Жанкелді Ахметов: Жастар құрамасының 80 пайызы ересектер санатына ауысады

U19 қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Жанкелді Ахметов әлем чемпионатының қорытындысын шығарып, спортшылардың өнеріне баға берді.
«Спортшыларымызды, олардың бапкерлерін және спорт басшыларын құттықтаймын. Жалпы, жарыс алдында 4 алтын медаль аламыз деп жоспарлаған едік. Алайда бұл мақсатқа толық жете алмадық.
Зарина Толыбайды, Камила Оспанованы, Мадина Жұмақанды және Алина Құдайгенованың осы әлем чемпионатында жеңіске жетуін күткен болатынмын. Алинаның жекпе-жегін өздеріңіз де көрдіңіздер. Жақсы өнер көрсетті, бірақ жеңіске жетуге күші жетпей қалды. Мадина Жұмақан да өзбекстандық боксшыдан жеңіліп қалды. Дегенмен оның да өнерін жақсы бағалаймын.
Жалпы, қыздардың өнеріне көңілім толады. Бір-екі салмақта қателіктер жібердік. Қалған спортшыларымыздың барлығы жақсы жұдырықтасты», – деді Жанкелді Ахметов.
Бас бапкердің айтуынша, әлем чемпионатынан кейін 2008 жылы туған спортшылардың басым бөлігі ересектер санатына ауысады.
«Қазіргі жастар құрамасының 80 пайызы ересектер арасында өнер көрсететін болады. Ал жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты Қостанай қаласында 29 қараша мен 6 желтоқсан аралығында өтеді. Оған әлем чемпионатына қатысқан қыздарымызбен қатар еліміздің барлық өңірінен келген командалар қатысады», – деді ол.
World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтті. Дүбірлі додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.













