МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Қазақстан чемпионатының жартылай финалына қандай жаңа боксшылар шықты?

Бүгін бокстан Тараз қаласында Қазақстан чемпионатының жартылай финалы басталады. Осы орайда ұлттық құрамаға кіруге мүмкіндік алған боксшылар жайлы кішігірім мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік.

Жартылай финал

Ерлер

50 келі. Орташа жасы: 23 жас
Даниял Сәбит (БҚО, 2002 жыл) – Нұрзат Оңғаров (Жамбыл обл, 2005 жыл)

Диас Берікбай (Жетісу обл, 2006 жыл) – Дамир Әбдіқадыр (Маңғыстау обл, 1999 жыл)

Бұл салмақта Диас Берікбай өткен жылы ширек финалда сүрінсе, Дамир Әбдіқадыр жол апатынан кейін, 2 жылдан кейін ел чемпионатына қатысып жатыр.

55 келі. Орташа жасы: 22 жас

Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда обл, 2003 жыл) – Нұрислам Бекен (Қарағанды обл, 2006 жыл)

Тимур Қабдешов (Ақмола обл, 2000 жыл) – Бексұлтан Хужанжар (Шымкент қ, 2008 жыл)

Бексұлтан Хужанжар алғаш рет қатысып, жарыс жолында жастар арасында әлем чемпионы Бексұлтан Боранбек және U22 санатында Азия чемпионы Кенже Мұратұлын жарыстан шығарды. 
Нұрислам Бекен өткен жылы ширек финалда тоқтаған. Биыл Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алу турнирінің финалында Сәкен Бибосыновты нокдаунға түсіру арқылы танымал болды.

60 келі. Орташа жасы: 23 жас

Бибарыс Жексен (Жамбыл обл, 2001 жыл) – Рамазан Орынбасар (Жамбыл обл, 2007 жыл)

Әділбек Қожахан (Жетісу обл, 2007 жыл) – Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл, 1998 жыл)

Жастар арасында ел чемпионы, U19 санатында биылғы Азия чемпионатының қатысушысы Әділбек Қожахан қос бірдей фаворитті ұшырды. Алдымен Сабырхандар залында жаттығатын Асылжан Серікбай (Шымкент қ) жеңсе, одан кейін Талғат Сырымбетовке (Қарағанды обл) еш мүмкіндік қалдырмады.

Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қатысушысы Рамазан Орынбасардың да жартылай финалға шығуы көпшілік үшін күтпеген жайт ретінде тіркелді.

65 келі. Орташа жасы: 24 жас

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (Түркістан обл, 2002 жыл) – Илья Калинин (Жамбыл обл, 2005 жыл)

Абзал Серік (Шымкент қ, 2003 жыл) – Ертуған Зейнуллинов (Алматы обл, 1997 жыл)

2022 жылы 67 келіде ел чемпионы атанған Абзал Серік 2023 жылы допингке байланысты 3 жылға шеттетілген болатын. Биыл ол жартылай финалға шығып отыр.

70 келі. Орташа жасы: 22 жас

Фарух Тоқтасынов (Алматы қ, 2002 ж) – Мұхит Нұрқабылұлы (Алматы обл, 2007 ж)

Алмат Әбдуәли (Жетісу обл, 2004 ж) – Елнұр Сүйінбай (Жамбыл обл, 2003 ж )

Былтыр 65 келіде жұдырықтасып, жүлдесіз қалған Мұхит Нұрқабылұлы мен Алмат Әбдуәли жаңа салмақта үздіктердің қатарына кірді.

75 келі. Орташа жасы: 23 жас

Аман Қонысбеков (Түркістан обл, 2004 ж) – Әбілхан Аманқұл (Жамбыл обл, 1997 ж)

Акбар Қазақбай (Павлодар обл, 2006 ж) – Нұрбек Мурсал (Алматы қ, 2005 жыл)

2021 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарған Әбілхан Аманқұл араға 5 жыл салып, қайта жүлдегерлер қатарына енді. Павлодар облысының өкілі Акбар Қазақбай бірінші рет жартылай финалға өтті. 70 келіде өткен жылғы қола жүлдегер Нұрбек Мурсал осы жолы жаңа салмақта да әлеуетін дәлелдей алды.

