Казахстанская
федерация Боксаkfb.kz

Новости

Ақтауда бокстан Ш. Бөлтекұлы атындағы турнир өтеді.

07 сентября, 2021
8-12 қыркүйек күндері Ақтау қаласы 17-шағын ауданы «Халық-Арена» спорт кешенінде Қазақ боксының негізін қалаушы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған ересектер арасындағы ХIII халықаралық турнир өтеді.
Маңғыстау бокс федерациясының ұйымдастыруымен жеңімпазға спорт шебері атағы беріледі. Оған қоса медаль, диплом және кубокпен марапатталады. Барлық санитарлық талаптар орындалып, жарыс көрерменсіз өтеді.  
 
Ш.Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Жармыш ауылында дүниеге келген. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақ ССР-нің үш дүркін чемпионы. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199 рет жеңіске жеткен. Боксты қойғаннан кейін жаттықтырушылыққа бет бұрады. Ол 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер Одағының біріншілігіне Қазақ елінің құрама командасын бастап барады. Оның шәкірттері Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев және т.б. тәрбиеленіп шықты. 
 
Кезінде Бауыржан Момышұлы: «Екі-ақ нағыз қазақ бар. Бірі – мен, бірі – Шоқыр» деген екен.   
Шоқыр атамыз 1994 жылы 78 жасында қайтыс болды. Алматы қаласындағы Кеңсай қауымында жерленген.    
 
Бүгіндері Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі және Шетпе кентінде Ш.Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде болашақ чемпиондар тәрбиеленуде.       
 
Айбек МҰХАНОВ,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.
 

Витрина

Наверх