Қазақстан бокс федерациясы бапкерлерге арнайы семинар ұйымдастырды
Таразда Қазақстан бокс федерациясы жаттықтырушыларға арналған оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырды.
Аталмыш басқосуға еліміздің әр өңірінен 107 маман қатысты. Бес күн бойы олар отандық бокстың тәжірибелі өкілдерінен дәріс тыңдап, кәсіби білімдерін толықтыруға мүмкіндік алды.
Семинардың ерекшелігі - дәріс берушілер қатарында ұлттық құраманың әр жылдардағы бас бапкерлері мен отандық бокс мектебінің қалыптасуына үлес қосқан сала өкілдері де болды. Олар өздерінің көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, былғары қолғап шеберлерін даярлаудың қыр-сырына тоқталды.
Қазақстан бокс федерациясының жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі вице-президенті Қайрат Сәтжанов мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп, бастаманың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
- Қазақстан чемпионаты аясында ұлдар мен қыздар арасында жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өткіздік. Оған еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары, кезінде ұлттық құраманы басқарған Дамир Буданбеков, Ғалым Кенжебаев, Мырзағали Айтжанов, Әлімбек Балмағанбетов және Нұрлан Ақүрпеков қатысты. Олар өздерінің білімімдерімен бөлісті. Сондай-ақ команданың бас психологы Әсем Әбдрешевa да дәріс оқыды. Бұл осындай форматтағы алғашқы бастама. Алда жасөспірімдер мен жастар арасындағы Қазақстан біріншіліктері кезінде де осындай шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз - болашақта Азия, әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздарын тәрбиелейтін бапкерлердің шығуына жол ашу, - деді Қайрат Сәтжанов.
Бағдарлама аясында мамандар техникалық-тактикалық дайындықтың өзекті бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, әртүрлі мәнерде жұдырықтасатын қарсыластармен айқасу, солақай боксшыларға қарсы әрекет ету, соққы дәлдігі мен күшін арттыру, рингтегі қашықтықты тиімді пайдалану мәселелері қамтылды. Бұған қоса, спортшылардың психологиялық дайындығына да назар аударылды.
Жалпы оқу курсы 20 академиялық сағатқа созылды.
Семинар соңында қатысушыларға Қазақстан бокс федерациясының арнайы сертификаттары табысталды.
12 ноября, 2026
1
Абзал Серік: Бапкерім «Чемпион боласың» деп мотивация берді
Үш жыл бойы үлкен спорттан қол үзіп, отбасын асырау үшін түрлі жұмыста еңбек еткен Абзал Серік 2026 жылы шаршы алаңға қайта оралды. Араға бірнеше ай салып, Таразда өткен Қазақстан чемпионатында бес қарсыласын жеңіп, екінші мәрте ел чемпионы атанды.
Абзал, Қазақстан чемпионаты басталмас бұрын-ақ сіздің 65 келіде сіздің жарқын жекпе-жектеріңіз күтілді. Өзіңіз осы ел додасын асыға күткен шығарсыз? Жарыс алдында қобалжу болды ма?
Иә, осы чемпионатты асыға күттік. Чемпион атану үшін, ұзақ дайындалдық. Барлық қарсыластарымды зерттеп, дайын болдым. Жарыс алдында қобалжу болды. Өйткені 4 жылдан кейін ғана Қазақстан чемпионатына қатысып жатырмын. Бір ерекшелігі – мен өзім қатысқан 3 ел додасының барлығында финалға шыққан екенмін. 2021 жылы Оралда күміс жүлдеге ие болсам, 2022 жылы Павлодарда топ жардым. Енді 2026 жылы Тараз төрінде екінші мәрте чемпиондық атақты еншіледім.
Ел чемпионатына дейін Түркістанда Әбдісалан Нұрмаханов халықаралық турнирі, Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов Мемориалы және Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлын еске алу турниріне қатысып, ақырындап бабыма келдім.
Сіз бұған дейін 2022 жылы 67 келіде топ жарып едіңіз. Енді араға 4 жыл салып, Қазақстан чемпионатында жұдырықтастыңыз. Қарсыластарыңыздың барлығы сізге таныс болды ма?
