МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Әйелдер құрамасынан жазғы Азия ойындарына баратын бастапқы құрам белгілі болды

Қазақстанның бокстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына дайындықтың кезекті кезеңін өткізіп жатыр.

Қазіргі таңда Жапонияда өтетін құрлықтық додада ел намысын қорғайтын спортшылардың есімдері белгілі болды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин мәлімдеді.

Қазақстандық боксшылар үшін соңғы ірі жарыс Қытайдың Гуйян қаласында өткен әлем кубогының кезеңі болды. Аталған турнирде Назым Қызайбай (54 келі) мен Виктория Графеева (60 келі) алтын медаль жеңіп алса, Аида Әбікеева (65 келі), Валерия Аксенова (80 келі) және Дина Исламбекова (80 келі) қола жүлдеге ие болды.

Енді ұлттық құрама Азия ойындарына дайындықты бастады. Бас бапкер Елдос Сайдалин Жапонияда өтетін додада өнер көрсететін боксшыларды атап, команданы жасақтау жүйесіне тоқталды.

«Қазіргі таңда Азия ойындарына қатысатын құрам толық анықталды. Команда сапына Алуа Балқыбекова (51 келі), Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі) және Наталья Богданова (75 келі) енді. Спортшыларды іріктеу барысында өткен жылғы әлем чемпионатының, биылғы әлем кубогының нәтижелері ескерілді», - деді Елдос Сайдалин.

03 августа, 2026
4

World Boxing ұйымы жаңа турнирді іске қосады

Asian Boxing League – Азиядағы ұлттық бокс федерацияларына мүше клубтар мен командалар арасында өтетін жаңа құрлықтық жарыс. Жарыс 5-20 желтоқсан күндері аралығында Иордания астанасы Амманда өтеді.

Кімдер қатыса алады?

Ұлттық бокс федерациясына қарасты барлық командалар қатыса алады. Олардың қатарында:

* бокс клубтары;
* бокс академиялары;
* әскери командалар;
* полиция және қауіпсіздік қызметінің командалары;
* университеттер мен колледждер;
* қалалық және өңірлік құрамалар;
* корпоративтік командалар;
* сондай-ақ ұлттық бокс федерациясы ресми түрде мойындаған өзге де командалар.

Жарысқа Elite және U19 санатындағы ерлер мен әйелдер қатыса алады.

Қалай тіркелуге болады?

Клубтар мен командалар өздерінің ұлттық бокс федерациясына мүше болуы тиіс.

Қатысу үшін өз еліңіздің ұлттық бокс федерациясына хабарласыңыз. Федерация сіздің командаңызды Asian Boxing Registration Database ресми тіркеу жүйесі арқылы тіркейді.

Не ұтуға болады?

Спортшылар өз салмақ дәрежелері бойынша медальдар үшін бақ сынайды.

Командалар Asian Boxing League чемпионы атағын, сондай-ақ күміс және қола жүлдегер атақтарын сарапқа салады.

Ерекше өнер көрсеткен спортшыларға арнайы жеке марапаттар табысталады.

Егер сіздің клубыңыз немесе командаңыз жарысқа қатысқысы келсе, өз еліңіздің ұлттық бокс федерациясына тікелей хабарласыңыз.

Командаларды Asian Boxing Registration Database ресми тіркеу жүйесі арқылы тек ұлттық бокс федерациялары ғана тіркей алады.

01 августа, 2026
7

Лос-Анджелес Олимпиада ойындарына іріктеу өтетін мемлекеттер анықталды

Глазгода World Boxing атқарушы комитетінің жиыны өтті. Халықаралық федерация мамандары Лос-Анджелес 2028 Олимпиада ойындарына дайындық және бүкіл әлемде боксты одан әрі дамыту барысын талқылап, сондай-ақ ауқымды стратегиялық, спорттық және басқару мәселелерін қарастырды.

