Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

БҮГІН СИДНЕЙ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

04 Сәуір, 2019

 4 сәуір Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттархановтың туған күні. 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған батыр тірі болса бүгін 39 жасқа толар еді. Ғасырлар тоғысында, жаңа жылды қарсы алуға санаулы минут қалғанда жол апатынан көз жұмған батырдың артында ата-ана, бауырлары мен өшпес ерлігі қалды.  Olympic.kz. Бекзат Саттархановтың қысқа ғұмырындағы өлшеусіз жеңісі туралы сыр шертеді.

Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартты.

Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт. Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін.

Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.

Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді.

Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді.

Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді.

Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.

Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады.

Сидней Олимпиадасында бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарған Тұрсынғали Еділов Бекзат туралы естелігінде оның тым ақкөңіл болғанын алға тартады.

«Бекзат... Бекзат сол Олимпиадада өскен бала ғой. Ол әрбір кездесуінен кейін жетіле түсті, әр жекпе-жектен соң күшіне күш қосты. Олимпиадаға 12 күн ерте бардық. Сол кезде «Аға, анау Роналдинью деген футболшы емес пе? Ол да біз сияқты қарапайым адам екен ғой. Біз неге солардай болмаймыз? Анау боксшының бізден қай жері артық? Оны да жеңуге шама жетеді» деп үнемі өзін-өзі қайрап жүретін», - дейді Еділов.

Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанған соң бар болғаны үш ай ғана өмір сүрді. Сол үш айда еліміздің бар өңірін аралап, өзі үшін тақым қысқан қарапайым халықпен жүздесті. Ең соңғы рет туған қаласындағы мерекелік жиында  «Жылдың үздік спортшысы» атағын алды да, анасымен қоштасып, мәңгілік сапарға кете барды.

Бүгінде Түркістан қаласындағы мөлтекауданға Бекзаттың аты берілді. Саттархановтың атындағы спорт мектебі де бар. Жыл сайын Сидней батырын еске алу мақсатында бокстан халықаралық турнир де өтеді. Мұның бәрі Бекзатты ортамызға қайта әкелмесі хақ.

Бекзаттың өмірден өткеніне қанша жыл толса да, Сидней көгінде жағылған жұлдыз жарқырай бермек...

Қазақстан ҰОҚ баспасөз қызметі

Наверх