МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

U19 Әлем чемпионатының екінші жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының екінші жарыс күнінде 2 отандасымыз жарыс жолына шықты.

Қыздар арасындағы бәсекеде 65 келідегі Айсұлу Мұхит 1/16 финалда Канада өкілі Мариан Тессиермен жолықты.

Отандасымыз 3-раундта да қарсыласынан бір бас жоғары болып, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Есеп: 5:0.

Ерлер арасында 65 келідегі Ақжүрек Қалабай 1/32 финалда Қытай боксшысы Кун Вангпен жұдырықтасты.

Жекпе-жек ұзаққа созылмады. Алғашқы раундта-ақ қос боксшы ашық шабуылдармен алмасып, Қытай өкілі қабағындағы жарақатына байланысты айқасты жалғастыра алмады. Осылайша төрешілер жеңісті жерлесімізге берді.

18 октября, 2026
1

Владислав Саможонов әлем чемпионатында алғашқы қарсыласын айқын басымдықпен жеңді

Бүгін Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионаты басталды.

Жарыстың алғашқы күнінде аса ауыр салмақта фавориттердің бірі саналатын Владислав Саможонов 1/8 финалда Хакан Дениз Коскунмен (Түркия) жолы түйісті.

Алғашқы минуттан басымдықты қолға алған отандасымыз раунд сайын қарқынын арттырып, жекпе-жекті өз бақылауына алды. Нәтижесінде төреші 3-раундта айқасты тоқтатып, жеңісті Владислав Саможоновқа берді. Техникалық нокаут!

16–27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты өтуде.

Жарысқа 69 ұлттық федерацияның атынан 474 спортшы қатысуда. Олардың 306-сы - ерлер, 168-і - қыздар.

17 октября, 2026
3

U19 әлем чемпионатында ерлеріміз кімдермен жұдырықтасады?

Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан U19 әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының ерлер арасындағы жеребесі белгілі болды.

16–27 қазан аралығында өтетін жаһандық додада 10 салмақ дәрежесі бойынша 306 боксшы бақ сынайды. Бақыт Сәрсекбаев бастаған Қазақстан құрамасы барлық салмақта әлем чемпионатының жүлделеріне таласады.

Ерлер құрамасының жеребесі:

50 келі (29 боксшы)

Әділ Асқанбай 1/8 финалда Украина өкілі Михайло Сидоренко мен Түркіменстан боксшысы Безирген Аннаев арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.

55 келі (37 боксшы)

Айдос Үсенов 1/16 финалда Румыния өкілі Разван-Йонит Панейнтпен қолғап түйістіреді.

60 келі (38 боксшы)

Данияр Ақбисенов 1/16 финалда Шотландия өкілі Рубин Кларксон мен Грузия боксшысы Сандро Капанадзе арасындағы айқастың жеңімпазымен жұдырықтасады.

65 келі (45 боксшы)

Ақжүрек Қалабай 1/32 финалда Қытай боксшысы Кун Вангқа қарсы шаршы алаңға шығады.

70 келі (35 боксшы)

Бибарыс Әшірбай 1/16 финалда Аргентина өкілі Сантьяго Хименез Лоссомен кездеседі.

75 келі (28 боксшы)

Әмір Рамазан 1/16 финалда Өзбекстан боксшысы Сухроб Рахматуллаевпен күш сынасады.

80 келі (33 боксшы)

Тимур Тайбеков 1/16 финалда Португалия өкілі Гонсало Родригеске қарсы жұдырықтасады.

85 келі (22 боксшы)

Руслан Ахметов 1/16 финалда Болгария боксшысы Николай Ивановпен кездеседі.

90 келі (23 боксшы)

Еркетаң Жарқынбек 1/8 финалда Грекия өкілі Азанасиос пен Мексика боксшысы Рамиро Нунез арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен айқасады.

+90 келі (16 боксшы)

Владислав Саможонов 1/8 финалда Түркия өкілі Хакан Дениз Коскунмен жұдырықтасады.

Айта кетейік, World Boxing ұйымы U19 санатындағы әлем чемпионатын алғаш рет 2024 жылы АҚШ-тың Пуэбло қаласында өткізді. Сол жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс медаль жеңіп алған болатын.

