МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Бокстан Азия ойындарына баратын құрам қаншалықты тәжірибелі?

Кеше 19 қыркүйек – 4 қазан күндері аралығында Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына баратын боксшылардың есімі белгілі болды.

2023 жылғы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарымен салыстырар болсақ, осы құрамнан Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай ғана екінші рет мәрте додаға барады. Ал қалған 4 боксшы үшін биылғы алдағы бәсеке дебют ретінде тіркелмек.

55 келі. Махмұд Сабырхан

Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Махмұд Сабырхан жазғы Азия ойындарына екінші мәрте қатысады. 2023 жылы отандасымыз лицензиялық Азия ойындарында өз салмағының болмауына байланысты 57 келіге көтерілген еді. Осы жолы Махмұд 2 дүркін әлем чемпионы ретінде алтын жүлдеге басты үміткерлердің қатарына кіреді. Бір ерекшелігі – әлемдік рейтингте 55 келіде ТОП-10 спортшының тізімінде Азия құрлығынан 6 боксшы кіріп тұр. Басты қарсыластардың қатарына Руи Ямагучи (Жапония), Қытайдағы Әлем Кубогының финалисі Жиамоа Жанг (Қытай), Билгунсайхан Хархуу (Моңғолия), Өзбекстан елінің өкілі кіреді.

60 келі. Оразбек Асылқұлов

Ұзақ жылдар бойы 57 келіде жұдырықтасқан жерлесіміз өткен Қазақстан чемпионатында 60 келіге көтеріліп, қола жүлдеге ие болған еді. Дәл осы салмақта биыл осы салмақта Азия чемпионатында өзін көрсетуге мүмкіндік алып, алтын жүлдені мойынына тақты. Әлем чемпионы саналатын Оразбек Асылқұлов мансабында алғаш рет жазғы Азия ойындарына қатыспақ. 60 келіде жүлдеге басты үміткерлер Париж Олимпиадасының чемпионы Абдумалик Халоков (Өзбекстан), Жапония, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері талас жүргізбек.

70 келі. Төрехан Сабырхан

Ұлттық құраманың ең жас боксшысы, 19 жастағы Төрехан Сабырхан әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Ливерпульде әлем чемпионы атанып үлгерген талантты отандасымыз Азия чемпионатындағы күтпеген жеңілісі кездейсоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Дәл қазіргі сәтте әлемдік рейтингте ТОП-5-ке Севон Оказава (Жапония), Зейад Ишаиш (Иордания), Байамба-Ердене Отгонбаатар (Моңғолия) кіріп тұр.

80 келі. Сабыржан Аққалықов

Әлем чемпионатының финалисі Сабыржан Аққалықов 2026 жылы Олимпиада бағдарламасына кіретін 80 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Маусым айында ғана Қытайда өткен Әлем Кубогы кезеңінде боксшымыз өзінің жақсы қырынан көрсете біліп, жаңа салмақта да көшбасшы бола алатындығын дәлелдеді. Басты қарсыластар Өзбекстан, Иордания, Қытай, Оңтүстік Корея елінен болуы әбден мүмкін.

90 келі. Нұрбек Оралбай

Париж Олимпиадасының финалисі, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 90 келіде бір мәрте ғана турнирде жұдырықтасты. Жаңа салмақта рейтингке кірмесе де, қарсыластарына оңай болмасы анық. Бұл салмақта чемпиондыққа басты фаворит – әлем чемпионы Турабек Хабибуллаев (Өзбекстан). Одан кейін Қытай, Тәжікстан, Үндістан спортшылары да жүлдеге үмітті. 2023 жылы отандасымыз Қытайдағы жазғы Азия ойындарының алғашқы айналымда этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен (Қытай) жолы түйісіп, жол берген еді.