Президент Геннадий Головкин мен бас хатшы Том Диленнің төрағалығымен өткен бұл жиынның басты назарында 2027–2029 жылдарға арналған ірі халықаралық жарыстарды, соның ішінде Олимпиадаға іріктеу кезеңдерін өткізетін елдерді анықтау мәселесі болды.

Атқарушы комитет 2027 жылғы құрлықтық іріктеу турнирлері мен 2028 жылғы қос әлемдік іріктеу турнирін өткізуге үміткерлерді қарастырды. Қазіргі уақытта бұл іріктеу жарыстары бойынша келісімшарт жасау процесі жүріп жатыр.

Келесі әлем чемпионаты Азияда (Астана, Қазақстан) өтетіндіктен, Атқарушы комитет олимпиадалық қос әлемдік іріктеу турнирін өткізу мүмкіндігін Италия мен Мажарстанға беру шешіміне келді.

Осылайша, Құрлықтық Олимпиадалық іріктеу турнирлері:

Америка – АҚШ

Азия – Қытай

Еуропа – Еуропа ойындары, Ыстанбұл

Океания – Самоа (жақын апталарда негізгі құжаттарды тапсыру шартымен)

Африка – Нигерия (жақын апталарда негізгі құжаттарды тапсыру шартымен)

Әлемдік іріктеу турнирлері:

1-ші әлемдік іріктеу турнирі – Италия

2-ші әлемдік іріктеу турнирі – Мажарстан

Өткізу туралы келісімшарт жұмыстары алдағы айларда толық аяқталады.

Сондай-ақ Атқарушы комитет 2027 жылы Астанада өтетін World Boxing әлем чемпионатына дайындық барысын және Лос-Анджелес Олимпиада циклінің соңына дейінгі халықаралық жарыстардың кеңейтілген күнтізбесін қарады.

Жарыс мәселелерінен бөлек, Комитет World Boxing ұйымын басқаруды нығайту мен ұзақ мерзімді дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырды. Мүшелер 2026 жылдың қарашасында Панамада өтетін World Boxing конгресіне дайындық барысымен, соның ішінде комитет құрылымына және сайлау процедураларына ұсынылатын түзетулермен танысты.

Кездесуден кейін сөз сөйлеген World Boxing Президенті Геннадий Головкин:

«Бүгінгі талқылаулар мен шешімдер World Boxing шаршы алаңның ішінде де, сыртында да айтарлықтай ілгерілеушілікке жетіп жатқанын көрсетті. Олимпиадалық іріктеу жолын өткізетін елдерді анықтаудан бастап, басқару жүйемізді нығайтуға, жаһандық мүшелігімізді кеңейтуге және Конгреске дайындалуға дейінгі қадамдар арқылы біз Олимпиада қозғалысы аясында бокстың табысты болашағын қамтамасыз ете алатын ашық, әрі қуатты ұйым құрып жатырмыз», – деді.

31 июля, 2026
6

Боксшыларымыз Лос-Анджелесте оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр

Махмұд Сабырханның Лос-Анджелесте Фредди Роучпен бірге жаттығу залында жүрген сәтімен бөлісті.

– Аңызға айналған тұлғаның қасында тұрғанда, арманыңыз да айқын бола бастайды. Фредди Роучтың жетекшілігімен Мэнни Пакьяо 8 салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Құдай қаласа, дәл сондай табандылық, қажырлы еңбек пен жеңістер арқылы біз де, Пакьяо сияқты, халқымыздың мақтанышына айнала аламыз, - деп жазды Сабырхан Instagram-дағы парақшасында Роучпен түскен суретін бөлісе отырып.

Қазіргі сәтте ерлер және әйелдер құрамасы жазғы Азия ойындарына байланысты арнайы жаттығуларын өткізіп жатыр.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан – бокстан екі дүркін әлем чемпионы. Ол 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, 2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing ұйымының әлем чемпионатында да топ жарды.

Сонымен қатар, Махмұд 2021 жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.