16 октября, 2026
8

U19 санатындағы әлем чемпионатында аруларымыздың алғашқы қарсыластары белгілі болды

World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан U19 санатындағы әлем чемпионатында жеребе тарту рәсімі өтті.

16–27 қазан аралығында өтетін жаһандық додада қыздар арасындағы 10 салмақ дәрежесінде 168 боксшы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы барлық салмақта жүлдеге таласады.

Қыздар құрамасының жеребесі:

48 келі (21 боксшы)
Жадыра Қалтай 1/8 финалда АҚШ өкілі Сиана Нонзфала мен Армения боксшысы Хамест Африкиан арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.

51 келі (23 боксшы)
Мадира Жұмақан 1/8 финалда Италия өкілі Корин Мари Фави мен Словакия боксшысы Доминика Внукова арасындағы айқастың жеңімпазымен жұдырықтасады.

54 келі (20 боксшы)
Жанель Имантаева 1/8 финалда Шотландия өкілі Росие Свейлес пен Грекия боксшысы София Нтилоу арасындағы жекпе-жектің жеңімпазын күтеді.

57 келі (20 боксшы)
Алина Құдайгенова 1/8 финалда Бразилия өкілі Мейра Алвеспен кездеседі.

60 келі (21 боксшы)
Индира Қыдырмолдаева 1/8 финалда Қырғызстан боксшысы Азизахон Пазиловамен қолғап түйістіреді.

65 келі (22 боксшы)
Айсұлу Мұхит 1/16 финалда Канада өкілі Мариан Тессиермен күш сынасады.

70 келі (16 боксшы)
Камила Оспанова 1/8 финалда Хорватия боксшысы Лорена Хорватқа қарсы шаршы алаңға шығады.

75 келі (13 боксшы)
Алтынгүл Аймахан ширек финалда Қытай өкілі Шенгжие Гонг пен Үндістан боксшысы Аншика арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.

80 келі (6 боксшы)
Айдана Убайдуллақызы ширек финалда Украина өкілі София Новиковамен жұдырықтасады.

+80 келі (6 боксшы)
Зарина Толыбай ширек финалда Тувалу боксшысы Френцис Таафакиге қарсы жекпе-жек өткізеді.

Айта кетейік, World Boxing ұйымы U19 санатындағы әлем чемпионатын алғаш рет 2024 жылы АҚШ-тың Пуэбло қаласында ұйымдастырған болатын. Сол жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс медаль иеленді.

16 октября, 2026
3

Вице-президент Дархан Қызайбаев жаттықтырушылармен және ҚБФ ұжымымен жиын өткізді

Қазақстан бокс федерациясының бірінші вице-президенті Дархан Қызайбаев жаттықтырушылармен және федерация ұжымымен жұмыс кездесуін өткізді.

Жиын барысында Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарындағы қазақстандық боксшылардың нәтижелері қорытындыланып, жарыс қорытындысы бойынша бірқатар өзекті мәселе талқыланды.

Сонымен қатар, алдағы Қазақстан чемпионатына дайындық барысы және жыл соңына дейін жоспарланған халықаралық жарыстарға қатысты мәселелер қарастырылды. Басқосуда алдағы кезеңге арналған міндеттер мен жарыстарға дайындық мәселелеріне назар аударылды.

 
15 октября, 2026
3

19 жасқа дейінгі ерлер құрамасы әлем чемпионатына аттанды

Кеше түнде Бақыт Сәрсекбаев тізгіндейтін U19 ерлер құрамасы Алматыдан Будваға ұшып кетті.

19 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан World Boxing ұйымының қолдауымен өтетін әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырылады.

Жерорта теңізі спорт орталығында өтетін дүбірлі додаға 75-тен астам ұлттық федерациядан 550-ден аса боксшы қатысады. Спортшылар ұлдар мен қыздар арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, өзара 20 алтын, 20 күміс және 40 қола медаль жиынтығын сарапқа салады.

Қазақстан құрамасы ерлер және қыздар арасындағы барлық салмақта жүлдеге таласады.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы 2024 жылы АҚШ-та өткен U19 әлем чемпионатында 2 күміс жүлде жеңіп алды.

