МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Сағадат Нұрмағамбетов турнирінің жартылай финалы қалай өтті

Алматы қаласында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған XXIX халықаралық бокс турнирі жалғасып жатыр.

Ең жеңіл 50 келіде Абай облысының өкілі Ернар Қарап өзінің чемпиондыққа үміткер екендігін дәлелдеп келеді. Ол жартылай финалда бір бас жоғары өнер көрсетіп, Ербол Абдреимовты (Жамбыл обл) 5:0 есебімен жеңді.

55 келіде атақты Сәкен Бибосынов та айтарлықтай қиындыққа тап болмай, Қарағанды облысының боксшысы Нұрислам Бекеннен төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті.

60 келіде Асылжан Серікбай тағы да бір алтынға үміткер Жандос Қыдырәлиеті жарыстан шығарды. Есеп: 3:2.

65 келіде алдын ала болжағандай, U22 санатында 2 дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев пен 3 жылдық үзілістен кейін спорт жолына оралған Абзал Серік ақтық сынға жолдама алды.

70 келіде Елнұр Сүйінбай қарсылас шыдатпай, финалға емін-еркін жетті. Оны Жетісу облысының мықтысы Дархан Дүйсебай күтіп тұр.

80 келіде Нұрқанат Райыс та финалға дейін жетті. 

Аса ауыр салмақта Өзбекстанның этникалық қазағы Мадияр Саидрахимов қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, чемпиондыққа таласуға мүмкіндік алды.


Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары 29 мамырда белгілі болады.

28 мая, 2026
19

Олимпиада жүлдегерінің сенімді жеңісі: Сағадат Нұрмағамбетовтың турнирінің үшінші күні қалай өтті?

Алматы қаласында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған XXIX халықаралық бокс турнирі жалғасып жатыр.

Турнирдің басты жаңалығы ретінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың қатысуы еді. Ол ширек финалда Ақмола облысының боксшысы Бахтияр Әскертаевты еш қиындықсыз айласын асырды. Есеп: 3:0. Осы салмақта фавориттердің қатарына кіретін Кенже Мұратұлы да қарсыласын мерзімінен бұрын ұтты.

60 келіде Асылжан Серікбай чемпиондыққа басты үміткер саналған Дәулет Молдашевты тоқтатты. Есеп: 2:1. Ал бұған дейін 63,5 келіде сынға түскен Жандос Қыдырәлиев тағы бір талантты отандасымыз Руслан Күзеубаевты төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді. 70 келіде Дархан Дүйсебай мен Ағажан Қадырдың да жекпе-жегі тартысты өтіп, 2:1 есебімен Дарханның пайдасына аяқталды. Аса ауыр салмақта Атырау облысының өкілі, тәжірибелі Аманат Сабырғали болса, күтпеген жерден жарыс қожайыны Рамзан Саитовқа жол берді. Есеп: 0:3.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары 29 мамырда белгілі болады.

27 мая, 2026
14

Азия чемпионының жаңа салмақтағы жеңілісі: Сағадат Нұрмағамбетовтың турнирінің екінші күні қалай өтті?

Алматы қаласында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған XXIX халықаралық бокс турнирі жалғасып жатыр.

Жарыстың екінші күнінде басты сенсация ретінде U22 Азия чемпионы, 60 келіге көтерілген Нұрсұлтан Алтынбектің жеңілісі болды. Ол Абай облысының өкілі Ерасыл Амангелдиевпен жұдырық түйістіріп, 1:2 есебімен есе жіберді.

Қалған жекпе-жектерде өз салмағында фаворит саналған отандастарымыз оңай жеңіске жетті. Атап айтсақ, 60 келідегі Дәулет Молдашев Қарағанды облысының жас әрі талантты спортшысы Нығмет Нығманды 2:1 есебімен ұтты. Сондай-ақ Талғат Сырымбетов (60 келі), Абзал Серік (65 келі), Елнұр Сүйінбай (70 келі), Санатәлі Төлтаев (70 келі), Нұрқанат Райыс (80 келі) cынды көпшілік танитын жерлестеріміздің де мерейі үстем болды.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары 29 мамырда белгілі болады.
 

26 мая, 2026
10

Қазақстанның танымал боксшылары Сағадат Нұрмағамбетовтың турнирінде бас қосты

Алматы қаласында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған XXIX халықаралық бокс турнирі басталды.

Жарыстар Орталық спорт клубы армиясының базасында өтіп жатыр және дәстүрлі түрде қазақстандық бокстың болашақ жұлдыздары сынға түсетін негізгі алаңдардың бірі саналады.

Биылғы турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдан келген шамамен 130 спортшы қатысып жатыр. Қатысушылар үшін бұл жарыс тек медаль үшін емес, ұлттық құрама бапкерлерінің алдында өздерін көрсетіп, кәсіби мансапта үлкен қадам жасау мүмкіндігі ретінде қарастырылып отыр.

