МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Самат Адхам: Азия ойындарына баратын ерлер құрамы әлі анықталмады

Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхам боксшылардың Азия ойындарына дайындығы туралы айтты.

Бас хатшының айтуынша, ұлттық құрама Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр.

«Дайындық жақсы өтіп жатыр. Боксшыларымыз АҚШ-тағы негізгі жаттығу жұмыстарын аяқтап, кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізді.

Тамыз айының ортасында Алматы облысының Жанашар ауылында тағы бір оқу-жаттығу жиыны өтеді. Оған ағайынды Камачолар мен АҚШ құрамасы келеді. Бірлескен спаррингтер өткізіп, арнайы дайындық жұмыстарын жүргіземіз.

Қыркүйек айының басында құрама Жапонияға аттанады. Ол жерде шамамен 10 күн жаттығу өткізіп, кейін Азия ойындары басталады.

Ерлер құрамасының нақты тізімі әзірге белгісіз. Бас бапкер Жапонияға барғаннан кейін құрамды жариялайтын шығар деп ойлаймын», – деді Самат Адхам.

XX Азия ойындары биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтеді.

10 августа, 2026
1

Сәкен Бибосынов: Азия ойындарына кім қатысса да, елге алтын жүлде алып келсе қуанамыз

Боксшы Сәкен Бибосынов Азия ойындарына қатысты пікір білдірді.

Бибосыновтың айтуынша, 55 келі салмақта ұлттық құрамадағы бірінші нөмірлі спортшы — Махмұд Сабырхан, ал өзі екінші нөмірлі боксшы. Сондықтан Азия ойындарына жолдама алу мүмкіндігі екеуінде де бар екенін айтты.

«Азия ойындарына қатысты айтатын болсақ, 55 келіде бірінші нөмірлі боксшы — Махмұд Сабырхан, ал мен екінші нөмірлі боксшымын. Азия ойындарына баратын мүмкіндік екеумізде де бар.

Кімнің бағы жанып, бабы келіп тұр, соны таңдаса, бапкерлерге де, федерацияға да ренішім жоқ. Махмұд қатысса, сәттілік тілейміз, көмектесеміз. Ең бастысы, кім қатысса да елге алтын жүлде алып келсе қуанамыз», — деді Сәкен Бибосынов.

XX Азия ойындары биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтеді.

08 августа, 2026
0

Елдос Сайдалин: АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен оқу-жаттығу жиынының қорытындысы туралы айтып, дайындық барысына тоқталды.

АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? Алдын ала жоспарлаған мақсаттарыңыздың барлығы жүзеге асты ма?

Шілде айының басынан тамызға дейін жалғасқан оқу-жаттығу жиынымыз жоспар бойынша ойдағыдай өтті. Алдын ала қойған мақсаттарымызды толық орындадық.

АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынына Қазақстан құрамасынан қанша боксшы қатысты? Лос-Анджелесте қай елдердің немесе қандай деңгейдегі боксшыларымен спарринг өткіздіңіздер?

Жиынға Қазақстан құрамасынан 8 спортшы қатысты. Әр боксшы 3-4 спаррингтен өткізді. Қарсыластардың деңгейі жоғары болды.

Осы оқу-жаттығу жиынындағы басты мақсат қандай болды? Жаттығу процесіне немесе дайындық жүйесіне жаңа әдістер енгізілді ме?

Басты мақсат - спортшылардың физикалық дайындығын жетілдіру және барынша мықты спортшылармен спарринг өткізу болды.

Алматы облысында өтетін келесі оқу-жаттығу жиынына шетелдік құрамалар да қатыса ма? Егер иә болса, қай елдердің боксшыларын күтіп отырсыздар?

Ресей және АҚШ құрама командаларымен өткізуге алдын ала жоспарлаған болатынбыз. Бірақ екі құрама да келе алмайтын болды.

Лос-Анджелестегі оқу-жаттығу жиынының басқа жиындардан ерекшелігі неде? АҚШ-тағы дайындықтың қандай артықшылықтарын байқадыңыздар?