14 октября, 2026
7

Нұржан Насанов: Жазғы Азия ойындарындағы әр жекпе-жекті талдаймыз


Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов: Жазғы Азия ойындарындағы әр жекпе-жекті талдаймыз

Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарын қорытындылап, Қазақстан чемпионаты бойынша ойымен бөлісті.

21 қыркүйек - 2 қазан күндері аралығында Жапонияда өткен Азиадада 2 алтын және 1 қола жүлде жеңіп алдыңыздар. Алға қойған міндеттеріңіз орындалды деп айтуға бола ма?

    ⁃    Жапонияда өткен Азия ойындары аяқталды. Осы арқылы ұлттық құраманың бүкіл дайындық кезеңінде атқарылған ауқымды әрі қарқынды жұмыстың қорытындысын көре алдық.
Бізге Қазақстан боксы 12 жыл бойы жеңіп ала алмаған Азия ойындарының алтын медальдарын қайтару міндеті қойылды. Бұл міндет орындалды.

Азия ойындарында Қазақстан намысын алты боксшы қорғады. Дайындық барысында команда Америкада да оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, Азия чемпионаты және Әлем кубогы сынды халықаралық додаларға қатысты. Бұл боксшыларға қажетті жарыс тәжірибесін жинақтауға және мықты қарсыластармен жекпе-жекте тактикалық тәсілдерін сынап көруге мүмкіндік берді.

Өткен Азия ойындарында ел намысын 6 боксшы қорғады. Олардың шаршы алаңдағы өнеріне қандай баға бере аласыз?

    ⁃    Спортшының жаттығуда меңгерген әдіс-тәсілдерін қаншалықты тиімді жүзеге асыра алатынын ринг қана көрсетеді. Әр жекпе-жекте физикалық және техникалық дайындықты танытып қана қоймай, бапкерлер штабы әзірлеген тактикалық жоспарды жүзеге асыру маңызды болды. Әрине, барлық жекпе-жек біз ойлағандай өтпеді. Кейбір салмақтарда алғашқы айналымдарда сүріндік. Біз бұл нәтижеге объективті қараймыз және дайындық пен жекелеген жекпе-жектерді өткізу барысында қосымша талдауды қажет ететін тұстар бар екенін түсінеміз.

Жарыс қорытындысы бойынша, бапкерлер штабы әр жекпе-жекті егжей-тегжейлі талдайды. Біз үшін жіберілген қателіктердің себептерін анықтау, спортшылар мен бапкерлердің әрекеттеріне баға беру, тиісті қорытынды шығару және жинақталған тәжірибені алдағы дайындықта пайдалану маңызды. Біз мықты тұстарымызды дамытып, тактикалық дайындықты жетілдіріп, өнер көрсетудегі тұрақтылықты арттыруымыз керек. Сонымен қатар әлі де өсуге мүмкіндік бар бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Азиада ойындарынан кейін қандай қорытынды шығардыңыз?

    ⁃    Азия ойындарының басты нәтижесі - 12 жылдық үзілістен кейін, Қазақстан қоржынына бокстан алтын жүлденің қайта оралуы. Командамыз Жапониядан 2 алтын және 1 қола жүлде жеңіп алды. Бұл атқарылған жұмыстың тиімділігін және дайындықтың дұрыс бағытта жүргізілгенін көрсетеді. Қол жеткізген жетістік жұмыс аяқталды дегенді білдірмейді. Керісінше, команда алдына жаңа міндеттер қояды. Азия ойындары – маңызды кезең. Бірақ түпкілікті меже емес. Алда жаңа халықаралық жарыстар, жаңа қарсыластар мен жаңа міндеттер тұр.

Алда Қазақстан чемпионаты. Ол жарыстан не күтесіз?

    ⁃    Енді 30 қазан - 6 қараша аралығында Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына Азиада жүлдегерлері, Қытайдағы Әлем кубогының жеңімпазы Санжар Тәшкенбай және жарақатына байланысты Нұрбек Оралбай қатыспайды. Қалған боксшылардың барлығы ел біріншілігіне қатысуға міндетті.
 