+90 келі. Айбек Оралбай

Париж Олимпиадасынан кейін аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек Оралбай маңызды деген әлем чемпионаты және 2 мәрте Азия чемпионатында топ жарып үлгерді. 18 жеңіс сериясымен келе жатқан отандасымыз әлемдік рейтингте де айқын көш бастап тұр. Басты фаворит саналғанымен, Өзбекстан, Қытай, Үндістан боксшылары да айтарлықтай қауіп тудыруы ықтимал.

Қазақ боксшылары жазғы Азия ойындарында қалай өнер көрсеткен?

4 жылда бір мәрте ұйымдастырылатын құрлықтық додада ерлер құрамасы 2014 жылдан бері алтын жүлденің дәмін тата алмай келе жатыр. Инчхон төрінде құрама сапынан Ілияс Сүлейменов (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі) және Иван Дычко (+91 келі) чемпион атанған. Сол турнирде Қазақстан боксшылары жалпы есепте алты алтын, екі күміс және екі қола медальмен командалық есепте бірінші орынға шыққан еді.

2018 жылы Джакартада Асланбек Шымбергенов (69 келі) пен Әбілхан Аманқұл (75 келі) күміс жүлдеге ие болса, 2023 жылы аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлде, Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Сағындық Тоғамбай (92 келі) қола жүлде еншіледі.

09 сентября, 2026
0

Жазғы Азия ойындарында ерлер құрамасынан кімдер қатысады?

Аичи-Нагояда (Жапония) өтетін 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын спортшылардың тізімі белгілі болды. 

Көпсалалы спорттық додада ел намысын мына боксшылар қорғайды:

55 келіге дейін: Махмұд Сабырхан

60 келіге дейін: Оразбек Асылқұлов

70 келіге дейін: Төрехан Сабырхан

80 келіге дейін: Сабыржан Аққалықов

90 келіге дейін: Нұрбек Оралбай

90 келіден жоғары: Айбек Оралбай

Айта кетейік, бұған дейін әйелдер құрамасы да белгілі болған еді. Оның сапына Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін) және Наталья Богданова (75 келіге дейін) енді.

2026 жылғы Азия ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді. Бокс бәсекелері 21 қыркүйекте басталады.

08 сентября, 2026
2

Әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері мен Оспановтар әулеті Boxing Talks сериясында қонақта болды

6 қыркүйекте Астана қаласындағы OzgeEpic креатив хабында Boxing Talks сериясы аясында «Қазақстандағы әйелдер боксы» тақырыбында бірінші кездесу өтті.

Шараның алғашқы қонақтары қатарында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері Назгүл Боранбаева, Наргүл Боранбаева, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының чемпионы Камила Оспанова және бапкер Жеңіс Оспанов болды.

1,5 сағатқа созылған еркін форматтағы кездесуде қонақтар бокстағы жолы мен тәжірибесі туралы әңгімелеп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында әйелдер боксының дамуы, спортшылардың дайындығы және олардың кәсіби жолындағы қызықты сәттер де сөз болды.

Сонымен қатар қонақтар мен шараға қатысушылар әйелдер боксына арналған арнайы фотокөрмені тамашалады.

Boxing Talks сериясы аясындағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

07 сентября, 2026
4

Астанада Boxing Talks іс-шарасы өтеді

6 қыркүйек күні Астана қаласында Boxing Talks сериясы аясында «Қазақстандағы әйелдер боксы» атты кездесу өтеді.

Іс-шараға отандық бокста жоғары жетістіктерге жеткен спортшы қыздар мен чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылар қатысады.

Кездесу барысында әйелдер боксының даму тарихы, спорттағы жетістіктері, насихатталуы және болашағы талқыланады. Қатысушылар әйелдер боксын дамытуға қатысты өз тәжірибелерімен және пікірлерімен бөліседі.

Сонымен қатар, іс-шара аясында әйелдер боксына арналған фотокөрме ұйымдастырылады.

Өтетін орны: Астана қаласы, OzgeEpic креатив хабы, Бейбарыс Сұлтан көшесі, 12а
Күні: 6 қыркүйек
Уақыты: 16:00

Баршаңызды әйелдер боксының бүгіні мен болашағы талқыланатын ашық кездесуге шақырамыз!