Қазақстан чемпионатында ең көп 36 боксшы дәл осы 65 келіде тіркелді. Танымайтын спортшылар көп болғанын мойындаймын. Чемпион атану үшін, 5 айқас өткізуге тура келді. Алғашқы айналымда жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қатысушысы Әлихан Әскермен, 1/8 финалда 2025 жылы Семейдегі ел додасының қола жүлдегері Әбдіғалым Әбдікерім, ширек финалда U22 санатында 2 дүркін әлем чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов, финалда Париж Олимпиадасының ширек финалисі Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен жұдырықтастым. Өзім шыққан қарсыластардың барлығын жақсы танимын деп айта аламын.
Жеребенің нәтижесіне қарап, сіз осы салмақта көшбасшыға үмітті болған барлық дерлік (Нұрислам, Ертуған, Мұхаммедсабыр) боксшылармен айқасқаныңызды көреміз. Сіз үшін қай жекпе-жек ерекше болды?
Жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллиновпен бұған дейін 2021 жылы ел чемпионатының ширек финалында жеңген едім. Одан бері Ертуған осы салмақта біршама уақыт көшбасшы болды. 2 әлем чемпионатына қатысты. Оңай болмады. Ал финалда бала кезден бірге өскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен бірінші мәрте айқастым. 2018 жылдан бері араласып келеміз. Бапкерімнің қойып берген тактикасының арқасында жеңіс менің жағымда болды.
Әлеуметтік желіде сізді 4 жыл бұрын басқаша стильде жұдырықтасатындығыңызды айтып жатыр. Ал қазір өзгеріс бар деп айтады. Осы бойынша айта аласыз ба?
Қазіргі уақытта бапкерім ауысты. Біз қазіргі уақытты бұрыңғы стильге қосымша тағы да әдістер қосып жатырмыз. Бұрын тек алыс қашықтықта жұдырықтастым. Енді Ілияс Оралбеков ағайым барлық қашықтықта бокстасу тактикаларын үйретіп жатыр. Біз оны одан ары дамытып, шыңдаламыз.
Финалдық жекпе-жектен кейін Төрехан Сабырханның ерекше қуанып, рингке жүгіргеніне куә болдық. Төреханмен қанша уақыттан бері араласасыздар? Байланыстарыңыз қатты жақын секілді?
Төреханды кішкентай кезінен танимын. Жақын бауырым. Кіші болса да, бас болып жүрген жігіт. Әрқашан да бір-бірімізді қолдап жүреміз.
Бапкер Ілияс Оралбековтың сізден басқа да шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп жатты. Сізге де рингте «Әбеке» деп атауы ерекше естілді. Ол кісінің бапкерлік тұрғысынан қандай ерекшелігі бар деп айта аласыз?
Ілияс ағайдың еңбекқорлығын ерекше айтып өткім келеді. Боксқа деген қызығушылығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Аңыз жаттықтырушы десем қателеспеймін.
2023-2026 жылдары аралығындағы уақыт сіз үшін өте қиын өткенін естіп жатырмыз. Сол сәтте боксты тастап кету секілді ой болды ма? Соңына дейін берілмеуге не әсер етті?
Боксты қоям деген ойлар әрине болды. Тіпті 7-8 ай үзіліс болды. Өзімнің отбасымды құрдым. Түрлі жұмыстар істедім. Арасында такси жүргізушісі де болдым. 2025 жылы Ілияс Оралбеков ағайым өз қол астына алып, мені айлыққа қойды. Тек жаттығу жаса, чемпион боласың деп мотивация берді.
65 келіде топ жару арқылы сіз осы салмақта бірінші нөмір екендігіңізді дәлелдедіңіз. Жетістігіңізден кейін бас бапкермен сөйлестіңіз бе? Сіздің жекпе-жектеріңізге бағасын берген шығар?
Бас бапкермен әлі сөйлеспедік. Жарыста ол кісімен сөйлесетін мүмкіншілік болмады. Бұйырса, алдағы оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда әлі талай бірге жұмыс істейтін сәттер туындайтыны анық.
11 ноября, 2026
3
Бокстан Қазақстан чемпионатында сенсация жасаған Әділбек Қожахан: 60 келіде алғаш рет жұдырықтастым
Бокстан 30 қазан – 6 қараша күндері аралығында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жаңа есімдердің бірі – Жетісу облысының тумасы Әділбек Қожахан болғаны сөзсіз.
Әділбек, бірінші Қазақстан чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын! Өзіңіз дәл осылай сенсациялық түрде топ жарамын деп күттіңіз бе?