80 келі. Орташа жасы: 22 жас

Ерасыл Жақпеков (Абай обл, 2002 жыл) – Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент қ, 2005 жыл)

Өнер Сейілхан (Батыс Қазақстан обл, 2006 жыл) – Диас Молжігітов (Жамбыл обл, 2002 жыл)

Жастар арасында әлем чемпионы, былтыр 85 келіде сәтсіздікке ұшыраған Өнер Сейілхан осы жолы алғаш рет ұлттық құрамаға кірді.

85 келі. Орташа жасы: 24 жас

Темірлан Мұқатаев (Астана қ, 2004 ж) – Бекнұр Батырбек (Алматы қ, 2003 ж)

Тимур Нұрсейітов (Астана қ, 1997) – Сұлтанбек Айбарұлы (Алматы қ, 2004 ж)

75 келіде былтырғы күміс жүлдегер Тимур Нұрсейітов биыл бірден 10 келі қосып, жартылай финалға жетті. Ал Бекнұр Батырбек былтыр ширек финалда тоқтаған еді.

90 келі. Орташа жасы: 23 жас

Сағындық Тоғамбай (Түркістан обл, 2001 жыл) – Нурмагамед Юсупов (Қарағанды обл, 2001 жыл)

Ілияс Жандау (Астана қ, 2006 жыл) – Дәулет Төлемісов (Ақтөбе обл, 2005 жыл)

Сағындық пен Нурмагамед былтыр финалда өзара мықтыны анықтаса, осы жолы жартылай финалда жолығады. Астана қаласының спортшысы Ілияс Жандау бірінші мәрте жүлдегерлер қатарына кірсе, былтырғы 85 келіде ел чемпионы Дәулет Төлемісов 90 келіде де жарысты жалғастырып келеді.

+90 келі. Орташа жасы: 24 жас
Нұрлан Сапарбай (Түркістан обл, 1997 жыл) – Данияр Рахымбердинов (Алматы қ, 1998 жыл)

Ерсұлтан Сапар (Алматы қ, 2005 жыл) - Аслан Елдібайұлы (Қызылорда обл, 2006 жыл)

Ерсұлтан Сапар былтыр бірінші айналымда жарыс жолын аяқтаса, осы жолы жартылай финалда жұдырықтасуға мүмкіндік алды.

Әйелдер

48 келі. Орташа жасы: 25 жас

Әйгерім Сәттібаева (Жамбыл обл, 1991 жыл ) – Айым Тәңкібаева (Түркістан обл, 2008 жыл )

Гүлназ Бөрібаева (Қарағанды обл, 2004 жыл) – Анель Құдайберген (Жетісу обл, 2001 жыл)

51 келі. Орташа жасы: 22 жас

Анита Адишева (Қарағанды обл, 2005 жыл) – Елянур Тұрғанова (Алматы қ, 2006 жыл)

Томирис Мырзақұл (Қарағанды обл, 2005 жыл) – Жансая Рахымберді (Шымкент қ, 2001 жыл)

54 келі. Орташа жасы: 28 жаc

Назым Қызайбай (Алматы қ, 1993 жыл) – Жайна Шекербекова (Шымкент қ, 1989 жыл)

Сымбат Әлиасқар (Жамбыл обл, 2004 жыл) – Элина Базарова (Шымкент қ, 2004 жыл)

57 келі. Орташа жасы: 23 жаc

Ұлжан Сәрсенбек (Түркістан обл, 2005 жыл) – Алина Құдайгенова (Қарағанды обл, 2008 жыл)

Шахназ Исаева (Алматы қ, 2003 жыл) - Карина Ибрагимова (Ақмола обл, 1996 жыл)

60 келі. Орташа жасы: 25 жаc

Виктория Графеева (Алматы қ, 2001 жыл) – Римма Волосенко (Астана қ, 1992 жыл)

Аяжан Ермек (Қарағанды обл, 2007 жыл) – Анар Тұрсынбек (Жетісу обл, 2003 жыл)

