Қазақстандық бокс федерациясы қауымдастығының ұсынысымен ҚР МСМ Денешынықтыру және спорткомитеті құраманың бас бапкері етіп Ғалымбек Кенжебаевты бекітті. Осылайша, 2009 жылдан бері ұлттық құрама команданы жаттықтырып келген Мырзағали Айтжанов ұзақ жылғы қажырлы еңбегін тәмамдады. Оның жетекшілігінде боксшыларымыз талай белестерді бағындырды. Мысалы, Лондон қаласында Серік Сәпиев, Рио-де-Жанейрода Данияр Елеусінов Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. 2013 жылы 4 спортшымыз, 2017 жылы 1 боксшымыз Әлем чемпионы болды. Сондықтан, "Қазақстандық бокс федерациясы" Мырзағали Айтжановқа кәсіби біліктілігі мен ерен еңбегі үшін алғыс білдірді.
ҚБФ бапкерлермен жұмыс жөніндегі вице-президенті Юрий Цхай кадрлық ауыс-түйіске қатысты былай деп өз пікірін айтты.
- "Боксшыларды ірі халықаралық жарыстарға дайындауда методикалық өзгерістер қажет. Біз бұл шешімді табан астында қабылдаған жоқпыз. Ғалымбек Кенжебаев осы күнге дейін жастар құрамасының бас бапкері болғанын жақсы білесіздер. Оның жетекшілігінде ұлттық құрама мүшелері жасөспірімдер арасындағы соңғы 2 Олимпиада ойындарының екеуінде де алтын алды. Азия чемпионаттарында 5 мәрте жалпы командалық есепте бірінші орын иеленді. Сондай-ақ, 2014 жылғы Әлем біріншілігінде үздік команда атанды. 1998 - 2005 жылдар аралығында Геннадий Головкиннің жеке жаттықтырушысы болған. Бапкерлік еңбек өтілі 35 жыл. Сол себепті де біз тізгінді Ғалымбекке сеніп тапсырып отырмыз".