05 сентября, 2026
2

Қазақстан боксына тұңғыш Азия ойындарының алтын жүлдесін сыйлаған Нұржан Сманов

1994 жылы Хиросимада өткен XII жазғы Азия ойындары Қазақстан үшін тәуелсіз ел ретінде алғашқы ірі спорттық додалардың бірі болды. Сол жарыста 67 келідегі Нұржан Сманов бокстан ел қоржынына тұңғыш алтын жүлдені салды. Осы орайда атақты боксшымыз сол кездегі ұлттық құраманың дайындығын, жарыс алдындағы сәттер және Жапониядан елге оралғандағы ерекше қарсы алуды еске алды.

Нұржан аға, өткен тарихқа назар аударсақ, 1994 жылы Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында бокстан алғашқы алтын жүлдені өзіңіз алған екенсіз. Сол сәтте қандай әсерде болдыңыз?

  • 1994 жылы Қазақстан мен жазғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары үшін де тарихи жайт болды. Біріншіден, 1990 жылы Бейжіңде өткен жазғы Азия ойындарына 31 елден 6122 спортшы қатысса, 1994 жылы Хиросимада рекордтық 42 мемлекеттен 6828 спортшы бас қосты. Олардың арасынан әрине, тәуелсіздікті енді алған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан дебют жасады. Жарыс деңгейі өте жоғары болды. Бокстағы жолым оңай болды деп айта алмаймын. Бірінші айналымда Түркіменстан өкілі Нуриддин Атаковтан 16:6 есебімен басым түстім. Жартылай финалда жеребе басты қос фаворитті жолықтырды. Мен 1994 жылғы Азия чемпионы болсам, Өзбекстан спортшысы 1994 жылы маусым айында ғана Әлем Кубогында топ жарған еді. Шиеленісті өткен айқаста 17:15 есебімен таразы басын өз жағыма бұрдым. Финалда Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, 1994 жылғы Әлем Кубогының финалисі Аркхом Ченглаймен (Таиланд) жекпе-жек ұзаққа созылмады. Бірінші раундта-ақ оны 3 рет нокдаунға түсіріп, айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Менен бөлек, 71 келідегі Қанатбек Шағатаев та чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Қазір бокстағы ардагер ағаларымыздан біздің кезде жағдай онша болмады деп естіп жатамыз. 1994 жылғы Азия ойындарына қалай дайындалып едіңіздер? Киім, витамин және оқу-жаттығуға жағдай жасалып па еді?

  • 1994 жылдың басында Бекет Махмутов ағамыз ҚР бокс федерациясының президенті болып тағайындалды. Сол кісінің арқасында Қазақстан құрамасының боксшылары жеңіске көп жете бастады. Біріншіден командамыздың  ауызбіршілігі жақсы болды. Киіммен толықтай қамтамасыз етілді. Халықаралық ірі додаларда жүлде алған боксшыға қосымша ақшалай сыйақы берілді. Жаттығатын базамыз, тамағымыз  бәрі жақсы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. 

1994 жыл ұлттық құраманың жаңадан жасақталып жатқан кезі ғой. Сол кезде сіздерге жүлде бойынша қандай жоспар қойылып еді?

  • Бастапқыда бізге 3 алтын алу міндеттемесі қойылды. Неге? Өйткені біз 1994 жылы жазғы Азия ойындарына дейін 2 ірі жарыста өнер көрсеттік. Қаңтар айында Иран астанасы Тегеранда өткен Азия чемпионатында 5 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен жалпы есепте бірінші орынға тұрақтадық. Команда сапынан Болат Жұмаділов (48 келі), Болат Ниязымбетов (63,5 келі), Қанатбек Шағатаев (71 келі), Аркадий Топаев (75 келі) және мен топ жардым. Мен Азия чемпионы атанып қана қоймай, сары құрлықтың «ең үздік боксшысы» номинациясын иелендім. Ал маусым айында Таиланд астанасы Бангкокта Әлем Кубогына қатыстық. Ол жақта Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде еншіледі. Жігіттеріміздің арасынан 75 келідегі Аркадий Топаев алтын медальді мойынына тақты. Өкінішке қарай, мен бірінші айналымда 1993 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сергей Городничевпен (Украина) жұдырықтасып, 8:12 есебімен есе жібердім. Жапониядағы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен жалпы есепте Филиппиннен кейінгі екінші орынды иеленді.

