МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Қазақстан бокс федерациясы ERG компаниясымен серіктестік орнатты

Қазақстан бокс федерациясы еліміздің ірі компанияларының бірі – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясымен серіктестік туралы келісімге келді. Жаңа ынтымақтастық отандық боксты дамытуға, оның халықаралық аренадағы беделін арттыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

ERG – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында қызмет ететін әлемдегі ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Топ Азия, Еуропа, Африка және Америка құрлықтарында жұмыс істеп, өнімдерін әлемнің 40-тан астам еліне жеткізеді. Бүгінде ERG кәсіпорындарында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Компанияның негізгі миссиясы – өз саласында үздік болу, тұрақты даму қағидаттарын ұстану және адам мен табиғат әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қоғамның өркендеуіне үлес қосу.

Тараптардың ортақ құндылықтары мен даму мақсаттары жаңа серіктестіктің негізіне айналды. Келісім аясында ERG Қазақстан боксының жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп, спорттың халықаралық деңгейде танылуына және жаңа жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді.

Қазақстан бокс федерациясы жаңа серіктестік отандық бокстың дамуына тың серпін беріп, алдағы уақытта нәтижелі ынтымақтастыққа жол ашады деп сенеді.

08 октября, 2026
1

Бақыт Сәрсекбаев: U19 санатындағы жігіттеріміз әлем чемпионатына тас-түйін дайын

Қазақстанның бокстан U-19 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бахыт Сәрсекбаев команданың Черногорияның Будва қаласында өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындығы туралы айтып берді.

«Қазір Түркістан облысында біздің команда әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Жақында спаррингтік кездесулер өткізіп, сол арқылы жігіттерді іріктеп алдық. Енді шамамен бір апта уақыт қалды. Содан кейін әлем чемпионатына аттанамыз.

Жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Барлығына сәттілік тілеймін. Әлем чемпионатына барып, алтын медальдармен оралсақ, өте жақсы болар еді. Жігіттер бұл әлем чемпионатына алғаш рет қатысқалы отыр. Наурыз айында бәріміз Таиландта өткен Futures Cup турниріне қатыстық. Оған 80-ге жуық елдің өкілдері жиналды. Біздің жігіттер де жақсы нәтижелер көрсетті.

Қарсыластарға келсек, өздеріңіз білесіздер, Өзбекстан, Ресей және Америка құрамалары бар. Олардың сапында өте мықты жігіттер бар», — деді Сәрсекбаев.

19 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан әлем чемпионаты (World Boxing U-19) 16-27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласындағы Жерорта теңізі спорт орталығында өтеді. Жарысқа әлемнің 75-тен астам ұлттық федерациясынан 550-ден астам спортшы қатысады.

07 октября, 2026
7

Бокстан U19 құрамасы әлем чемпионатының алдында шешуші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жетекшілік ететін U19 ерлер құрамасы 27 қыркүйек пен 13 қазан аралығында Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Жиынға еліміздің әр өңірінен 30-дан астам жас спортшы қатысып, спаррингтік кездесулер арқылы 10 салмақта әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын боксшылар анықталды.

World Boxing ұйымы өз тарихында екінші рет әлем чемпионатын Черногорияның Будва қаласында өткізеді. Жаһандық дода 15-27 қазан аралығында ұйымдастырылып, оған әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысады.

06 октября, 2026
6

Бокстан Азиаданың ең жас чемпионы кім?

Бүгін Жапония төрінде жазғы Азия ойындары аясында бокс бәсекесі мәресіне жетіп, Қазақстан құрамасы 2 алтын жүлде жеңіп алды.

Осы орайда назарларыңызға ең жас ТОП-3 чемпион атанған боксшыларды ұсынамыз:

2010 жыл. 64 келідегі Данияр Елеусінов 19 жасында (8 ай, 13 күн) Азиада чемпионы атанды.

2002 жыл. 71 келідегі Геннадий Головкин 20  жасында (6 ай, 5 күн) Азиада чемпионы атанды.