Рақмет үлкен! Иә, өзіме сенімді болып келдім. Ең бастысы, қарсыластарымның атақтарынан үркімей, психологиялық жағынан дайын болдым. Жеке бапкерімнің қолдауымен, ақыл-кеңесінің арқасында жеңістің ең биік сатысына көтеріліп жатырмын.
Чемпионат барысында осы салмақтың басты фавориттері саналған Асылжан Серікбай, Талғат Сырымбетов, Оразбек Асылқұлов және Бибарыс Жексенді 5:0 есебімен және жасөспірім мен жастар арасында Азия чемпионы Алдияр Баһадүрді 4:1 есебімен жеңдіңіз. Осы бес жекпе-жектің қайсысы сіз үшін ерекше болды? Танымал қарсыластарыңызбен айқастан кейін сөйлесу мүмкіндігі болды ма?
Барлық жекпе-жек өздігімен ерекше өтті. Мысалы, 1/8 және ¼ финалда Асылжан Серікбай мен Талғат Сырымбетовпен екінші нөмірде бокстасып, жеңіл және көп соққыларды дарыту тапсырмасы берілді. Ал жартылай финалда әлем чемпионы Оразбек Асылқұловпен жұдырықтасқанда, бірінші шабуылдамай және артқа шегінбей, оның соққыларын бір орында күтіп алу керек еді. Финалда да Бибарыс Жексеннің соққыларын күтіп, қарымта шабуылдармен жауап қайтардым. Барлық айқас оңай болмады. 5 жекпе-жекті де бөліп-жармаймын.
Қарсыластарымның арасынан Алдияр Баһадүр бауырымызбен инстаграм арқылы сөйлесіп, маған сәттілік тіледі және ақтық жекпеөжектен кейін Бибарыс ағамызбен де сөйлесіп, алғысымды білдірдім.
Сіз чемпионат барысында атақты қарсыластарыңызды жеңіп қана қоймай, көрермендерге жарқын шоу да көрсеттіңіз. Көпшілік сіздің бокс мәнеріңізді Төрехан Сабырханға ұқсатып жатты. Өзіңіз кімнің боксын үлгі тұтасыз?
Мен үшін үлгі тұтатын боксшы - Абылайхан Жүсіпов ағамыз. Ол кісінің өзін-өзі ұстауы, сауаттылығы, білімділігі мені қатты қызықтырады.
Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатысып жатырсыз. Ал жалпы 2026 жылы ересектер арасында өзге де бәсекелерде өнер көрсеттіңіз бе?
2026 жылы сәуір айында Атырауда Болат Теміровты еске алуға арналған U23 санатындағы турнирге қатыстым. Бұл жарыстың ерекшелігі – жеңімпаздар Джакартада өткен U23 Азия чемпионатында ел намысын қорғауға мүмкіндік алатын. Мен 55 келіде 4 жекпе-жекте жеңіске жетіп, өкінішке қарай, финалда жастар арасында әлем чемпионы Бексұлтан Боранбекке жол бердім. Одан кейін мамыр айында Сербияда ұйымдастырылған Belgrade Winner жарысының екінші айналымында 55 келідегі басты фавориттердің бірі саналатын Максим Зименкодан (Украина) есе жіберді.
Ал жасөспірімдер арасында 2024 жылы Астанада және 2025 жылы Бангкокте өткен U19 санатындағы Азия чемпионатында өнер көрсеттім.
Бұған дейін 55 келіде өнер көрсетіп жүрдіңіз. 60 келіге көтерілуіңізге не себеп болды? Осы жарыста алғаш рет 60 келіде өнер көрсеттіңіз бе?
Уақыт өткен сайын салмағым артып жатыр. Сондықтан ел чемпионатында алғаш рет 60 келіде жұдырықтастым.
Ересектер сапына ауысқаныңызға көп болмаса да, біршама мықтылармен жұдырықтасып үлгердіңіз. Сіз үшін дәл қазіргі сәтте қай жекпе-жек ерекше әсерін берді?
2024 жылы Ресейдің Чита қаласында жастар арасында өткен «Даурия Еуразиялық кубогында» қазір әлем чемпионатының финалисі, Еуропа чемпионы саналатын Вячеслав Рогозинмен айқас өткізген едім. Сол жекпе-жек менің пайдама шешілмесе де, спорттық мансабымда алғаш рет жоғарғы деңгейдегі боксшымен кездесіп, үлкен тәжірибе алдым.