Жапонияға барған сәтте алғашқы әсеріңіз қандай болды? Хиросиманың дамып кеткені, қаланың көрінісі таңғалдырды ма?

  •   Жапония дамыған ел. 1994 жылдың өзінде Хиросима қаласы атом бомбасы түскен қалаға мүлдем ұқсамады. Жапон елі өте мәдениетті, білімді. Көшенің тазалығын айта алмайсың. Қоқыс таба алмайсын, адамдардың бір-біріне сәлем беруі, сыпайы сөйлесуі мені таңғалдырды.

1994 жылдары қазіргідей барлығын тікелей эфирде көру мүмкін емес еді ғой. Жазғы Азия ойындары сәтіндегі жекпе-жектеріңіз сақталып па еді?

  • Ол кезде тікелей эфир жоқ еді. Бірақ теледидар арқылы ақпараттар беріліп отырды.

Алтын медаль алғаннан кейін елге оралғанда сізді қалай қарсы алды? Сол сәт есіңізде ерекше сақталған шығар?

  • Әрине, Алматыдан бастап әуежайда қазақ елі  құттықтап қарсы алды. Шымкент қаласына келген кезімізде де делегация күтіп алған. Облыс әкімі, қала әкімі қабылдап марапаттады. Түрлі сұхбаттарға, телеарналарға бардық.

04 сентября, 2026
9

Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындарына арналған арнайы футболкасын таныстырды

9 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти-Нагоя қалаларында өтетін Жазғы Азия ойындарының қарсаңында Қазақстан бокс федерациясы ұлттық құрамаға арналған арнайы футболкасын көпшілік назарына ұсынды.

Эксклюзивті футболканы отандық жанкүйерлер де иелене алады. Ол үшін Boxingkazakhstan Instagram парақшасына жазылып, футболкаға қатысты жарияланымның астына ерекше әрі әдемі пікір қалдыру қажет. Сондай-ақ аталған жазбаны өз сторисіңізде бөлісу керек.

Қазақстан бокс федерациясы ең ерекше тілек жазған екі жанкүйерге және ең көп лайк жинаған екі қатысушыға арнайы футболка сыйлайды. Жеңімпаздар 9 қыркүйекте анықталады.

Айта кетейік, биылғы Жазғы Азия ойындарында Қазақстан ерлер арасында алты, әйелдер арасында бес салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалиннің айтуынша, айтулы додада ел намысын Алуа Балқыбекова (51 келі), Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі) және Наталья Богданова (75 келі) қорғайды.

03 сентября, 2026
6

Елдос Сайдалин: Азия ойындарында тарихты жаңғыртсақ дейміз

Бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы Жазғы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр. Осы орайда бас бапкер Елдос Сайдалин алдағы ірі доданың алдында өз ойымен бөлісті.

– Өткен айда АҚШ-тан оралып, енді Алматы облысында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткіздіңіздер. Сіздер үшін қалай өтті?

– 16-30 тамыз аралығында өткен оқу-жаттығу жиынымыз қыздарымыздың физикалық көрсеткіштерін шыңдауға бағытталды. Барлығы жоспардағыдай өтті. Енді 8 қыркүйекте бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысу үшінЖапонияға аттанамыз. Ол жаққа Жазғы Азия ойындарына қатысатын бес аруымыз және құрамадағы тағы 15 қызымыз барады.