65 келі. Орташа жасы: 25 жаc

Аида Әбікеева (Қарағанды обл, 1998 жыл) – Ақнар Ищанова (БҚО, 2004 жыл)

Назерке Серік (Жамбыл обл, 2003 жыл) – Лаура Есенкелді (Шымкент қ, 2000 жыл)

70 келі. Орташа жасы: 22 жас

Бақыт Сейдіш (Алматы қ, 2005 жыл) – Анастасия Баязитова (Қостанай обл, 2003 жыл)

Дина Дидай (Алматы қ, 2003 жыл) - Аружан Жаңабаева (Түркістан обл, 2006 жыл)

75 келі. Орташа жасы: 22 жас

Шұғыла Нәлібай (Түркістан обл, 2003 жыл) – Жібек Жарасқызы (Жамбыл обл, 2006 жыл)

Жасмин Қизатова (Қарағанды обл, 2002 жыл) – Азиза Исина (Қарағанды обл, 2005 жыл)

80 келі. Орташа жасы: 22 жас

Надежда Рябец (Қостанай обл, 2000 жыл) – Гүлсая Ержан (Қызылорда обл, 2001 жыл)

Айдана Убайдуллақызы (Қарағанды обл, 2008 жыл) – Құралай Егінбайқызы (Жетісу обл, 2007 жыл)

+80 келі. Орташа жасы: 24 жас

Елдана Талипова (Алматы қ, 2002 жыл) – Валерия Аксенова (Ақмола обл, 2001 жыл)
Әсел Тоқтасын (Алматы қ, 2004 жыл) – Дина Исламбекова (Қарағанды обл, 2000 жыл)

04 ноября, 2026
20

Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күнінде қандай жайттар тіркелді?

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні мәресіне жетті.

Бүгін ерлер арасында 55, 60, 80, 90, +90 келі және әйелдер арасында 51, 57, 70, +80 келі салмақ дәрежелерінде жартылай финалистер анықталды.

 Сенсациялар

60 келіде Жетісу облысының жас боксшысы Әділбек Қожахан кезекті сенсациясын тіркеді. Ол 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетовтен (Қарағанды обл) үш раунд бойы басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді 19 жастағы боксшы әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұловпен кездеседі.

Әйелдер арасында бір апта бұрын ғана U19 әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Алина Құдайгенова (Қарағанды обл) ширек финалда қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ересектер арасындағы ел чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шықты. Оның келесі қарсыласы – жастар арасында әлем чемпионы, былтырғы Қазақстан чемпионы Ұлжан Сәрсенбек.

Басты жекпе-жектер

55 келіде Тимур Қабдешов (Ақмола обл) үш раунд бойы жоғары қарқында өткен тартысты айқаста кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі Бекзат Алдамжаровтан (Ақтөбе обл) айласын асырды.

80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент қ) 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Азамат Бектасқа (Қызылорда обл) қарсы жарқын өнер көрсетіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

75 келіде әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұл (Жамбыл обл) осы салмақта ұзақ жылдар бойы көшбасшылардың бірі болған Нұрқанат Райысқа (Маңғыстау обл) еш мүмкіндік бермеді. Есеп: 5:0.

80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Өнер Сейілхан (БҚО) U22 санатындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқарға (Астана қ) қарсы сауатты тактикалық бокс көрсетті. Қарсыласының соққыларынан шебер қорғанып, қарымта шабуылдар арқылы ұпай жинаған ол жартылай финалға өтті.

Әйелдер арасында әлем чемпионы, 38 жастағы Ләззат Күңгейбаева (Астана қ) жарыс жолын аяқтады. Ол 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатының финалисі Елдана Талиповаға есе жіберді.

Фавориттер

50 келіде Даниял Сәбит қарсыласынан айқын басым түсіп, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

55 келіде Нұрсұлтан Алтынбек тартысты жекпе-жекте кезекті жеңісіне қол жеткізсе, 60 келіде Бибарыс Жексен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі Жансері Көшербаевты (Ақтөбе обл) жарыс жолынан шығарды.

65 келіде Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Абзал Серік және Нұрислам Қалдыбаев жеңісті жолын жалғастырды.

