Қазақстан біріншілігін 8 мәрте жеңіп алған боксшы аруымыз Әлем чемпионатының алдында ҚБФ сайтына сұқбат берді
- 2014 жылы күміс алдыңыз, 2016 жылы жеңімпаз атандыңыз. Биылғы Әлем чемпионатынан қандай үмітіңіз бар?
- Әрине, 2016 жылғы жетістікті қайталағым келеді. Жақында Польшаның Гливице қаласында өткен А санатындағы халықаралық турнирде 4 кездесу өткіздім. Барлығында жеңіске жетіп бірінші орын алдым. Бұл жарысқа барғанымыз жақсы болды. Неге десеңіз, менің салмағымда елімізде бәсекелестік аз. Сондықтан, шет мемлекеттерде болып жатқан турнирлерге барып мықты қарсыластармен жекпе-жек өткізгеннің пайдасы көп.
- Мүмкін, сол қыздарды өзіңіз тәрбиелерсіз. Болашақта бапкерлікпен айналысу ойыңызда бар ма?
- Бәрі бапкерлеріміздің арқасында болып жатыр. Мысалы, менің Абай Заманбеков, Бейбіт Масабаев сынды бапкерлерім болды. Кейін өз қалауыммен Берік Маржықбаевта жаттықтым. Сол кісінің арқасында Әлем чемпионатын ұттым. Болашақта осы азаматтардың жолын қуып, чемпиондар тәрбиелесем деген арман бар әрине.
- Әуесқой бокс әлеміндегі жетістігіңді барлығымыз білеміз. Кәсіпқой бокстан ұсыныстар түсіп жатқан жоқ па?
- Иә. Ұсыныстар болды. Әлі де бар. Кәсіпқой бокс мен үшін келешектің еншісіндегі шаруа. Егер ұтымды ұсыныстар болса қарастырамыз. Қазір Үндістан Республикасында өтетін Әлем чемпионатына дайындалудамын. Бар ойым тек қана осы жарыста.
- Бокспен қашан айналыса бастадыңыз?
- 2010 жылдан бері айналысамын. Басында қатысқым келмеді. Әкем алып келген болатын. Сосын көңілін қалдырмайын деп барып жүрдім. Кейін ұнап қалды. Міне, 8 жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Папама рақмет.
- Сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз. Нью-Делиде жеңіске жетіңіз.