13 октября, 2026
8

Айбек Оралбай: Қазақстанда да ішкі бәсекелестік өте жоғары

Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан ерлер бокс құрамасының капитаны Айбек Оралбай ұлттық құрамадағы және аса ауыр салмақтағы әлемдік деңгейдегі бәсекелестік туралы пікір білдірді. 

«Қазақстанда бокста әрдайым бәсекелестік өте жоғары. Алайда қазір біз ел ішіндегі чемпионаттарға қатысып жүрген жоқпыз және жергілікті боксшылармен рингте кездесіп жатқан жоқпыз. Себебі, басты назарымызды әлемдік деңгейдегі жарыстарға аударып отырмыз. Жақында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол кезде кімнің чемпион атанатынын көреміз.

Жақсы жастар өсіп келеді. Олардың біршамасы Азия чемпионы атағын да иемденіп жатыр. Біз оларға әрдайым көмектесуге және өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

Жақында Нұрлан Сапарбай Жапонияға барып, маған көмектесті. Жаттығу кезінде жұптық жұмысқа қатысып, дайындық барысында қолдау көрсетті. Оған да, Даниял Сапарбайға да үлкен рақмет. Олар менің жеңістеріме өз үлестерін қосып жүр. Егер мен мансабымды аяқтауды шешсем, бұл жолды лайықты жалғастыратын спортшылардың қатарында солар да болады деп ойлаймын.

Біз ұлттық құрамада жүргенімізге көп жыл болды. Қазір туымызды биікте желбірету үшін, әлемдік деңгейдегі қарсыластарға дайындалып жатырмыз. Әлемдік аренада Англия мен Ресей құрамалары да қосылып, бәсекелестік күшейіп келеді. Сондықтан оларға қарсы тактикалық дайындық жүргізіп жатырмыз.

Ал ел ішіндегі бәсекелестікке келсек, мен жігіттердің барлығымен рингте кездескенмін. Олар мені таниды. Мен де олардың мүмкіндіктерін жақсы білемін. Бапкерлер де бәрін жақсы көріп отыр», — деді боксшы.

Қазіргі уақытта Айбек Оралбай World Boxing ұйымының рейтингінде өз салмағы бойынша бірінші орында тұр.

Кейінгі екі жылда ол негізгі халықаралық титулдардың барлығын иеленді. Айбек Оралбай World Boxing ұйымының аясында аса ауыр салмақта бокстан әлем чемпионы атанған Қазақстан тарихындағы алғашқы боксшы болды. Сонымен қатар 2026 жылы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Жапонияның Аичи–Нагоя қаласында өткен 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында да топ жарып, алтын жүлдеге қол жеткізді.

13 октября, 2026
6

U19 әлем чемпионатында Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

16-27 қазан күндері аралығында Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының өз тарихында екінші мәрте U19 санатындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылады.

Алдағы жаһандық додада 80-ге жуық елден 550 боксшы қатысады деп жоспарланған. Олар 20 салмақта (10 ер, 10 әйел) жүлдені сарапқа салады.

Бақыт Сәрсекбаев баптайтын ерлер құрамасында биылғы Азия чемпиондары Бибарыс Әшірбай мен Владислав Саможонов бар. Сондай-ақ наурыз айында Будвада өткен «Адриатика жауһары» халықаралық турнирінде Әділ Асқанбай мен Данияр Ақбисенов топ жарған.

Ерлер

50 келі. Әділ Асқанбай
55 келі. Айдос Үсенов
60 келі. Данияр Ақбисенов
65 келі. Ақжүрек Қалабай
70 келі. Бибарыс Әшірбай
75 келі. Әмір Рамазан
80 келі. Тимур Тайбеков
85 келі. Руслан Ахметов
90 келі. Еркетаң Жарқынбек
+90 келі. Владислав Саможонов

Қыздар құрамында 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Камила Оспановаға ерекше назар аударуға болады. Ол 2025 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында чемпион атанып, биыл Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Наурыз айында Таиландта 80-ге жуық елдің өкілі қатысқан Futures Cup халықаралық турнирінде Айдана Убайдуллақызы топ жарды. Ал Азия чемпионы Зарина Толыбай аса ауыр салмақта ел намысын қорғайды.

