Төрехан Сабырханның ерекше қуанып, рингке жүгіргеніне куә болдық. Төреханмен қанша уақыттан бері араласасыздар? Байланыстарыңыз қатты жақын секілді?

  • Төреханды кішкентай кезінен танимын. Жақын бауырым.  Кіші болса да, бас болып жүрген жігіт. Әрқашан да бір-бірімізді қолдап жүреміз.

Бапкер Ілияс Оралбековтың сізден басқа да шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп жатты. Сізге де рингте «Әбеке» деп атауы ерекше естілді. Ол кісінің бапкерлік тұрғысынан қандай ерекшелігі бар деп айта аласыз?

  • Ілияс ағайдың еңбекқорлығын ерекше айтып өткім келеді. Боксқа деген қызығушылығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Аңыз жаттықтырушы десем қателеспеймін.

2023-2026 жылдары аралығындағы уақыт сіз үшін өте қиын өткенін естіп жатырмыз. Сол сәтте боксты тастап кету секілді ой болды ма? Соңына дейін берілмеуге не әсер етті?

  • Боксты қоям деген ойлар әрине болды. Тіпті 7-8 ай үзіліс болды. Өзімнің отбасымды құрдым. Түрлі жұмыстар істедім. Арасында такси жүргізушісі де болдым. 2025 жылы Ілияс  Оралбеков ағайым өз қол астына алып, мені айлыққа қойды. Тек жаттығу жаса, чемпион боласың деп мотивация берді.

65 келіде топ жару арқылы сіз осы салмақта бірінші нөмір екендігіңізді дәлелдедіңіз. Жетістігіңізден кейін бас бапкермен сөйлестіңіз бе? Сіздің жекпе-жектеріңізге бағасын берген шығар?

  • Бас бапкермен әлі сөйлеспедік. Жарыста ол кісімен сөйлесетін мүмкіншілік болмады. Бұйырса, алдағы оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда әлі талай бірге жұмыс істейтін сәттер туындайтыны анық.

11 ноября, 2026
9

Бокстан Қазақстан чемпионатында сенсация жасаған Әділбек Қожахан: 60 келіде алғаш рет жұдырықтастым

Бокстан 30 қазан – 6 қараша күндері аралығында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жаңа есімдердің бірі – Жетісу облысының тумасы Әділбек Қожахан болғаны сөзсіз. 

Әділбек, бірінші Қазақстан чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын! Өзіңіз дәл осылай сенсациялық түрде топ жарамын деп күттіңіз бе?

  • Рақмет үлкен! Иә, өзіме сенімді болып келдім. Ең бастысы, қарсыластарымның атақтарынан үркімей, психологиялық жағынан дайын болдым. Жеке бапкерімнің қолдауымен, ақыл-кеңесінің арқасында жеңістің ең биік сатысына көтеріліп жатырмын.

Чемпионат барысында осы салмақтың басты фавориттері саналған Асылжан Серікбай, Талғат Сырымбетов, Оразбек Асылқұлов және Бибарыс Жексенді 5:0 есебімен және жасөспірім мен жастар арасында Азия чемпионы Алдияр Баһадүрді 4:1 есебімен жеңдіңіз. Осы бес жекпе-жектің қайсысы сіз үшін ерекше болды? Танымал қарсыластарыңызбен айқастан кейін сөйлесу мүмкіндігі болды ма?

  • Барлық жекпе-жек өздігімен ерекше өтті. Мысалы, 1/8 және ¼ финалда Асылжан Серікбай мен Талғат Сырымбетовпен екінші нөмірде бокстасып, жеңіл және көп соққыларды дарыту тапсырмасы берілді. Ал жартылай финалда әлем чемпионы Оразбек Асылқұловпен жұдырықтасқанда, бірінші шабуылдамай және артқа шегінбей, оның соққыларын бір орында күтіп алу керек еді. Финалда да Бибарыс Жексеннің соққыларын күтіп, қарымта шабуылдармен жауап қайтардым. Барлық айқас оңай болмады. 5 жекпе-жекті де бөліп-жармаймын.