Сондай-ақ Ерасыл Жақпеков (80 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Дәулет Төлемісов (90 келі) келесі кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, Тараздағы Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

03 ноября, 2026
30

Алғашқы сенсациялар: Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні қалай өтті?

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні аяқталды.

Басты сенсациялар

Жастар арасында әлем чемпионы, шілде ацында ғана U23 санатында Азия чемпионатының финалисі, 55 келідегі Бексұлтан Боранбек (Жамбыл обл) үш раунд бойы Бексұлтан Хужанжардың (Шымкент қ) кілтін таба алмады. Есеп: 0:5.

60 келіде «Хижняк» лақап атымен белгілі Асылжан Серікбай да (Шымкент қ) Жетісу облысының жас боксшысы, шілде айында U19 санатында Азия чемпионатына қатысқан Әділбек Қожаханнан есе жіберді. Есеп: 0:5

Жеңісті жұлып алған спортшылар

55 келіге төмендеген Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда обл) жарыс қожайыны Досымжан Таңатардан жеңісті жұлып алып, сенсация тіркеуге мүмкіндік бермеді.

Жастар арасында әлем чемпионатының финалисі, 60 келідегі Жансері Көшербаев (Ақтөбе обл) 2 раунд бойы төреші қағазында артта қалғанымен, шешуші раундта камбэк жасап кетті. Есеп: 3:2.

60 келіге төмендеген Жандос Қыдыралиев те осы салмақта жүлдеге үміткер саналған Руслан Күзеубаевтан (Абай обл) айласын асырып кетті.

Фавориттер

Әлем чемпионатының финалисі, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл бірінші жекпе-жегінде Нұртілеу Алиакбаровты (Алматы қ) жеңгенімен, қарсылас лайықты деңгейде жұдырықтаса білді.

85 келіде Темірлан Мұқатаев (Астана қ) айқын басымдықпен жеңіске жетсе, осы салмақтағы Сұлтан Айбарұлы (Алматы обл) шешуші раундта Еркебұлан Әкімбайдан (Алматы обл) жеңісті жұлып алды.

Әлем чемпионы, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл) мен Талғат Сырымбетов (Қарағанды обл) әзірше қарсыластарынан бір бас жоғары жұдырықтасып келеді.

Жарақат

Аса ауыр салмақта Қарағанды облысының өкілі Расул Асанханов 2 раунд бойы бес төрешінің қағазында да алда келе жатқанымен, қолынан алған жарақатына байланысты жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

02 ноября, 2026
32

Қазақстан чемпионатының екінші жарыс күні қалай өтті?

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші жарыс күні аяқталды.

Күннің басты жекпе-жегі

70 келіде жүлдеге үміткерлердің бірі, жарыс қожайыны Елнұр Сүйінбай бірінші айналымда Ерасыл Қалдарбекті (Шымкент қ) нокдаунға жіберіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

Кешкі сессияда 3 жылдан кейін шаршы алаңға оралған Абзал Серік (Шымкент қ)  2024 жылы жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлихан Әскер екеуі 3 раунд бойы жоғары қарқында жекпе-жек өткізіп, көрермендерге жарқын шоу сыйлады. Нәтижесінде Абзал 5:0 есебімен басым түсті.

Басты камбэк

Әйелдер арасында әлем чемпионы, аса ауыр салмақтағы Ләззат Күңгейбаева (Астана қ) алғашқы раундта Умида Садыковадан (Алматы обл) есе жіберсе де, қалған уақытта жекпе-жекті өз пайдасына шеше білді. Есеп: 4:1.

70 келіде U19 санатында әлем чемпионатының финалисі Асылхан Көшербай шешуші үш минуттықта Сұлтан Тұрдалының (Түркістан обл) бауырына жойқын соққы жасап, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Күтпеген жеңілістер

Жастар арасында Азия чемпионы, 65 келідегі Бақтияр Анарбаев бірінші раундтағы басымдығын уысынан шығарып, күтпеген жерден Ерхан Оңталапқа (Қызылорда обл) жол берді.