2026 жыл. 70 келідегі Төрехан Сабырхан 20  жасында (7 ай, 17 күн) Азиада чемпионы атанды.

05 октября, 2026
1

Қазақстан боксшылары Азиаданы қалай өткізді?

Бокстан 21 қыркүйек - 2 қазан күндері аралығында 33 мемлекеттің қатысуымен Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарының бәсекесі мәресіне жетті.

11 салмақта сынға түскен жерлестеріміз 2 алтын, 3 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте 3-орынға тұрақтады.

1-орын. Төрехан Сабырхан (70 келі)
1-орын. Айбек Оралбай (+90 келі)
3-орын. Махмұд Сабырхан (55 келі)
3-орын. Алуа Балқыбекова (51 келі)
3-орын. Наталья Богданова (75 келі)

Қандай ерекшеліктер тіркелді?

    ⁃    Қазақстан боксшылары 22 жекпе-жек (13 жеңіс, 9 жеңіліс) өткізді. Ең көп 4 айқас Төрехан Сабырханға (70 келі) тиесілі.
    ⁃    Наталья Богданова екінші мәрте қатарынан жазғы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды.
    ⁃    Төрехан Сабырхан ел тарихындағы ең жас Азиада чемпионы атанған ТОП-3 боксшының қатарына енді.
    ⁃    Аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек Оралбай 3 жыл ішінде Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты мен жазғы Азия ойындарында топ жарды. Ол 21 жекпе-жек бойы жеңіліссіз келе жатыр.
    ⁃    Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Алуа Балқыбекова алғашқы Азиадасында жүлдеге ілікті.

Жалпы жүлде кестесі:

Үндістан — 3 алтын, 3 қола
Өзбекстан — 2 алтын, 1 күміс, 4 қола
Қазақстан — 2 алтын, 3 қола
Қытай — 1 алтын, 3 күміс, 2 қола
Жапония — 1 алтын, 3 қола
Тайпей — 1 алтын, 1 күміс
Таиланд — 1 алтын
Оңтүстік Корея — 2 күміс
Солтүстік Корея — 1 күміс, 1 қола
Иордания — 1 күміс, 1 қола
Вьетнам — 1 күміс, 1 қола
Филиппин — 1 күміс
Тәжікстан — 2 қола
Моңғолия — 1 қола
Иран — 1 қола

03 октября, 2026
9

Айбек Оралбай Азиаданың чемпионы атанды

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында бокстан финалдық жекпе-жектер аяқталды.

Әлем чемпионы, +90 келідегі Айбек Оралбай өзінің бітіспес қарсыласы Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты. Алғашқы раундтан-ақ қос боксшы шаршы алаңның ортасын бермей, соққы алмасуға кірісті. Жекпе-жек барысында Айбек Оралбай дәл соққыларымен басымдық танытып, төрешілердің  5:0 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, ерлер құрамасы Азиаданы 2 алтын, 1 қола жүлдемен аяқтады.

Айта кетейік, әлем чемпионы, 3 дүркін Азия чемпионы атағы бар Айбек Оралбай өз мансабында алғаш рет жазғы Азия ойындарына қатысты.

Отандасымыздың жарыстағы жолы:

1/4 финал. Мирзакир Кошалиев (Қырғызстан) - 5:0
1/2 финал. Нарендер (Үндістан) - 5:0

Осы салмақта Азия ойындарында кімдер чемпион атанған?

2014 жыл. Иван Дычко
1998 жыл. Мұхтархан Ділдәбеков

02 октября, 2026
3

12 жылдан кейін Төрехан Сабырхан Азиаданың алтын жүлдесін алып берді

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында бокстан финалдық жекпе-жектер басталды.

Әлем чемпионы, 70 келідегі Төрехан Сабырхан ақтық сында Иордания спортшысы Зейад Ишаишпен жұдырықтасты. Алғашқы раундтан жинақы қорғанып, әрі дер кезінде шабуылдап үлгерген отандасымыз әр раундты өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп: 5:0.

Айта кетейік, қос боксшы сәуір айында ғана Моңғолияда өткен Азия чемпионатының финалында жолы түйіскен еді.