Бұл жиынның басты ерекшелігі - кәсіпқой боксшылармен жоғары қарқында жұмыс істегеніміз. 4 раундтан 8 раундқа дейін спаррингтер өткіздік. Бұл спортшыларымыздың тәжірибесін арттырып, түрлі деңгейдегі қарсыластарға бейімделуіне жақсы мүмкіндік берді.

07 августа, 2026
14

Алуа Балқыбекова АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының ерекшеліктері туралы айтты

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшы спортшыларының бірі Алуа Балқыбекова АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының ерекшеліктеріне тоқталды.

«АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының басты ерекшелігі – бізді ағайынды Камачолардың жаттықтырып жатқаны. Олардың бірі бұған дейін Геннадий Головкинмен жұмыс істеген тәжірибелі маман.

Мұндағы жаттығу жүйесі, қолданылатын әдістер мен жалпы дайындық үдерісі өзгеше. Біз үшін жаңа тәсілдерді меңгеріп, тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік болып отыр», – деді Алуа Балқыбекова.

Сондай-ақ қазақстандық боксшы оқу-жаттығу жиынының не себепті Лос-Анджелесте ұйымдастырылғанына тоқталды.

«2028 жылғы Олимпиада ойындары Лос-Анджелесте өтеді. Сол себепті біз үшін осы жердің жағдайына қазірден бастап бейімделудің маңызы зор. Ауа райына, климатқа және уақыт айырмашылығына үйреніп жатырмыз.

Қазақстан мен Лос-Анджелес арасындағы уақыт айырмашылығы шамамен 12 сағатты құрайды. Мұнда келіп, толыққанды бейімделу кезеңінен өтуіміз алдағы жарыстарда көмегін тигізеді деп ойлаймын», – деді ол.

Алуа Балқыбекова атақты америкалық бапкер Фредди Роучпен өткізген жаттығу туралы да айтып берді.

«Мэнни Пакьяоның залында жаттығып, спаррингтер өткізіп жатырмыз. Пакьяоның бапкері бізге лапа ұстап, бірге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Қазақстандық боксшылармен өткізген жаттығу оған да ұнағанын айтты. Соңында барлығымызға сәттілік тіледі.

Әрине, онымен ұзақ отырып сөйлесуге немесе ашық әңгімелесуге мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен Мэнни Пакьяоға үлкен алғысымызды білдіреміз. Ол Қазақстан ұлттық құрамасына өз залында жаттығуға және спарринг өткізуге жағдай жасады», – деді ұлттық құрама көшбасшысы.

Айта кетейік, әйелдер құрамасы енді 16-30 тамыз аралығында Алматы облысының Жаңашар ауылында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізеді.

06 августа, 2026
9

Назым Қызайбай АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының кезекті кезеңін қорытындылады

Лос-Анджелестегі жаттығу барысында Жапонияда өтетін Азия ойындарының алдында жалпы дене дайындығына және америкалық кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізуге басымдық берілді.

Назым Қызайбай жоғары жүктемеге байланысты спортшылардың демалуға және қаламен танысуға іс жүзінде уақыты болмағанын айтты.

«Күн сайынғы тәртібіміз бірдей болды: жаттығу, қалпына келу және қайтадан жаттығу. Бірақ біз мұнда дәл осы мақсатпен келдік. Соңғы күндері спаррингтер өткіздік. Жалпы, оқу-жаттығу жиыны өте нәтижелі өтті», – деп жазды Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Спортшының айтуынша, команда АҚШ-қа аттанар алдында бос уақытта қаланың көрікті жерлерін аралап, белсенді демалуды жоспарлаған. Алайда жаттығудан кейін боксшылардың бар ойы қалпына келіп, келесі жаттығуға дайындалуға ғана бағытталған.

«Тіпті демалыс күндері де бір жерге барып қайту қиын болды. Бар ойымыз демалып, ұйқымызды қандырып, келесі жаттығуға күш жинау еді», – деді Қазақстан құрамасының капитаны.

Сондай-ақ Назым Қызайбай оқу-жаттығу жиыны бойы спортшыларға қолдау көрсетіп, үйі мен отбасынан жырақта бірге жұмыс істеген жаттықтырушылар штабына алғысын білдірді.