Әйелдер арасында 57 келіде Астанадағы әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері Айдана Забынбекова (Ұлытау обл) 3 раунд бойы шабуылдаумен болса да, Шахназ Исаеваның (Алматы қ) кілтін таба алмады. Есеп: 5:0.

Танымал боксшылар

65 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, U22 санатында 2 дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, Илья Калинин және 70 келіде Фарух Тоқтасынов, Дархан Дүйсебай, әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 келі), Ұлжан Сәрсенбек сенімді жеңістерін тіркеді.

Жарқын дебют

27 қазан күні Будвада (Черногория) өткен U19 әлем чемпионатының финалында жұдырықтасқан күміс жүлдегер Алина Құдайгенова (Қарағанды обл) ел чемпионатының алғашқы айналымында Елаиза Көшекованы (Шымкент қ) айқын басымдықпен жеңді.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

01 ноября, 2026
32

Қазақстан чемпионатының алғашқы күнінде фавориттер жеңіске жетті

Араға 12 жыл салып, Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.

Сенімді жеңістер

Күндізгі сессияда 55 келідегі Бағлан Кенжебек, Жандәулет Сәрсенбаев пен Нұрислам Бекен жеңіске жетті.

Ал кешкі сессияда әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов (60 келі), сондай-ақ Бибарыс Жексен, Талғат Сырымбетов, Дәулет Молдашев, Руслан Күзеубаев және Дархан Дүйсебай (70 келі) келесі кезеңге жолдама алды.

Айқын жеңістер

50 келіде кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі, биыл 55 келіге ауысқан Бекзат Алдамжаров алғашқы жекпе-жегін ұзаққа созбады. Ол Владислав Плкхановты (СҚО) бірінші раундта-ақ айқын басымдықпен жеңді.

Ал 75 келіде былтыр күміс жүлдегер атанып, биыл 85 келіге ауысқан Тимур Нұрсейітовке (Астана қаласы) алғашқы айқасында қиындық тумады. Ол екінші раундта Нұрасыл Кәрімбекті (ШҚО) жекпе-жекті жалғастыру мүмкіндігінен айырды.

Сенсацияға жақын жекпе-жектер

22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанған Кенже Мұратұлы мен 60 келідегі «Хижняк» лақап атымен танылған Асылжан Серікбай алғашқы раундта қарсыластарына жол бергенімен, шешуші раундта кездесудің барысын өз пайдасына өзгерте алды.

Ересектер санатына ауысқан жас таланттар

Бүгінгі жарыс күнінде жастар санатында өздерін танытып үлгерген бірқатар боксшы да өнер көрсетті.

55 келіде жастар арасындағы Азия чемпионы Досымжан Таңатар, 65 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлихан Әскер қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Ал 60 келіде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Нығмет Нығман, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Нұрасыл Төлебек және Азия чемпионы Алдияр Бахадүр алғашқы айналымда жарыс жолын аяқтады.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

31 октября, 2026
34

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды

Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Тараз Аренада бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Сәбитұлы Календеров қатысушыларға сәттілік тілеп, біріншілікті ашық деп жариялады.

Сонымен қатар, ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Ернар Ибраимов, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Қайрат Сәтжанов, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дамир Буданбеков қатысып, құттықтау сөзін жеткізді.

Іс-шара барысында Жамбыл облысы жақында ғана Будва қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бибарыс Әшірбайды және оның жеке жаттықтырушысын ақшалай марапаттады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан чемпионаты 30 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.

30 октября, 2026
17

Жанкелді Ахметов: Жастар құрамасының 80 пайызы ересектер санатына ауысады

U19 қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Жанкелді Ахметов әлем чемпионатының қорытындысын шығарып, спортшылардың өнеріне баға берді. 

«Спортшыларымызды, олардың бапкерлерін және спорт басшыларын құттықтаймын. Жалпы, жарыс алдында 4 алтын медаль аламыз деп жоспарлаған едік. Алайда бұл мақсатқа толық жете алмадық.

