Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін Әлемдік лицензиялық турнирге дайындық аясында бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Шымкентте оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Жиынға 80-ге жуық боксшы қатысуда. Олардың арасында Әлемдік лицензиялық турнирге қатысатын алты боксшыдан бөлек, Ұлттық құраманың өзге де мүшелері мен әр облыстың құрамалары бар.
- Жігіттердің дайындықтары жақсы. Басты акцентті лицензиялық турнир алдында боксшылардың тактикалық және техникалық дайындықтарына қойып жатырмыз. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалуда. Енді 29 ақпан күні Италияға ұшамыз, - деді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Айта кетейік, Апеннин түбегіндегі турнирге 51 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Сабырхан Махмұд, 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы, 71 келіде Асланбек Шымбергенов, 80 келіде Нұрбек Оралбай және 92 келіде Айбек Оралбай қатысады. Италиядағы турнирге қатыспайтын боксшыларымыз Сербия, Литва, Әзірбайжан елдеріндегі халықаралық турнирлерде өнер көрсетеді. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиынынан кейін боксшылардың бірқатары Атырауда өтетін Болат Теміровті еске алуға арналған халықаралық турнирде бақтарын сынайды.
Ал Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирде ерлер арасында 28 лицензия сарапқа салынады. Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының бір лицезиясын иеленген. Былтырғы Жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алған.
Қазақстан бокс федерациясының бас демеушісі – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ,
Бас серіктесі - Sport Qory.