Неге мұндай шешім қабылдадық? Біріншіден, әйелдер арасында ұйымдастырылатын жарыстар өте аз. Сондықтан осы мүмкіндік арқылы әр салмақтағы төрт спортшының да тәжірибе жинауына жағдай жасағымыз келеді. Екіншіден, Азия ойындарына қатысатын боксшыларымызға да дайындық барысында көмек қажет.

– Сіздердің оқу-жаттығуларыңыз ерлер құрамасымен тұспа-тұс келді. Арасында олармен бірге дайындалдыңыздар ма?

– Иә. Нұржан Насановпен алдын ала сөйлесіп, жұптық жаттығулар кезінде бір-екі қызымызды біртіндеп спаррингке қоссақ деген ұсыныс айттық. Себебі, ерлер боксы өте жылдам әрі физикалық күшке негізделеді. Дәл осы қырлары қыздарымызға да ауадай қажет деп санаймыз. Мұндай тәжірибенің пайдасы тиетініне сенімдімін. АҚШ-тағы оқу-жаттығу кезінде де осы тәсілді қолданған болатынбыз. Маған ұнады.

– Сіздер Жапонияға бір салмақтан төрт боксшы апаруды жоспарлап отырсыздар. Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр ма?

– Бұған дейін әр салмақта бір-екі қызды апарған кездер болды. Бірақ бір салмақта төрт спортшының баруы – алғаш рет.

– Жазғы Азия ойындарына баратын құрамдағы төрт боксшының әлем чемпионы деген атағы бар. 60 келідегі Виктория Графеева да әлем чемпионатының финалисі саналады әрі биыл екі әлем кубогында топ жарды. Жүлде бойынша қандай жоспар қойып отырсыздар?

– Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына әйелдер боксы 2010 жылы енгізілді. Содан бері елімізде әлі күнге дейін чемпион шыққан жоқ. Сондықтан мақсатымыз – алтын жүлде алу. Жоспарымыз жоғары. Азия ойындарында тарихты жаңғыртсақ дейміз. Барлығын алдағы уақытта көре жатарсыздар. Бастысырингке кім шықса да, әр қарсыласқа дайын болуға тиіспіз.

– 2023 жылғы Азия ойындарымен салыстырсақ, салмақ дәрежелері жағынан біршама өзгеріс бар ғой?

– Иә. Үш жыл бұрын Ханчжоуда әйелдер арасында алты жүлде жиынтығы сарапқа салынған еді. Сол кезеңмен салыстырсақ, 57 келі салмақ дәрежесі алынып тасталды. Сондай-ақ Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына кіретін 70 келі де бұл жолы жоқ. Салдарынан 70 келіде әлем чемпионы атанған Наталья Богданова уақытша 75 келі салмаққа көтерілуге мәжбүр.

02 сентября, 2026
7

Назым Қызайбай: Қыркүйек айы қарбаласқа толы болғалы тұр

Қазақстан құрамасының боксшысы Назым Қызайбай Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындығы туралы айтып, жанкүйерлерге үндеу жолдады.

Тамыз айында қазақстандық боксшылар Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Осы айда команда Жапонияға ұшып, дайындықтың қорытынды кезеңін өткізуді жоспарлап отыр.

«Тамыз айы өте қарапайым өтті: жаттығу, жаттығу және тағы да жаттығу. Жаттығу. Күн тәртібі. Тәртіп. Ал қыркүйек айы қарбаласқа толы болғалы тұр. Алда маңызды жарыстар күтіп тұр. Сондықтан мен үшін, біздің еліміз үшін жұдырықтарыңызды түйіп, қолдау көрсетіңіздер. Осы жаттығуларымыз бен еңбегіміз өз нәтижесін береді деп қатты үміттенемін», — деп жазды Қызайбай оқу-жаттығу жиынынан түскен суреттерімен бөлісіп.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді.

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай биыл 51 келіден 54 келіге көтерілуге шешім қабылдаған болатын.