Көрермендердің ерекше назары Орталық спорт клубы армиясы командасының құрамына ауды. Командаға тәжірибелі спортшылармен қатар жас боксшылар да енген. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, Азияның 22 жасқа дейінгі чемпионы Бекнұр Батырбек, жақында ғана қайта шаршы алаңға қайта оралған Абзал Серік, 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетов, сондай-ақ жастар біріншіліктерінің жеңімпаздары Нұрбол Мұхаметәлі, Абылай Сман және Дархан Дүйсебай бар.

Сәғадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған турнир соңғы отыз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан спорты үшін маңызды әрі беделді жарыстардың біріне айналды. Осы жылдар ішінде бұл додада елді әлемдік аренада танытқан көптеген спортшылар бақ сынап, жеңіске жеткен.

Олардың қатарында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, әлем чемпионы және әлемге кеңінен танымал боксшы Геннадий Головкин, Олимпиада чемпиондары Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов, сондай-ақ әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы бар.

Жекпе-жектер 13 салмақ дәрежесінде өтеді. Жеңімпаздарға спорт шебері атағы беріледі және турнир 29 мамырға дейін жалғасады.

25 мая, 2026
14

Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған халықаралық турнирде кімдер жеңіске жетті?

Түркістан қаласында бокстан Олимпиада ойындарының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған жастар арасындағы халықаралық турнир аяқталды.

Жарысқа еліміздің және шетелдің жас боксшылары қатысып, жоғары деңгейдегі тартысты жекпе-жектер өтті.

Төменде салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі берілген:

50 келі

1-орын: Әділет Абылайхан (Шымкент)
2-орын: Нұрбол Нұржанов (Қарағанды обл.)
3-орын: Нұрым Боранбай (Қарағанды обл.)
3-орын: Қуаныш Құралбай (Түркістан обл.)

55 келі

1-орын: Азамат Ернұр (Жетісу обл.)
2-орын: Арсен Досымқұл (Жамбыл обл.)
3-орын: Айдын Сейсенбай (Астана)
3-орын: Бекнұр Әбдіхан (Қарағанды обл.)

60 келі

1-орын: Алдияр Бахадур (Түркістан обл.)
2-орын: Ерасыл Батырбек (Шымкент)
3-орын: Ақарыс Егенберген (Алматы)
3-орын: Умар Орусбаев (Қырғызстан)

65 келі

1-орын: Темірлан Әбдірайым (Алматы)
2-орын: Расул Сейдіш (Жамбыл обл.)
3-орын: Мәнсүр Тілеужан (Қарағанды обл.)
3-орын: Сырым Отжан (Түркістан обл.)

70 келі

1-орын: Ерлан Дарманқұл (Түркістан обл.)
2-орын: Гайрат Иристаев (Түркістан обл.)
3-орын: Даниял Шалқарбай (Алматы)
3-орын: Кутманбии Муратов (Қырғызстан)

75 келі

1-орын: Әлихан Примбетов (Түркістан обл.)
2-орын: Ақпан Молдаш (Түркістан обл.)
3-орын: Мұрат Махамбетқалиұлы (Ақтөбе обл.)
3-орын: Нұрбек Сериков (Түркістан обл.)

80 келі

1-орын: Қуаныш Ұрымбасар (Түркістан обл.)
2-орын: Арсентий Андрейкин (Жамбыл обл.)
3-орын: Рахат Жақсылық (Жетісу обл.)
3-орын: Ихтияр Алиддинов (Түркістан обл.)

85 келі

1-орын: Таннур Сейсенбай (Жамбыл обл.)
2-орын: Нұрасыл Тұрарбекұлы (Шымкент)
3-орын: Нұрдаулет Қалдар (Астана)
3-орын: Нұрхан Мешітбай (Ақтөбе обл.)

90 келі

1-орын: Бақсұлтан Орындық (Түркістан обл.)
2-орын: Нұрлыхан Жайшылық (Ақтөбе обл.)
3-орын: Бекжол Аманжол (Жамбыл обл.)
3-орын: Ермахан Төлепберген (Түркістан обл.)

+90 келі

1-орын: Аян Дүйсенбек (Түркістан обл.)
2-орын: Мағжан Сеитов (Шымкент)
3-орын: Саян Ұлан (Түркістан обл.)
3-орын: Алдияр Исқақов (Түркістан обл.)

23 мая, 2026
20

Шахмұрат Мүтәліп: Әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізуіміз қажет

Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп жылдық конференция барысында маңызды бағыттарға тоқталды.

Оның айтуынша, 2025 жылы жоғары деңгейде ұйымдастырылған Әлем кубогінен кейін, 2027 жылы Астана қаласында өтетін Әлем чемпионатын да дәл сондай жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу қажет.

«Ерекше атап өткім келетіні — барлық берілген тапсырмалар мен қойылған міндеттер бос сөз болып қалмай, іс жүзінде нақты жүзеге асырылуы тиіс. Спортшылардың тәртібіне, әлеуметтік желідегі мінез-құлқына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Спорттағы идеологиялық және тәрбиелік бағыттың маңыздылығын да ұмытпауымыз керек», — деді федерация президенті.

Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасы бекітілгені айтылды. Бұл құжатта орта мерзімді кезеңге арналған боксты дамытудың негізгі бағыттары мен бірыңғай тәсілдері айқындалған.