АҚШ-тағы дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін, қазақстандық боксшылар тамыз айының ортасында жаттығуларын елде жалғастырады.

32 жастағы Назым Қызайбай бокспен 17 жылдан бері айналысады. Ол 2024 жылдың қазан айынан бері ұлттық құраманың капитаны. Назым Қызайбай – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Сондай-ақ ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері саналады.

05 августа, 2026
7

Бокстан жазғы Азия ойындарына баратын құрам қаншалықты тәжірибелі?

Әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына баратын бастапқы құрамды атаған еді.

51 келі. Алуа Балқыбекова (2 дүркін әлем чемпионы)

Отандасымыз 2026 жылы 2 Әлем кубогының кезеңіне қатысып үлгерді. Сәуір айында Бразилияда ол жартылай финалға дейін жетіп, Қытай өкілі Синью Циге 2:3 есебімен жол берді. Ал маусым айында ол ширек финалда осы салмақтың басты фавориті саналатын, әлем чемпионы Минакшиден (Үндістан) есе жіберген еді. 

Алуа Балқыбекова ұлттық құрамада бірнеше жыл көшбасшы саналғанымен, алғаш рет жазғы Азия ойындарында бақ сынайды.

54 келі. Назым Қызайбай (3 дүркін әлем чемпионы)

48 келіде 3 дүркін әлем чемпионы атанып үлгерген Назым Қызайбай 2026 жылы 54 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Ол Бразилиядағы Әлем кубогында Польша боксшысы Виктория Рогалинскаядан жеңіліп, жүлдесіз қалған еді. Ал Қытайдағы Әлем кубогының алдында Назым Қызайбай 54 келідегі көшбасшыны анықтау мақсатында Элина Базаровамен спарринг өткізіп, басым түсті. Сондай-ақ отандасымыз Гуйяндағы Әлем кубогында да Олимпиада және Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жеңіп, жаңа салмаққа бейімделгенін дәлелдеді.

Назым Қызайбай бұған дейін 2018 және 2023 жылғы жазғы Азия ойындарына қатысып, ширек финалда тоқтаған болатын.

60 келі. Виктория Графеева (Әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері)

Өзге отандастарымыздан атағы төмен болғанымен, 2026 жылы ең тұрақты нәтижесімен көзге түсіп келе жатыр. Алдымен ол Бразилиядағы Әлем кубогының финалында әлем чемпионы, жарыс қожайыны Ребека Сантосты жеңіп кетсе, Қытайдағы Әлем кубогының финалында Париж Олимпиадасының чемпионы Лю Тиньнен (Тайпей) айласын асырды. 

Жазғы Азия ойындарында дебют жасайды.

65 келі. Аида Әбікеева (2 дүркін әлем чемпионы)

65 келіде басты фаворит саналатын Аида Әбікеева 2026 жылы әлі чемпиондық атаққа қол жеткізе алмай келе жатыр. Бразилияда ол финалға дейін жетіп, Өзбекстан боксшысы Навбахор Хамидоваға жол берсе, Қытайдағы Әлем кубогында жартылай финалда Бразилия спортшысы Беатрис Ферейрадан есе жіберді.

Жазғы Азия ойындарында дебют жасайды.

75 келі. Наталья Богданова (Әлем чемпионы)

2025 жылы әлем чемпионы атанған, сондай-ақ World Boxing ұйымының “ең мықты боксшы” номинациясының иегері. Алайда отандасымыз жазғы Азия ойындарында өзінің тұрақты 70 келісі болмағандықтан, 75 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Маусым айында ол Қытайда осы салмақта жұдырықтасып, алғашқы кездесуінде Қытай спортшысы Бао Цзыидан есе жіберді.

2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері саналады.

Айта кетейік, әйелдер боксы жазғы Азия ойындарының бағдарламасына 2010 жылдан бастап енгізілді. Содан бері аруларымыз 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған.

04 августа, 2026
6

Әйелдер құрамасынан жазғы Азия ойындарына баратын бастапқы құрам белгілі болды

Қазақстанның бокстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына дайындықтың кезекті кезеңін өткізіп жатыр.