30 июля, 2026
6

Астанада 500-ге жуық бокс жаттықтырушысы біліктілігін арттырды

Еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық бокс жаттықтырушы-оқытушысы Астанада 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсынан өтті. 

Бағдарлама аясында алғашқы медициналық көмек көрсету, антидопинг талаптары, жаттығу үдерісін тиімді ұйымдастыру және өзге де маңызды тақырыптар қамтылды. Курсты қорытындылаған емтиханнан сәтті өткен мамандарға арнайы куәліктер табысталды.

22–29 шілде аралығында өткен курс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК ұйымдастыруымен өткізілді.

29 июля, 2026
5

Отандық бокс жұлдыздары V Integra Спартакиадасының ашылу салтанатына қатысты

Астанада «Integra Construction KZ» компаниясының дәстүрлі бесінші Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Биылғы жарыс та спорттық жарыс рухын және командалық бірлікті нығайтуға арналған. Спартакиада аясында қатысушылар 10 спорт түрінен бақ сынап жатыр: мини-футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, армрестлинг, шахмат, киберспорт, тоғызқұмалақ.

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Олимпиада жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Қамшыбек қоңқабаев қатысушыларға сәттілік тілеп, салауатты өмір салты мен бірлікті ту еткен бірегей іс-шараға қолдау көрсетті.

28 июля, 2026
6

Бокстан Қазақстан чемпионаттарының күнтізбесі жарияланды

Бокстан 2026 жылы ел ішінде өтетін ішкі біріншіліктердің уақыты толықтай белгілі болды.

Ересектер арасындағы ел чемпионаты 24 қазан - 1 қараша аралығында Тараз қаласында өтетін болды. Бұған дейін бұл шаһар ел додасын 2014 жылы өткізген еді.

Одан бөлек, басқа жас санаттары бойынша да ел чемпионаттары ұйымдастырылады:

U17 санаты 7-13 қараша аралығында Ақтау қаласында ұйымдастырылады.

U19 санаты 15-22 қараша аралығында Астана қаласында өтеді.

U17 және U19 санатындағы әйелдердің бәсекесі 29 қараша мен 5 желтоқсан күндері аралығына жоспарланған.

2026 жылғы Қазақстан чемпионаттары ұлттық құраманы жасақтау мен халықаралық жарыстарға іріктеу тұрғысынан маңызды дода саналады.

27 июля, 2026
5

Виктория Графеева: АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны Азия ойындары алдындағы маңызды кезең

Қазақстанның ерлер және әйелдер ұлттық бокс құрамалары Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындық аясында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 36 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізуде.

Жиынның негізгі мақсаты – Санта-Моникада жалпы дене дайындығын жетілдіру және америкалық кәсіпқой боксшылармен спаррингтік кездесулер өткізу. Қазақстандық делегация АҚШ-тағы дайындықты 8 тамызда аяқтап, Азия ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу кезеңін өткізу үшін тікелей Жапонияға аттанады.

Оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан ұлттық құраманың боксшысы Виктория Графеева дайындық барысы туралы пікірімен бөлісті.

– Дайындық өте қарқынды өтіп жатыр. Әр күніміз минутына дейін жоспарланған. Жаттығу, қалпына келу, техникалық және физикалық дайындықты жетілдіруге бағытталған жұмыстардың барлығы нақты кесте бойынша жүргізілуде. Бұл жиынның басты ерекшелігі – жаңа спарринг-серіктестердің көптігі және олардың бокс мәнерінің өзгешелігі. Сондықтан жаңа жағдайға тез бейімделуге тура келеді.

Боксшының айтуынша, АҚШ-тағы жиын халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберлікті шыңдауға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

– Басты мақсатымыз – маңызды жарыстардың алдында дайындық деңгейін барынша арттыру. Мұнда мықты спортшылармен спарринг өткізіп, жекпе-жек жүргізудің түрлі мәнерлерімен танысуға мүмкіндік бар. Мұның бәрі халықаралық тәжірибе жинауға және өз шеберлігіңді шыңдауға көмектеседі.