Өзіңіз қай жердің тумасысыз? Осы бойынша айта аласыз ба?
Мен Талдықорған қаласында туып-өстім. Балалық шағым да, спорттағы алғашқы қадамдарым да осы қалада басталды. №9 орта мектепте білім алып, мектеп бітіргенге дейін Бақыт Жазықбаев ағайымның жетекшілігімен боксқа машықтандым. Бокстың қыр-сырын үйреніп, спортшы ретінде қалыптасуыма алғашқы бапкерімнің қосқан үлесі зор.
Мектепті тәмамдағаннан кейін, Бақыт ағайымның рұқсатымен Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжіне оқуға түстім. Сол жерде Нұрбол Құлжабаев және Ерлан Билибеков ағайларымның қол астында жаттығуымды жалғастырдым. Қазіргі таңда жеке бапкерім — Ерлан Билибеков.
Жалпы боксқа қалай келдіңіз? Алғаш рет бокс залына барған сәтіңіз есіңізде ме? Бұл спорт түрін таңдауыңызға кім ықпал етті?
Боксқа келуге ықпалын тигізген туған ағам еді. Ағама қарап қатты боксқа қызығатынмын. Сөйтіп 10 жасымда осы спортқа келген болатынмын.
10 ноября, 2026
3
Жасөспірімдеріміз Олимпиаданы жеңіспен бастады
Сенегал астанасы Дакарда төртінші жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы өтіп жатыр.
54 келіде Марал Төлепберген алғашқы жекпе-жегінде Ұлыбритания өкілі Калси Джаямен жұдырықтасып, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін U19 әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 70 келідегі Бибарыс Әшірбай Ливия спортшысы Мохамед Джихадты айқын басымдықпен жеңді.
Бұған дейін қалай өнер көрсеткенбіз?
14-18 жас аралығындағы спортшылардың бәсекесі ресми түрде 2010 жылы Сингапурдан бастау алып, әр төрт жыл сайын бір мәрте ұйымдастырылады.
2010 жылы бокстан 75 келіде Әділет Рақышев дебют жасап, 5-орынға тұрақтаған еді.
2014 жылы Нанкиндегі (Қытай) екінші жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасында көпшілікке жақсы таныс Абылайхан Жүсіпов 60 келіде топ жарса, 81 келіде Вадим Казаков күміс жүлдеге ие болды.
2018 жылы Буэнос-Айрестегі жасөспірмдер Олимпиадасында жеңіс жолын ұлттық құраманың қазіргі капитаны Айбек Оралбай (91 келі) жалғады. Ал Талғат Шайкен (64 келі) мен Дамир Тойбай (+91 келі) күміс жүлдемен күптелді.
Ал 2022 жылы Дакарда өтуі тиіс болған Олимпиада ойындары пандемияға байланысты 2026 жылға шегерілген болатын.
Қазақстан намысын кімдер қорғайды?
4-12 қараша аралығында жоспарланған бокс жарысына Қазақстан тарапы 3 шақырту алды. Жалпы 10 салмақ (5 ер, 5 қыз) бойынша 79 елден 120 боксшы (әр салмақта 12 спортшы) шақырту алды.
70 келі. Бибарыс Жексен - осы аптада ғана Будвада (Черногория) өткен U19 санатындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Шілде айында Джакартадағы (Индонезия) U19 Азия чемпионатында топ жарды.
54 келі. Марал Төлепберген - U17 санатындағы Азия чемпионатының жеңімпазы
57 келі. Ақнұр Тұрсынғали - U19 санатындағы Азия чемпионатының қол жүлдегері
09 ноября, 2026
3
Қазақстан чемпионатының финалы қалай өтті?
30 қазан - 6 қараша күндері аралығында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионаты аяқталды.
20 салмақта сынға түскен 337 боксшы (223 ер, 124 әйел) бір апта бойы шаршы алаңда жеңімпазды анықтады.
Әйелдер арасында Гүлназ Бөрібаева (48 келі), Виктория Графеева (60 келі), Шұғыла Нәлібай (75 келі), Елдана Талипова (+80 келі) және ерлер арасында Нұрзат Оңғаров (50 келі), Әділбек Қожахан (60 келі), Фарух Тоқтасынов (70 келі), Нұрбек Мурсал (75 келі), Санжар-Али Бегалиев (Шымкент қ) өз мансаптарында алғаш рет чемпион атанды.
