Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Ғалымбек Кенжебаев: «Биыл өте жауапты жыл»

25 Қаңтар, 2019

 Бас бапкер ұлттық құраманың алғашқы оқу-жаттығу жиыны жайында айтып берді.

- Бас бапкер ретінде құрама боксшыларымен алғашқы оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? Дайындау методикасына қандай да бір өзгерістер енгіздіңіз бе?

- Бәрі жақсы өтті деп толық сеніммен айта аламын. Алдымызға қойған жоспарды орындап шықтық. Әзірлік барысында қандай да бір жаңашылдықтар болғаны рас. Себебі, әр бапкердің өз көзқарасы болады.

- Жастар сапынан ересектерге ауысқан боксшыларымыз үшін алғашқы оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? 

- Жігіттер барын салды әрине. Олар да құр алақан емес. Өздерінің жастар құрамасында жүріп жинаған тәжірибелері бар. Құрама сапында бұрыннан жүрген спортшылармен бір үйдің баласындай болып кетті десем артық айтқандық емес. Жастар ағаларының шаңында қалмас үшін тер төгіп жатыр.

- Ел біріншілігінде жарақат алған боксшылар оқу-жаттығу жиынына қатысты ма? 

- Әбілхан Аманқұл Астанада ем-дом қабылдауда. Асыланбек Шымбергеновоқу-жаттығуға толық қатысты. 

- Бапкерлер құрамы сол қалпында қалды ма?

- Марат Жәкиев команданың аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бапкерлер кеңесінде Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Ақүрпеков, Марат Манашев, Шәміл Жүсіпов пен Андрей Спиридонов бар. 

Биыл қандай маңызды жарыстар бар?

- Биылғы ең басты жарыс Екатеринбург қаласында өтетін Әлем чемпионаты. Сонымен қатар, Тайланд астанасы Бангкокта өтетін Азия біріншілігін де естен шығармау керек. 

- Азия біріншілігіне уақыт өте аз қалды ғой?

- Уақыт аз, дегенмен, бізде екінші оқу-жаттығу жиыны бар. Алдымызда маңызды деген халықаралық турнирлер бар. Бірі Болгарияда, екіншісі Мажарстанда өтеді. Бұл додаларға құрама сапындағы спортшыларды бөліп-бөліп жібереміз. Ондағы мақсат – барлығы да бірдей тәжірибе жинауы тиіс. Сондай-ақ, Фин елінде де байрақты сайыс өтеді. 

- Өзге елдердің ұлттық құрамаларымен бірлескен оқу-жаттығу өткізу жоспарда бар ма?  

- Биыл АҚШ, Ресей, Куба немесе Өзбекстан құрамаларының бірімен оқу-жаттығу ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл өте дұрыс тәжірибе. Мен оны қолдаймын. Әдетте Президент Кубогы турнирі алдында өзге елдің құрамаларымен бірлескен жаттығу өткізіліп тұрады. Бұл шамамен маусым айларында. Оның үстіне ағымдағы жылы жарыстар өте көп. Сондықтан басқа құрамалармен турнирлерде кездесеміз.

Азия чемпионатында біздің басты қарсыластарымыз кімдер? 

- Қазір барлығы да мықты. Азияда бокс жоғары қарқынмен дамып келеді. Тай елі турнирдің иесі ретінде ең мықты деген спортшыларын қояры сөзсіз. Өзбекстан бар. Жапондар мен кәрістер де мықты. Филиппиндықтар да қалысар емес. Үндістан мен Қытайды да осал дей алмайсыз. Сондықтан біздің мақсатымыз өте жоғары деңгейде өнер көрсету. 

 

Наверх