Сондай-ақ Виктория Графеева оқу-жаттығу жиынына жасалған жағдайдың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Жағдай өте жақсы. Сапалы жаттығу өткізуге қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи спорт залы, қажетті құрал-жабдықтар және қалпына келуге арналған жағдай бар. Соның арқасында бар назарымызды тек дайындыққа аудара аламыз.

25 июля, 2026
3

Қазақстан боксшылары Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын аяқтады

Түркияның Кастамону қаласында Қазақстан мен Түркия боксшыларының бірлескен оқу-жаттығу жиыны аяқталды.

Оқу-жаттығу жиыны 15 шілдеде басталып, Түркия бокс федерациясының Кадыдагы оқу-жаттығу орталығында өтті.

Кастамонуда Қазақстан құрамасы сапында Диас Берікбай, Даниял Сабит, Бекзат Алдамжаров, Дамир Әбдіқадыр, Сәкен Бибосынов, Ерасыл Аманғалиев, Нұрсұлтан Алтынбек, Илья Калинин, Ертуған Зейнуллинов, Алмат Әбдуәли, Дархан Дүйсебай, Еркебұлан Шайкенов, Сержан Еркін, Азамат Бектас, Сұлтанбек Айбарұлы және Нұрлан Сапарбай сынды отандастарымыз дайындалды.

Кастамонудағы орталық Түркия бокс федерациясының негізгі биік таулы оқу-жаттығу базаларының бірі саналады. Мұнда әртүрлі жас санатындағы ұлттық құрамалар Еуропа және әлем чемпионаттарына, сондай-ақ Олимпиада ойындарына дайындық жүргізеді.

Сонымен қатар Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамаларының негізгі құрамы АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Моника қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Америка Құрама Штаттарындағы дайындық жазғы Азия ойындары алдындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.

24 июля, 2026
3

Азиза Исина Азия чемпионатының үздік боксшысы атанды

Азия бокс федерациясы (Asian Boxing) Индонезияның Джакарта қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының үздік боксшыларын атады. Ерлер арасында Өзбекстан өкілі Элёр Рустамов (U-19, 55 кг) пен Жапония спортшысы Коити Накаяма (U-23, 60 кг) үздік деп танылды. Ал әйелдер арасында Үндістан боксшысы Пуджари (U-19, 51 кг) және Қазақстан құрамасының өкілі Азиза Исина (U-23, 70 кг) үздік боксшы атағына ие болды. Еске салсақ, 2026 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы 30 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 11 алтын, 11 күміс және 8 қола жүлде бар. Ерлер арасында Бибарыс Әшірбай, Владислав Саможонов, Аман Қонысбек, Темірлан Мұқатаев және Ибрагим Бетаев Азия чемпионы атанса, әйелдер арасында Камила Оспанова, Айдана Убайдуллақызы, Зарина Толыбай, Гүлназ Бөрібаева, Азиза Исина және Шұғыла Нәлібай чемпиондық атақты жеңіп алды.

23 июля, 2026
4

«Халық» қоры мен Қазақстан бокс федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2024 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «AUYL SPORT» жобасы аясында «Халық» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов пен спорт менеджері Ғалым Сихимов Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхаммен жолығып, ауылдағы боксты дамыту мақсатында өзара меморандумға қол қойды.

Келісім аясында 2026 жылы Астана қаласында өтетін «AUYL SPORT» жобасының Республикалық бәсекесінде Қазақстан бокс федерациясы білікті төрешілермен қамтамасыз етуге атсалысса, «Халық» қайырымдылық қоры бапкерлер, төрешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинарларды ұйымдастырып, «AUYL SPORT» жобасындағы бокс жеңімпаздарын халықаралық турнирге қатысуын толықтай өз мойындарына алады.

«AUYL SPORT» жобасы - ауыл балаларына кәсіби түрде спортпен айналысуға мүмкіндік беретін бірегей бастама.

Шараның мақсаты - ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру, олардың тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау.

22 июля, 2026
3