Қарсыластарымның арасынан Алдияр Баһадүр бауырымызбен инстаграм арқылы сөйлесіп, маған сәттілік тіледі және ақтық жекпеөжектен кейін Бибарыс ағамызбен де сөйлесіп, алғысымды білдірдім.

Сіз чемпионат барысында атақты қарсыластарыңызды жеңіп қана қоймай, көрермендерге жарқын шоу да көрсеттіңіз. Көпшілік сіздің бокс мәнеріңізді Төрехан Сабырханға ұқсатып жатты. Өзіңіз кімнің боксын үлгі тұтасыз?

  • ⁠Мен үшін үлгі тұтатын боксшы - Абылайхан Жүсіпов ағамыз. Ол кісінің өзін-өзі ұстауы, сауаттылығы, білімділігі мені қатты қызықтырады.

Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатысып жатырсыз. Ал жалпы 2026 жылы ересектер арасында өзге де бәсекелерде өнер көрсеттіңіз бе? 

  • 2026 жылы сәуір айында Атырауда Болат Теміровты еске алуға арналған U23 санатындағы турнирге қатыстым. Бұл жарыстың ерекшелігі – жеңімпаздар Джакартада өткен U23 Азия чемпионатында ел намысын қорғауға мүмкіндік алатын. Мен 55 келіде 4 жекпе-жекте жеңіске жетіп, өкінішке қарай, финалда жастар арасында әлем чемпионы Бексұлтан Боранбекке жол бердім. Одан кейін мамыр айында Сербияда ұйымдастырылған Belgrade Winner жарысының екінші айналымында 55 келідегі басты фавориттердің бірі саналатын Максим Зименкодан (Украина) есе жіберді.

Ал жасөспірімдер арасында 2024 жылы Астанада және 2025 жылы Бангкокте өткен U19 санатындағы Азия чемпионатында өнер көрсеттім.

Бұған дейін 55 келіде өнер көрсетіп жүрдіңіз. 60 келіге көтерілуіңізге не себеп болды? Осы жарыста алғаш рет 60 келіде өнер көрсеттіңіз бе?

  • ⁠Уақыт өткен сайын салмағым артып жатыр. Сондықтан ел чемпионатында алғаш рет 60 келіде жұдырықтастым.

Ересектер сапына ауысқаныңызға көп болмаса да, біршама мықтылармен жұдырықтасып үлгердіңіз. Сіз үшін дәл қазіргі сәтте қай жекпе-жек ерекше әсерін берді?

  • 2024 жылы Ресейдің Чита қаласында жастар арасында өткен «Даурия Еуразиялық кубогында» қазір әлем чемпионатының финалисі, Еуропа чемпионы саналатын Вячеслав Рогозинмен айқас өткізген едім. Сол жекпе-жек менің пайдама шешілмесе де, спорттық мансабымда алғаш рет жоғарғы деңгейдегі боксшымен кездесіп, үлкен тәжірибе алдым.

Өзіңіз қай жердің тумасысыз? Осы бойынша айта аласыз ба?

  • Мен Талдықорған қаласында туып-өстім. Балалық шағым да, спорттағы алғашқы қадамдарым да осы қалада басталды. №9 орта мектепте білім алып, мектеп бітіргенге дейін Бақыт Жазықбаев ағайымның жетекшілігімен боксқа машықтандым. Бокстың қыр-сырын үйреніп, спортшы ретінде қалыптасуыма алғашқы бапкерімнің қосқан үлесі зор.

  • Мектепті тәмамдағаннан кейін, Бақыт ағайымның рұқсатымен Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжіне оқуға түстім. Сол жерде Нұрбол Құлжабаев және Ерлан Билибеков ағайларымның қол астында жаттығуымды жалғастырдым. Қазіргі таңда жеке бапкерім — Ерлан Билибеков.

Жалпы боксқа қалай келдіңіз? Алғаш рет бокс залына барған сәтіңіз есіңізде ме? Бұл спорт түрін таңдауыңызға кім ықпал етті?

  • Боксқа келуге ықпалын тигізген туған ағам еді. Ағама қарап қатты боксқа қызығатынмын. Сөйтіп 10 жасымда осы спортқа келген болатынмын.

10 ноября, 2026
10