Жекпе-жексіз чемпион атанғандар
Әйелдер арасында 80 келідегі U19 санатында әлем чемпионатының қатысушысы Айдана Убайдуллақызының (Қарағанды обл) жекпе-жектен бас тартуына байланысты жеңіс Надежда Рябецке (Қостанай обл) берілді.
Ерлер арасында да аса ауыр салмақтағы Ерсұлтан Сапар финалға шығудан бас тартты. Нәтижесінде Данияр Рахымбердинов (Алматы қ) чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Күтпеген нәтиже
3 дүркін әлем чемпионы, 54 келідегі Назым Қызайбай финалда Элина Базароваға (Шымкент қ) жол берді. Есеп: 2:3.
90 келіде де Дәулет Төлемісов осы салмақтың көшбасшысы болған Сағындық Тоғамбайға еш мүмкіндік бермеді. Есеп: 5:0.
Көптен күткен жеңіс
4 жылдан кейін Қазақстан чемпионатына қатысқан Абзал Серік (Шымкент қ) финалда Париж Олимпиадасының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлынан айласын асырып кетті.
Жамбыл облысы күткен алтын
Жарыс қожайыны Жамбыл облысы 3 жылдан кейін алтын жүлдеге қол жеткізді. Ең жеңіл 50 келіде сынға түскен Нұрзат Оңғаров финалда Жетісу облысының өкілі Диас Берікбайды жеңді.
07 ноября, 2026
11
Ерлер арасында Қазақстан чемпионатының жартылай финалы қалай өтті?
Бүгін Тараз қаласында бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық айқастары аяқталды.
Күннің басты сенсациялары
Күндізгі сессия бірден күтпеген нәтижемен басталды. 50 келіде кейінгі екі Қазақстан чемпионатында топ жарған Даниал Сәбит (БҚО) жарыс қожайыны Нұрзат Оңғаровқа 2:3 есебімен жол берді.
Осы салмақтағы екінші жартылай финалда жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Диас Берікбай Маңғыстау облысының өкілі Дамир Әбдіқадырдан 5:0 есебімен басым түсті.
55 келіде Бексұлтан Хужанжар (Шымкент қ) осы салмақта алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі саналған Тимур Қабдешовке (Ақмола обл) еш мүмкіндік бермеді. Есеп: 5:0.
Ал күннің ең басты сенсациясы 60 келіде тіркелді. Жетісу облысының жас боксшысы Әділбек Қожахан әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұловтың өзін 5:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
Аса ауыр салмақта да күтпеген нәтиже тіркелді. Кейінгі екі жылда Қазақстан чемпионы атағын ешкімге бермей келе жатқан Нұрлан Сапарбай (Түркістан обл) Алматы қаласының өкілі Данияр Рахымбердиновке 1:4 есебімен есе жіберді.
Жекпе-жексіз финалға шыққандар
Бүгінгі жартылай финалда екі боксшы қарсыластарының айқасқа шықпауына байланысты финалға жолдама алды.
60 келіде Жамбыл облысының өкілі Рамазан Орынбасар жарыс қожайыны Бибарыс Жексенмен өтетін жекпе-жекке шығудан бас тартты.
90 келіде де Ілияс Жандау (Астана қ) Ақтөбе облысының боксшысы Дәулет Төлемісовпен болатын жартылай финалдық кездесуге шықпады.
Күннің басты жекпе-жектері
65 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері, осы салмақтың көшбасшыларының бірі Ертуған Зейнуллинов пен Абзал Серік арасындағы кездесу тартысты өтті. Айқас тағдыры шешуші раундта анықталып, нәтижесінде Абзал 5:0 есебімен жеңіске жетті.
70 келіде Елнұр Сүйінбай мен Алмат Әбдуәли үш раунд бойы жоғары қарқында жұдырықтасты. Тартысты кездесудің қорытындысында төрешілер 3:2 есебімен Елнұрдың қолын көтерді.
80 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар-Али Бегалиев (Шымкент қ) былтырғы Қазақстан чемпионы Ерасыл Жақпековпен (Абай обл) шеберлік байқасты. Үш раундқа созылған шиеленісті жекпе-жекте Санжар-Али 3:2 есебімен жеңімпаз деп танылды.