Зарина Толыбайды, Камила Оспанованы, Мадина Жұмақанды және Алина Құдайгенованың осы әлем чемпионатында жеңіске жетуін күткен болатынмын. Алинаның жекпе-жегін өздеріңіз де көрдіңіздер. Жақсы өнер көрсетті, бірақ жеңіске жетуге күші жетпей қалды. Мадина Жұмақан да өзбекстандық боксшыдан жеңіліп қалды. Дегенмен оның да өнерін жақсы бағалаймын.

Жалпы, қыздардың өнеріне көңілім толады. Бір-екі салмақта қателіктер жібердік. Қалған спортшыларымыздың барлығы жақсы жұдырықтасты», – деді Жанкелді Ахметов.

Бас бапкердің айтуынша, әлем чемпионатынан кейін 2008 жылы туған спортшылардың басым бөлігі ересектер санатына ауысады.

«Қазіргі жастар құрамасының 80 пайызы ересектер арасында өнер көрсететін болады. Ал жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты Қостанай қаласында 29 қараша мен 6 желтоқсан аралығында өтеді. Оған әлем чемпионатына қатысқан қыздарымызбен қатар еліміздің барлық өңірінен келген командалар қатысады», – деді ол.

World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтті. Дүбірлі додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.

29 октября, 2026
15

Қазақстан құрамасы U19 әлем чемпионатында ТОП-5-ке енді

Бокстан Будва (Черногория) қаласында өткен World Boxing ұйымының екінші U19 әлем чемпионаты ресми түрде мәресіне жетті.

Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз алтын медальді Зарина Толыбай салды. Ол 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі финалда ресейлік Самира Итониеваны 4:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Ал қазақстандық үш боксшы финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Атап айтқанда, 70 келіде Бейбарыс Әшірбай ирландиялық Джон Донохьюден, 57 келіде Алина Құдайгенова ресейлік Анастасия Голуновадан, ал 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов өзбекстандық Ислам Салиховтан жеңілді.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының төрт өкілі қола медальға қол жеткізді. Олар:

Мадира Жұмакан – 51 келі;

Индира Қыдырмолдаева – 60 келі;

Данияр Ақбісенов – 60 келі;

Еркетан Жарқынбек – 90 келі.

Осылайша, Қазақстанның қыздар құрамасы бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алса, ерлер құрамасы екі күміс және екі қола жүлдемен шектелді.

World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтті. Дүбірлі додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.

28 октября, 2026
12

U19 Әлем чемпионатының финалына қай елдер өтті?

Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында финалистер саны бойынша үздік үштікке енді.

Ұлттық құраманың төрт өкілі әлем біріншілігінің шешуші жекпе-жектеріне қатысады.

Финалистер саны бойынша Қазақстан Қытаймен бірге үшінші орынды бөлісіп отыр. Бірінші орында он спортшымен Ресей құрамасы тұр. Екінші орында алты финалисі бар Өзбекстан құрамасы орналасқан.

Қазақстан атынан финалда Бибарыс Әшірбай (70 келіге дейін), Зарина Толыбай (80 келіден жоғары), Алина Құдайгенова (57 келіге дейін) және Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) өнер көрсетеді. Төрт боксшы да жартылай финалдық жекпе-жектерінде жеңіске жетті.

U19 әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында Будва қаласында World Boxing ұйымының қамқорлығымен өтуде. Финалдық жекпе-жектер 27 қазанда болады.

27 октября, 2026
8

U19 Әлем чемпионатының оныншы жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының оныншы жарыс күнінде 8 отандасымыз жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізді.

70 келідегі басты фаворит саналатын Бибарыс Әшірбай 1/2 финалда Зулфикор Адхамжоновтан (Өзбекстан) айласын асырып, 4:1 есебімен басым түсті.

Отандасымыз 3 раундта да қарсыласынан қарағанда жылдам қимылдап әрі дөп соққыларымен ерекшелене білді.

57 келідегі Алина Құдайгенова 1/2 финалда Ярио Женгпен (Қытай) айқасып, 3:2 есебімен басым түсті.

Қос боксшы да 3 раунд бойы шиеленісті айқас өткізіп, жекпе-жектің тағдыры тек шешуші раундта ғана шешілді.