01 сентября, 2026
4

Cұлтан Айбарұлы: Шетелдік боксшылармен тәжірибе алмасудамыз

Бокстан ұлттық құраманың мүшесі, 85 келіде көшбасшы саналатын Сұлтан Айбарұлы Алматы облысы, Жаңашар ауылында өтіп жатқан бірлескен оқу-жаттығу бойынша өз ойымен бөлісті.

«Жазда бір айдай демалып, Алматы облысындағы кезекті оқу-жаттығу жиынына кірістік. Жақсы өтіп жатыр. Осы жерде жазғы Азия ойындарына баратын спортшыларға өз көмегімізді тигізудеміз. Бізден бөлек, Ирак пен Қытай боксшылармен де тәжірибе алмасудамыз. Жеке өзімде алда Қазақстан чемпионаты тұр. Соған қарқынды дайындалып жатырмыз. Өткен маусым мен үшін табысты өтті деуге болады. Себебі, мен Үндістан мен Бразилиядағы Әлем Кубоктарында топ жардым. Бұйырса, алдағы ірі жарыстарда да биіктен көрінсем деймін.

Оқу-жаттығуға келетін болсақ, ағайынды Камачолардың жаттығуы ерекше. Күнделікті таңертең сол шетелдік мамандардың нұсқауымен дайындалудамыз. Деңгейлері өте жоғары. Одан бөлек, командаға психолог пен диетолог та келді. Жаттығудан кейін тез қалыпқа келетін ванна мен оттегі құрал-жабдығы да алынды» – деді Сұлтан Айбарұлы.

Айта кетейік, Сұлтан Айбарұлы 2025 жылы Семейде өткен Қазақстан чемпионатында 85 келіде жұдырықтасып, күміс жүлдеге ие болған еді. Ол жарыс барысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бек Аманқұлдан басым түскен болатын.

31 августа, 2026
7

Қазақстан құрамасы Silesian Open-2026 турнирінде 14 медаль жеңіп алды

Қазақстанның әйелдер арасындағы бокс құрамасы Польшада өткен Silesian Open-2026 халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті.

Қазақстандық боксшылар 17 жасқа дейінгі (U-17) және 19 жасқа дейінгі (U-19) екі жас санатында бақ сынап, 10 алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды.

U-17 санатында Нұрайым Құдайберген (52 кг), Балым Ғабитқызы (60 кг), Мадина Нұрманова (63 кг) және Аяулым Оспанова (70 кг) чемпион атанды.

Ал U-19 санатында Асылай Мұрат (48 кг), Мадина Жұмахан (51 кг), Жанель Имантаева (54 кг), Камила Оспанова (70 кг), Алтынгүл Аймұхан (75 кг) және Зарина Толыбай (+80 кг) алтын медаль иеленді.

Күміс жүлдені Ақнұр Тұрсынғали (60 кг) мен Айдана Убайдуллақызы (80 кг) жеңіп алса, Марал Төлепберген (54 кг) және Рамина Маханова (57 кг) қола медальға қол жеткізді.

Silesian Open-2026 турниріне 18 елден 200 спортшы қатысты.

29 августа, 2026
10

Қазақстан бокс федерациясы бірқатар маманды марапаттады

Бокстан Павлодар облысы, Баянауыл ауданында еңбек сіңірген жаттықтырушы Азымбек Абжановтың құрметіне ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирінде отандық боксты дамытуға үлес қосып келе жатқан мамандарға Қазақстан бокс федерациясының төсбелгілері табысталды.

Қазақстан Республикасының боксын дамытуға сіңірген еңбегі үшін:

Жарбол Орынбасарұлы

Бекишев Ержан Амангелдіұлы

Ержанов Олжас Егембергенұлы

Әлімхан Мадияр Даниярұлы

Ибадулла Нартай Ерғалиұлы

Өтеппергенов Нұрлыхат Құдайбергенұлы

Молдаханов Жақсылық Қайнарбекұлы

Қазақстан Республикасы боксының ардагері:

Абжанов Азымбек Неспекұлы

28 августа, 2026
9