Қазіргі таңда Жапонияда өтетін құрлықтық додада ел намысын қорғайтын спортшылардың есімдері белгілі болды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин мәлімдеді.

Қазақстандық боксшылар үшін соңғы ірі жарыс Қытайдың Гуйян қаласында өткен әлем кубогының кезеңі болды. Аталған турнирде Назым Қызайбай (54 келі) мен Виктория Графеева (60 келі) алтын медаль жеңіп алса, Аида Әбікеева (65 келі), Валерия Аксенова (80 келі) және Дина Исламбекова (80 келі) қола жүлдеге ие болды.

Енді ұлттық құрама Азия ойындарына дайындықты бастады. Бас бапкер Елдос Сайдалин Жапонияда өтетін додада өнер көрсететін боксшыларды атап, команданы жасақтау жүйесіне тоқталды.

«Қазіргі таңда Азия ойындарына қатысатын құрам толық анықталды. Команда сапына Алуа Балқыбекова (51 келі), Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі) және Наталья Богданова (75 келі) енді. Спортшыларды іріктеу барысында өткен жылғы әлем чемпионатының, биылғы әлем кубогының нәтижелері ескерілді», - деді Елдос Сайдалин.

03 августа, 2026
7

World Boxing ұйымы жаңа турнирді іске қосады

Asian Boxing League – Азиядағы ұлттық бокс федерацияларына мүше клубтар мен командалар арасында өтетін жаңа құрлықтық жарыс. Жарыс 5-20 желтоқсан күндері аралығында Иордания астанасы Амманда өтеді.

Кімдер қатыса алады?

Ұлттық бокс федерациясына қарасты барлық командалар қатыса алады. Олардың қатарында:

* бокс клубтары;
* бокс академиялары;
* әскери командалар;
* полиция және қауіпсіздік қызметінің командалары;
* университеттер мен колледждер;
* қалалық және өңірлік құрамалар;
* корпоративтік командалар;
* сондай-ақ ұлттық бокс федерациясы ресми түрде мойындаған өзге де командалар.

Жарысқа Elite және U19 санатындағы ерлер мен әйелдер қатыса алады.

Қалай тіркелуге болады?

Клубтар мен командалар өздерінің ұлттық бокс федерациясына мүше болуы тиіс.

Қатысу үшін өз еліңіздің ұлттық бокс федерациясына хабарласыңыз. Федерация сіздің командаңызды Asian Boxing Registration Database ресми тіркеу жүйесі арқылы тіркейді.

Не ұтуға болады?

Спортшылар өз салмақ дәрежелері бойынша медальдар үшін бақ сынайды.

Командалар Asian Boxing League чемпионы атағын, сондай-ақ күміс және қола жүлдегер атақтарын сарапқа салады.

Ерекше өнер көрсеткен спортшыларға арнайы жеке марапаттар табысталады.

Егер сіздің клубыңыз немесе командаңыз жарысқа қатысқысы келсе, өз еліңіздің ұлттық бокс федерациясына тікелей хабарласыңыз.

Командаларды Asian Boxing Registration Database ресми тіркеу жүйесі арқылы тек ұлттық бокс федерациялары ғана тіркей алады.

01 августа, 2026
9

Лос-Анджелес Олимпиада ойындарына іріктеу өтетін мемлекеттер анықталды

Глазгода World Boxing атқарушы комитетінің жиыны өтті. Халықаралық федерация мамандары Лос-Анджелес 2028 Олимпиада ойындарына дайындық және бүкіл әлемде боксты одан әрі дамыту барысын талқылап, сондай-ақ ауқымды стратегиялық, спорттық және басқару мәселелерін қарастырды.

Президент Геннадий Головкин мен бас хатшы Том Диленнің төрағалығымен өткен бұл жиынның басты назарында 2027–2029 жылдарға арналған ірі халықаралық жарыстарды, соның ішінде Олимпиадаға іріктеу кезеңдерін өткізетін елдерді анықтау мәселесі болды.

Атқарушы комитет 2027 жылғы құрлықтық іріктеу турнирлері мен 2028 жылғы қос әлемдік іріктеу турнирін өткізуге үміткерлерді қарастырды. Қазіргі уақытта бұл іріктеу жарыстары бойынша келісімшарт жасау процесі жүріп жатыр.