Отандасымыздың жарыстағы жолы:

1/8 финал. Мохаммед Дбичи (Қатар) - 5:0
1/4 финал. Әли Касим Хамдан Әл-Сарай (Ирак) - 1-раундта нокаут
1/2 финал. Шавкатжан Болтаев (Өзбекстан) - 5:0

Бұған дейін Қазақстан боксшылары 2014 жылы Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған Азиадада жоғары тұғырға көтерілген болатын.

Осы салмақта Азия ойындарында кімдер чемпион атанған?

2014 жыл. Данияр Елеусінов (69 келі)
2010 жыл. Серік Сәпиев (69 келі)
2006 жыл. Бақыт Сәрсекбаев (69 келі)
2002 жыл. Геннадий Головкин (71 келі)
1998 жыл. Ермахан Ибраимов (71 келі)
1994 жыл. Қанатбек Шағатаев (71 келі)

02 октября, 2026
2

Жазғы Азия ойындарының финалына қай елдің боксшылары шықты?

Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының жартылай финалдық жекпе-жектері мәресіне жетті.

Осы орайда сіздерге финалға өткен мемлекеттердің көрсеткішін ұсынамыз:

Қытай - 4
Өзбекстан - 3
Үндістан - 3
Қазақстан - 2
Оңтүстік Корея - 2
Тайпей -2
Жапония - 1
Иордания - 1
Филиппин - 1
Вьетнам - 1
Солтүстік Корея - 1
Таиланд - 1

Финалдық жекпе-жектер 2 қазанға жоспарланған.

01 октября, 2026
7

Жазғы Азия ойындарында әйелдер құрамасы 2 жүлде жеңіп алды

Қазақстанның әйелдер бокс құрамасы Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарындағы жарысын екі медальмен аяқтады.

Қазақстандық боксшылардың екі жүлдесі де — қола медаль. 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова жүлдегер атанды. Ол жартылай финалда вьетнамдық Нгуен Тхи Тамға 0:5 есебімен есе жіберді.

Ал 75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова қола жүлдені иеленді. Ол жартылай финалдық кездесуде Үндістан өкілі Ловлина Боргохаиннен 2:3 есебімен жеңілді.

Еске сала кетейік, Қазақстанның әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарында бастапқыда бес салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Нагоядағы бокс турнирі 2 қазанда аяқталады. Ал Азия ойындарының жабылу салтанаты 4 қазанда өтеді.

30 сентября, 2026
9

Айбек Оралбай қарсыласын нокдаунға жіберіп, Азия ойындарының финалына шықты

Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындарында бокстан жартылай финал жекпе-жектері басталды.

Еліміздің атынан ерлер арасында +90 келі салмақтағы Айбек Оралбай шаршы алаңға бірінші болып шығып, 1/2 финалда Үндістан өкілі Нарендермен жұдырықтасты. Отандасымыз алғашқы раундтан жекпе-жекті толықтай бақылауға алды. 3 раунд бойы сауатты қорғаныс пен шабуылдағы нәтижелі соққылардың арқасында төрешілер 5:0 есебімен Айбекті жеңімпаз деп таныды.

Айта кетейік, 26 жастағы Айбек 2025 жылғы әлем чемпионы және 3 дүркін Азия чемпионатының жеңімпазы атанған.

29 сентября, 2026
10

Жартылай финалға қай елдің боксшылары шықты?

Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының ширек финалдық жекпе-жектері мәресіне жетті.

Осы орайда сіздерге 1/2 финалға өткен мемлекеттердің көрсеткішін ұсынамыз:

Өзбекстан - 7
Қытай - 7
Үндістан - 6
Қазақстан - 5
Жапония - 4
Тәжікстан - 2
Оңтүстік Корея - 2
Солтүстік Корея - 2
Иордания - 2
Вьетнам - 2
Тайпей - 2
Филиппин - 1
Иран - 1
Таиланд - 1

Бокс бәсекесі 2 қазанда мәресіне жетеді.

28 сентября, 2026
13