Қазақстан чемпионатының алғашқы күнінде фавориттер жеңіске жетті

Араға 12 жыл салып, Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.
Сенімді жеңістер
Күндізгі сессияда 55 келідегі Бағлан Кенжебек, Жандәулет Сәрсенбаев пен Нұрислам Бекен жеңіске жетті.
Ал кешкі сессияда әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов (60 келі), сондай-ақ Бибарыс Жексен, Талғат Сырымбетов, Дәулет Молдашев, Руслан Күзеубаев және Дархан Дүйсебай (70 келі) келесі кезеңге жолдама алды.
Айқын жеңістер
50 келіде кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі, биыл 55 келіге ауысқан Бекзат Алдамжаров алғашқы жекпе-жегін ұзаққа созбады. Ол Владислав Плкхановты (СҚО) бірінші раундта-ақ айқын басымдықпен жеңді.
Ал 75 келіде былтыр күміс жүлдегер атанып, биыл 85 келіге ауысқан Тимур Нұрсейітовке (Астана қаласы) алғашқы айқасында қиындық тумады. Ол екінші раундта Нұрасыл Кәрімбекті (ШҚО) жекпе-жекті жалғастыру мүмкіндігінен айырды.
Сенсацияға жақын жекпе-жектер
22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанған Кенже Мұратұлы мен 60 келідегі «Хижняк» лақап атымен танылған Асылжан Серікбай алғашқы раундта қарсыластарына жол бергенімен, шешуші раундта кездесудің барысын өз пайдасына өзгерте алды.
Ересектер санатына ауысқан жас таланттар
Бүгінгі жарыс күнінде жастар санатында өздерін танытып үлгерген бірқатар боксшы да өнер көрсетті.
55 келіде жастар арасындағы Азия чемпионы Досымжан Таңатар, 65 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлихан Әскер қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
Ал 60 келіде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Нығмет Нығман, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Нұрасыл Төлебек және Азия чемпионы Алдияр Бахадүр алғашқы айналымда жарыс жолын аяқтады.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.