Аса ауыр салмақтағы Зарина Толыбай 1/2 финалда Мирей Догрумен (Түркия) жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Кештің соңғы жекпе-жегінде +90 келідегі Владислав Саможонов 1/2 финалда Сафдар Маммадзадамен (Әзербайжан) айқасып, 5:0 есебімен басым түсті.

Алғашқы раунд қарсыластың пайдасына шешілгенімен, қалған уақытта отандасымыз жекпе-жектің бағытын өзгерте білді.

51 келідегі Мадира Жұмақан 1/2 финалда Назокат Мардоновамен (Өзбекстан) жұдырықтасып, 0:5 есебімен жол берді.

60 келідегі  Данияр Ақбисенов 1/2 финалда Едгардо Николас Пералтамен (Аргентина) жұдырықтасып, 0:3 есебімен жол берді.

60 келіде  Индира Қыдырмолдаева 1/2 финалда Шаша Вангпен (Қытай) өзара мықтыны анықтап, 1:3 есебімен есе жіберді.

Кешкі сессияда 90 келіде өз мүмкіндігін алған Еркетаң Жарқынбек 1/2 финалда Владислав Науменкомен (Украина) өзара мықтыны анықтап, 1:4 есебімен жол берді.

Айта кетейік, жаһандық дода 27 қазанда мәресіне жетеді.

26 октября, 2026
9

U19 Әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күнінде 7 отандасымыз өз бақтарын сынады.

55 келіде өз мүмкіндігін алған  Айдос Үсенов ширек финалда Ислам Магомедовпен (Ресей) жұдырықтасып, 0:5 есебімен жол берді.

Жекпе-жекте отандасымыз арақашықтықты қысқартып, жылдам соққыларға иек артса, Ресей боксшысы арақашықтықта ұпай жинады. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қарсыласты жеңімпаз деп таныды.

60 келіде  Индира Қыдырмолдаева 1/4 финалда Едмар Мунозбен (Венесуэла) шаршы алаңда жолығып, 5:0 есебімен басым түсті.

Отандасымыз 3 раундта да қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

60 келідегі  Данияр Ақбисенов 1/4 финалдаЖосуе Зепедамен (Мексика) айқасып, 4:1 есебімен айласын асырды.

Жекпе-жек барысында жерлесіміз қарсыласын 3 мәрте нокдаунға түсіріп, айқын басымдығын таныта білді.

70 келідегі басты үміткерлердің бірі - Бибарыс Әшірбай 1/4 финалда Асанте Ламармен (АҚШ) жұдырықтасып, 3:0 есебімен басым түсті.

Өте жоғарғы қарқында өткен айқаста жеңіске деген жігерін таныта білген жерлесіміз шабуылда белсенді болып, дөп соққыларын дарытты.

75 келіде алғашқы жекпе-жегіне шыққан Алтынгүл Аймұхан 1/4 финалда Шенжие Гонгпен (Қытай) айқас өткізіп, 0:5 есебімен жол берді.

Жерлесіміз алғашқы раундта белсенді қимылдап, есепте алға шықса да, қалған уақытта бойы мен қолы әлдеқайда ұзын Қытай боксшысы қашықтықта жекпе-жекті өз бақылауына алды.

Кешкі сессияда 51 келідегі Мадира Жұмақан 1/4 финалда Андреа Буелга Гарсиямен (Испания) жұдырықтасып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Алғашқы раунд қарсыластың пайдасына шешілгенімен, қалған уақытта отандасымыз айқастың бағытын түпкілікті өзгертіп, жеңісті жұлып алды.

57 келідегі Алина Құдайгенова 1/4 финалда Сиобхан Халеймен (Англия) шаршы алаңда өзара мықтыны анықтап, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Қарсылас 3 раунд бойы отандасымызға қысым жасап, шабуылдаумен болса да, Алина қарымта шабуылда әр сәтті өз еншісіне шешіп отырды. Осылайша, жерлесіміз әлем чемпионатының жартылай финалына өтті.

World Boxing U19 әлем чемпионаты Будва қаласында 16–27 қазан аралығында өтуде. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысып жатыр.

25 октября, 2026
19