Келесі әлем чемпионаты Азияда (Астана, Қазақстан) өтетіндіктен, Атқарушы комитет олимпиадалық қос әлемдік іріктеу турнирін өткізу мүмкіндігін Италия мен Мажарстанға беру шешіміне келді.

Осылайша, Құрлықтық Олимпиадалық іріктеу турнирлері:

Америка – АҚШ

Азия – Қытай

Еуропа – Еуропа ойындары, Ыстанбұл

Океания – Самоа (жақын апталарда негізгі құжаттарды тапсыру шартымен)

Африка – Нигерия (жақын апталарда негізгі құжаттарды тапсыру шартымен)

Әлемдік іріктеу турнирлері:

1-ші әлемдік іріктеу турнирі – Италия

2-ші әлемдік іріктеу турнирі – Мажарстан

Өткізу туралы келісімшарт жұмыстары алдағы айларда толық аяқталады.

Сондай-ақ Атқарушы комитет 2027 жылы Астанада өтетін World Boxing әлем чемпионатына дайындық барысын және Лос-Анджелес Олимпиада циклінің соңына дейінгі халықаралық жарыстардың кеңейтілген күнтізбесін қарады.

Жарыс мәселелерінен бөлек, Комитет World Boxing ұйымын басқаруды нығайту мен ұзақ мерзімді дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырды. Мүшелер 2026 жылдың қарашасында Панамада өтетін World Boxing конгресіне дайындық барысымен, соның ішінде комитет құрылымына және сайлау процедураларына ұсынылатын түзетулермен танысты.

Кездесуден кейін сөз сөйлеген World Boxing Президенті Геннадий Головкин:

«Бүгінгі талқылаулар мен шешімдер World Boxing шаршы алаңның ішінде де, сыртында да айтарлықтай ілгерілеушілікке жетіп жатқанын көрсетті. Олимпиадалық іріктеу жолын өткізетін елдерді анықтаудан бастап, басқару жүйемізді нығайтуға, жаһандық мүшелігімізді кеңейтуге және Конгреске дайындалуға дейінгі қадамдар арқылы біз Олимпиада қозғалысы аясында бокстың табысты болашағын қамтамасыз ете алатын ашық, әрі қуатты ұйым құрып жатырмыз», – деді.

31 июля, 2026
9

Боксшыларымыз Лос-Анджелесте оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр

Махмұд Сабырханның Лос-Анджелесте Фредди Роучпен бірге жаттығу залында жүрген сәтімен бөлісті.

– Аңызға айналған тұлғаның қасында тұрғанда, арманыңыз да айқын бола бастайды. Фредди Роучтың жетекшілігімен Мэнни Пакьяо 8 салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Құдай қаласа, дәл сондай табандылық, қажырлы еңбек пен жеңістер арқылы біз де, Пакьяо сияқты, халқымыздың мақтанышына айнала аламыз, - деп жазды Сабырхан Instagram-дағы парақшасында Роучпен түскен суретін бөлісе отырып.

Қазіргі сәтте ерлер және әйелдер құрамасы жазғы Азия ойындарына байланысты арнайы жаттығуларын өткізіп жатыр.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан – бокстан екі дүркін әлем чемпионы. Ол 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, 2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing ұйымының әлем чемпионатында да топ жарды.

Сонымен қатар, Махмұд 2021 жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.

30 июля, 2026
8

Астанада 500-ге жуық бокс жаттықтырушысы біліктілігін арттырды

Еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық бокс жаттықтырушы-оқытушысы Астанада 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсынан өтті. 

Бағдарлама аясында алғашқы медициналық көмек көрсету, антидопинг талаптары, жаттығу үдерісін тиімді ұйымдастыру және өзге де маңызды тақырыптар қамтылды. Курсты қорытындылаған емтиханнан сәтті өткен мамандарға арнайы куәліктер табысталды.

22–29 шілде аралығында өткен курс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК ұйымдастыруымен өткізілді.

29 июля, 2026
7