22 мая, 2026
12

Астанада Қазақстан бокс федерациясының конференциясы өтті

Астанада Қазақстан бокс федерациясының 2025-2026 жылдардағы жұмыс қорытындылары шығарылып, алдағы олимпиадалық циклдегі негізгі міндеттер айқындалған жыл сайынғы конференция өтті.

Конференция барысында Әлімжан Ақаев ұйымның халықаралық қызметіне арналған баяндама жасады. ҚБФ вице-президенті Қазақстанның World Boxing ұйымындағы ұстанымын нығайту және отандық мамандардың Asian Boxing комиссияларындағы өкілдігін кеңейту мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ ұлттық құрамаларды 2026 жылы Нагояда (Жапония) өтетін Азия ойындарына және 2026 жылы Дакарда (Сенегал) ұйымдастырылатын жасөспірімдер Олимпиадасына дайындау жұмыстары сөз болды. Бұдан бөлек, Халықаралық Олимпиадалық комитеті бекіткен 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу жүйесіне назар аударылды. 2027 жылдың сәуір айында Астанада олимпиадалық іріктеудің алғашқы кезеңі саналатын әлем чемпионаты өтеді. Спикер халықаралық жарыстарда спорттық этика талаптарын сақтау мен төрешілік жүйесіне цифрлық технологияларды енгізудің маңызын да атап өтті.

Конференция соңында Қазақстан бокс федерациясы халықаралық аренадағы позицияны нығайту және негізгі жарыстарға дайындықты қоса қамтитын қазіргі олимпиадалық циклдің стратегиялық міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастыратыны атап өтілді.
 

21 мая, 2026
18

Ерлер құрамасы Қытайдағы әлем кубогына дайындалып жатыр

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Өзбекстанның Янгиабад қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр.

Аталған жиынға Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан және Корея құрамалары қатысуда.

Оқу-жаттығу жиынының бағдарламасы бойынша әр елдің боксшылары шеберлігін шыңдап, жалпы дене дайындығына жұмыс жүргізуде.

Айта кетейік, екінші Әлем кубогының кезеңі 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында өтеді.

20 мая, 2026
10

Ербол Мырзабосынов World Boxing ұйымының басшылығымен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліппен бірге 2027 жылғы бокстан әлем чемпионатына дайындық барысын инспекциялау мақсатында Астанаға келген World Boxing халықаралық ұйымының өкілдерімен кездесті.

Жиынға World Boxing ұйымының бас хатшысы Томми Рене Жозефин Дилен, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, сондай-ақ ұйым мен министрлік өкілдері қатысты.

Ербол Мырзабосынов Қазақстанның World Boxing ұйымымен ынтымақтастығының маңызын атап өтіп, әлем чемпионатын өткізу отандық спорт үшін маңызды оқиға екенін айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бокстың еліміздегі ұлттық спорт түрлерінің бірі ретіндегі айрықша рөлін бірнеше рет атап өтті. Астанада әлем чемпионатын өткізу отандық боксты дамытуға, халықаралық спорттық байланысты нығайтуға және жастар арасында спортты насихаттауға үлкен серпін береді», – деді министр.

Кездесу барысында тараптар 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық, спорттық инфрақұрылым, ареналардың дайындығы және Қазақстан мен World Boxing арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

World Boxing өкілдері әлем біріншілігінің дайындық жоспарымен танысып, Қазақстанда халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.

Еске сала кетейік, World Boxing ұйымдастыратын әлем чемпионаты 2027 жылдың сәуір айында Астанада өтеді.

19 мая, 2026
11

Түркістанда Мұхтархан Ділдәбековтың атындағы XIV халықаралық турнир басталды

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев осы турнирге қатысқан. Мықтылардың барлығы бір сәтте шыға қалған жоқ. Жетістікке жеткен боксшылар ауыл, аудан, облыс деңгейіндегі турнирдің барлық сатысынан өткен. Балаларға қолдау көрсетсек, олардың да деңгейі жоғарлай бермек, – деді Мұхтархан Ділдәбеков.
Биылғы турнирге Қазақстанның 10 өңірінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан, елдерінен келген 13 команда сапында 150-ге жуық жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.
Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына іріктеу және шеберліктерін шыңдау.
18 мая, 2026
20

«Belgrade Winner» халықаралық турнирінің финалы қалай өтті?

Қазақстанның ерлер құрамасы Сербияда өткен «Belgrade Winner» халықаралық турнирінде бір алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстандық боксшылардың ішінде алғаш болып рингке Нұрасыл Төлебек шықты. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда кубалық Винсент Луис Энрикені төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді.

Нұрбек Мурсал (70 кг) алтын медаль үшін черногориялық Милош Рогановичпен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіліп қалды. Ал Ибрагим Бетаев (90 кг) финалда Кубаның тағы бір өкілі Уильямс Нельсонмен кездесіп, ол да төрешілер шешімімен есе жіберді.

Айта кетейік, бастапқыда Белградтағы турнирге Қазақстан ерлер құрамасынан он екі боксшы қатысты.

17 мая, 2026
15