75 келіде U22 және U23 санаттарындағы Азия чемпионы Аман Қонысбеков әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұлға еш мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Жарқын нокаут
85 келіде әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы Сұлтанбек Айбарұлы (Алматы қ) 75 келіден жоғары салмаққа ауысқан Тимур Нұрсейітовпен (Астана қ) кездесіп, Сұлтанбек үшінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірді.
06 ноября, 2026
10
Қазақстан чемпионатының жартылай финалы: сенсация, тартысты айқастар және фавориттердің жеңісі
Тараз қаласында әйелдер арасында жартылай финалдық айқастар өтті.
Күннің басты сенсациялары
57 келіде Алматы қаласының өкілі Шахназ Исаева әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Карина Ибрагимованы сенсациялық түрде жеңді. Есеп: 3:2.
Аса ауыр салмақта да күтпеген нәтиже тіркелді. Біршама уақыт үзілістен кейін шаршы алаңға оралған 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елдана Талипова осы салмақтың көшбасшысы Валерия Аксеновамен тартысты жекпе-жек өткізіп, жеңісті өз еншісіне жазды. Есеп: 4:1.
Араға 7 жыл салып өткен айқас
54 келіде көпшілік асыға күткен кездесу өтті. Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай мен әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Жайна Шекербекова араға 7 жыл салып, шаршы алаңда қайта жолықты. Тәжірибелі боксшылар арасындағы бәсекеде Назым Қызайбай төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Әлем чемпиондарының сенімді жеңісі
60 келіде әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы Виктория Графеева былтырғы Қазақстан чемпионы Римма Волосенкомен қолғап түйістірді. Нәтижесінде Виктория басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
65 келіде екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева да қарсыласына мүмкіндік қалдырмады. Ол Батыс Қазақстан облысының өкілі Ақнар Ищанованы 5:0 есебімен жеңді.
Тәжірибе мен шеберлік сынға түсті
Ең жеңіл 48 келіде бес баланың анасы Әйгерім Сәттібаева жастар арасындағы Азия чемпионы Айым Тәңкібаевамен (Түркістан обл) жұдырықтасты. Тәжірибелі боксшы шеберлігін көрсетіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
80 келіде Надежда Рябец Азия чемпионы Гүлсая Ержаннан айласын асырды. Қостанай облысының өкілі үш раунд қорытындысында 5:0 есебімен басым түсті.
70 келіде биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Бақыт Сейдіш те сенімді өнер көрсетті. Ол Анастасия Баязитованы (Қостанай обл) жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.
Ал +80 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері Дина Исламбекова Әсел Тоқтасынмен кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Екінші раундта Дина айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Жекпе-жексіз берілген финал жолдамалары
57 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алина Құдайгенова жекпе-жекке шықпады. Нәтижесінде Ұлжан Сәрсенбек финалға автоматты түрде өтті.
75 келіде де осындай жағдай тіркелді. Жасмин Қизатова U22 санатындағы Азия чемпионы Азиза Исинамен өтетін кездесуге шықпай, қола жүлдеге иелік етті.
05 ноября, 2026
26
Қазақстан чемпионатының жартылай финалына қандай жаңа боксшылар шықты?
Бүгін бокстан Тараз қаласында Қазақстан чемпионатының жартылай финалы басталады. Осы орайда ұлттық құрамаға кіруге мүмкіндік алған боксшылар жайлы кішігірім мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік.
Жартылай финал
Ерлер
50 келі. Орташа жасы: 23 жас Даниял Сәбит (БҚО, 2002 жыл) – Нұрзат Оңғаров (Жамбыл обл, 2005 жыл)
Бексұлтан Хужанжар алғаш рет қатысып, жарыс жолында жастар арасында әлем чемпионы Бексұлтан Боранбек және U22 санатында Азия чемпионы Кенже Мұратұлын жарыстан шығарды. Нұрислам Бекен өткен жылы ширек финалда тоқтаған. Биыл Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алу турнирінің финалында Сәкен Бибосыновты нокдаунға түсіру арқылы танымал болды.
Жастар арасында ел чемпионы, U19 санатында биылғы Азия чемпионатының қатысушысы Әділбек Қожахан қос бірдей фаворитті ұшырды. Алдымен Сабырхандар залында жаттығатын Асылжан Серікбай (Шымкент қ) жеңсе, одан кейін Талғат Сырымбетовке (Қарағанды обл) еш мүмкіндік қалдырмады.
Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қатысушысы Рамазан Орынбасардың да жартылай финалға шығуы көпшілік үшін күтпеген жайт ретінде тіркелді.
2021 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарған Әбілхан Аманқұл араға 5 жыл салып, қайта жүлдегерлер қатарына енді. Павлодар облысының өкілі Акбар Қазақбай бірінші рет жартылай финалға өтті. 70 келіде өткен жылғы қола жүлдегер Нұрбек Мурсал осы жолы жаңа салмақта да әлеуетін дәлелдей алды.
75 келіде былтырғы күміс жүлдегер Тимур Нұрсейітов биыл бірден 10 келі қосып, жартылай финалға жетті. Ал Бекнұр Батырбек былтыр ширек финалда тоқтаған еді.
Сағындық пен Нурмагамед былтыр финалда өзара мықтыны анықтаса, осы жолы жартылай финалда жолығады. Астана қаласының спортшысы Ілияс Жандау бірінші мәрте жүлдегерлер қатарына кірсе, былтырғы 85 келіде ел чемпионы Дәулет Төлемісов 90 келіде де жарысты жалғастырып келеді.
+90 келі. Орташа жасы: 24 жас Нұрлан Сапарбай (Түркістан обл, 1997 жыл) – Данияр Рахымбердинов (Алматы қ, 1998 жыл)
Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күнінде қандай жайттар тіркелді?
Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні мәресіне жетті.
Бүгін ерлер арасында 55, 60, 80, 90, +90 келі және әйелдер арасында 51, 57, 70, +80 келі салмақ дәрежелерінде жартылай финалистер анықталды.
Сенсациялар
60 келіде Жетісу облысының жас боксшысы Әділбек Қожахан кезекті сенсациясын тіркеді. Ол 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетовтен (Қарағанды обл) үш раунд бойы басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді 19 жастағы боксшы әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұловпен кездеседі.
Әйелдер арасында бір апта бұрын ғана U19 әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Алина Құдайгенова (Қарағанды обл) ширек финалда қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ересектер арасындағы ел чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шықты. Оның келесі қарсыласы – жастар арасында әлем чемпионы, былтырғы Қазақстан чемпионы Ұлжан Сәрсенбек.
Басты жекпе-жектер
55 келіде Тимур Қабдешов (Ақмола обл) үш раунд бойы жоғары қарқында өткен тартысты айқаста кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі Бекзат Алдамжаровтан (Ақтөбе обл) айласын асырды.
80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент қ) 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Азамат Бектасқа (Қызылорда обл) қарсы жарқын өнер көрсетіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
75 келіде әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұл (Жамбыл обл) осы салмақта ұзақ жылдар бойы көшбасшылардың бірі болған Нұрқанат Райысқа (Маңғыстау обл) еш мүмкіндік бермеді. Есеп: 5:0.
80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Өнер Сейілхан (БҚО) U22 санатындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқарға (Астана қ) қарсы сауатты тактикалық бокс көрсетті. Қарсыласының соққыларынан шебер қорғанып, қарымта шабуылдар арқылы ұпай жинаған ол жартылай финалға өтті.
Әйелдер арасында әлем чемпионы, 38 жастағы Ләззат Күңгейбаева (Астана қ) жарыс жолын аяқтады. Ол 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатының финалисі Елдана Талиповаға есе жіберді.
Фавориттер
50 келіде Даниял Сәбит қарсыласынан айқын басым түсіп, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
55 келіде Нұрсұлтан Алтынбек тартысты жекпе-жекте кезекті жеңісіне қол жеткізсе, 60 келіде Бибарыс Жексен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі Жансері Көшербаевты (Ақтөбе обл) жарыс жолынан шығарды.
65 келіде Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Абзал Серік және Нұрислам Қалдыбаев жеңісті жолын жалғастырды.
Сондай-ақ Ерасыл Жақпеков (80 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Дәулет Төлемісов (90 келі) келесі кезеңге жолдама алды.
Айта кетейік, Тараздағы Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.
03 ноября, 2026
33
Алғашқы сенсациялар: Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні қалай өтті?
Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні аяқталды.
Басты сенсациялар
Жастар арасында әлем чемпионы, шілде ацында ғана U23 санатында Азия чемпионатының финалисі, 55 келідегі Бексұлтан Боранбек (Жамбыл обл) үш раунд бойы Бексұлтан Хужанжардың (Шымкент қ) кілтін таба алмады. Есеп: 0:5.