Бұдан бөлек, биыл Будвада өткен «Адриатика жауһары» турнирінде Мадира Жұмақан, Алина Құдайгенова және Алтынгүл Аймахан жеңімпаз атанған.

Арулар

48 келі. Жадыра Қалтай
51 келі. Мадира Жұмақан
54 келі. Жанель Имантаева
57 келі. Алина Құдайгенова
60 келі. Индира Қыдырмолдаева
65 келі. Айсұлу Мұхит
70 келі. Камила Оспанова
75 келі. Алтынгүл Аймахан
80 келі. Айдана Убайдуллақызы
+80 келі. Зарина Толыбай

Айта кетейік, World Boxing ұйымы алғаш рет 2024 жылы АҚШ-тың Пуэбло қаласында ұйымдастырған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 күміс жүлде жеңіп алған.

12 октября, 2026
8

Бокстан Қазақстан чемпионатының уақыты өзгерді

Ересектер арасындағы ел чемпионатының бастапқы уақыты 24 қазан - 1 қараша күндері аралығына белгіленген еді. Алайда өзгерістерге байланысты Қазақстан чемпионаты 30 қазан - 6 қараша аралығына шегерілді.

Айта кетейік, Тараз қаласы араға 12 жыл салып, ел біріншілігін қабылдайды.

Алдағы бәсекеге Азия ойындарының жүлдегерлері Махмуд Сабырхан, Төрехан Сабырхан және Айбек Оралбай алдағы турнирге қатыспайды. Сондай-ақ Нұрбек те уақытша үзіліс алуды ұйғарған. Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова мен Наталья Богданова жарысқа қатыспайды. Қалған ерлер мен әйелдер боксшыларының барлығы турнирге келуі тиіс. 

Еске салайық, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстанның бокс құрамасы бес медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) мен ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) алтын медаль иеленді.

Ал Махмуд Сабырхан (55 келіге дейін), Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін) және Наталья Богданова (75 келіге дейін) жарысты жартылай финалда аяқтап, қола жүлдеге қол жеткізді.

Сонымен қатар, жарыста Сабыржан Аққалықов (80 келіге дейін), Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін) және Аида Әбікеева (65 келіге дейін) күткен нәтижеге қол жеткізе алмады.

Алдағы турнир ұлттық құрамаға үміткер боксшылар үшін өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге мүмкіндік бермек. Құрамаға іріктеу барысында спортшылардың рингтегі нәтижелері басты назарға алынбақ.

10 октября, 2026
12

Владислав Саможонов: Әлем чемпионаты – биылғы жылдың басты жарысы

U19 санатында Азия чемпионы атанған, аса ауыр салмақтағы көшбасшылардың бірі Владислав Саможонов алдағы әлем чемпионатына дайындық барысы туралы айтып, жарысқа қатысты ойын бөлісті.

«Оқу-жаттығу жиыны әлем чемпионатының алдында жақсы өтіп жатыр. Бақыт Сәрсекбаев бапкеріміз бізге үлкен жүктеме беріп жатыр. Енді осы дайындық барысында алған жүктемемізбен әлем чемпионатына аттанамыз.

Бұған дейін Азия чемпионатының алдында да Түркістанда екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізген едік. Енді әлем чемпионатының қарсаңында осында келіп, жақсы дайындалып жатырмыз.

Әлем чемпионатының алдында спаррингтер де өткіздік. Жаттығу жекпе-жектері жақсы өтті. Құрама сапында әртүрлі салмақ дәрежесінде 10 боксшы бақ сынайды.

Әлем чемпионаты – өте жоғары деңгейдегі, маңызды жарыс. Қарсыластар да көп болады. Өзбекстан, Ресей, Украина және басқа да елдердің боксшылары қатысады. Сондықтан бәсеке жоғары болады деп ойлаймын», – деді Владислав Саможонов.

Айта кетейік, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жетекшілік ететін U19 ерлер құрамасы 27 қыркүйек пен 13 қазан аралығында Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

World Boxing ұйымы әлем чемпионатын өз тарихында екінші рет Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырады. Жаһандық дода 15–27 қазан аралығында өтеді. Чемпионатқа әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысады.

09 октября, 2026
12