60 келіде «Хижняк» лақап атымен белгілі Асылжан Серікбай да (Шымкент қ) Жетісу облысының жас боксшысы, шілде айында U19 санатында Азия чемпионатына қатысқан Әділбек Қожаханнан есе жіберді. Есеп: 0:5
Жеңісті жұлып алған спортшылар
55 келіге төмендеген Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда обл) жарыс қожайыны Досымжан Таңатардан жеңісті жұлып алып, сенсация тіркеуге мүмкіндік бермеді.
Жастар арасында әлем чемпионатының финалисі, 60 келідегі Жансері Көшербаев (Ақтөбе обл) 2 раунд бойы төреші қағазында артта қалғанымен, шешуші раундта камбэк жасап кетті. Есеп: 3:2.
60 келіге төмендеген Жандос Қыдыралиев те осы салмақта жүлдеге үміткер саналған Руслан Күзеубаевтан (Абай обл) айласын асырып кетті.
Фавориттер
Әлем чемпионатының финалисі, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл бірінші жекпе-жегінде Нұртілеу Алиакбаровты (Алматы қ) жеңгенімен, қарсылас лайықты деңгейде жұдырықтаса білді.
85 келіде Темірлан Мұқатаев (Астана қ) айқын басымдықпен жеңіске жетсе, осы салмақтағы Сұлтан Айбарұлы (Алматы обл) шешуші раундта Еркебұлан Әкімбайдан (Алматы обл) жеңісті жұлып алды.
Әлем чемпионы, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл) мен Талғат Сырымбетов (Қарағанды обл) әзірше қарсыластарынан бір бас жоғары жұдырықтасып келеді.
Жарақат
Аса ауыр салмақта Қарағанды облысының өкілі Расул Асанханов 2 раунд бойы бес төрешінің қағазында да алда келе жатқанымен, қолынан алған жарақатына байланысты жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.
02 ноября, 2026
34
Қазақстан чемпионатының екінші жарыс күні қалай өтті?
Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші жарыс күні аяқталды.
Күннің басты жекпе-жегі
70 келіде жүлдеге үміткерлердің бірі, жарыс қожайыны Елнұр Сүйінбай бірінші айналымда Ерасыл Қалдарбекті (Шымкент қ) нокдаунға жіберіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Кешкі сессияда 3 жылдан кейін шаршы алаңға оралған Абзал Серік (Шымкент қ) 2024 жылы жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлихан Әскер екеуі 3 раунд бойы жоғары қарқында жекпе-жек өткізіп, көрермендерге жарқын шоу сыйлады. Нәтижесінде Абзал 5:0 есебімен басым түсті.
Басты камбэк
Әйелдер арасында әлем чемпионы, аса ауыр салмақтағы Ләззат Күңгейбаева (Астана қ) алғашқы раундта Умида Садыковадан (Алматы обл) есе жіберсе де, қалған уақытта жекпе-жекті өз пайдасына шеше білді. Есеп: 4:1.
70 келіде U19 санатында әлем чемпионатының финалисі Асылхан Көшербай шешуші үш минуттықта Сұлтан Тұрдалының (Түркістан обл) бауырына жойқын соққы жасап, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Күтпеген жеңілістер
Жастар арасында Азия чемпионы, 65 келідегі Бақтияр Анарбаев бірінші раундтағы басымдығын уысынан шығарып, күтпеген жерден Ерхан Оңталапқа (Қызылорда обл) жол берді.
Әйелдер арасында 57 келіде Астанадағы әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері Айдана Забынбекова (Ұлытау обл) 3 раунд бойы шабуылдаумен болса да, Шахназ Исаеваның (Алматы қ) кілтін таба алмады. Есеп: 5:0.
Танымал боксшылар
65 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, U22 санатында 2 дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, Илья Калинин және 70 келіде Фарух Тоқтасынов, Дархан Дүйсебай, әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 келі), Ұлжан Сәрсенбек сенімді жеңістерін тіркеді.
Жарқын дебют
27 қазан күні Будвада (Черногория) өткен U19 әлем чемпионатының финалында жұдырықтасқан күміс жүлдегер Алина Құдайгенова (Қарағанды обл) ел чемпионатының алғашқы айналымында Елаиза Көшекованы (Шымкент қ) айқын басымдықпен жеңді.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.