WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күнінде қандай жайттар тіркелді?

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні мәресіне жетті.

Бүгін ерлер арасында 55, 60, 80, 90, +90 келі және әйелдер арасында 51, 57, 70, +80 келі салмақ дәрежелерінде жартылай финалистер анықталды.

 Сенсациялар

60 келіде Жетісу облысының жас боксшысы Әділбек Қожахан кезекті сенсациясын тіркеді. Ол 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетовтен (Қарағанды обл) үш раунд бойы басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді 19 жастағы боксшы әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұловпен кездеседі.

Әйелдер арасында бір апта бұрын ғана U19 әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Алина Құдайгенова (Қарағанды обл) ширек финалда қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ересектер арасындағы ел чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шықты. Оның келесі қарсыласы – жастар арасында әлем чемпионы, былтырғы Қазақстан чемпионы Ұлжан Сәрсенбек.

Басты жекпе-жектер

55 келіде Тимур Қабдешов (Ақмола обл) үш раунд бойы жоғары қарқында өткен тартысты айқаста кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі Бекзат Алдамжаровтан (Ақтөбе обл) айласын асырды.

80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент қ) 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Азамат Бектасқа (Қызылорда обл) қарсы жарқын өнер көрсетіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

75 келіде әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұл (Жамбыл обл) осы салмақта ұзақ жылдар бойы көшбасшылардың бірі болған Нұрқанат Райысқа (Маңғыстау обл) еш мүмкіндік бермеді. Есеп: 5:0.

80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Өнер Сейілхан (БҚО) U22 санатындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқарға (Астана қ) қарсы сауатты тактикалық бокс көрсетті. Қарсыласының соққыларынан шебер қорғанып, қарымта шабуылдар арқылы ұпай жинаған ол жартылай финалға өтті.

Әйелдер арасында әлем чемпионы, 38 жастағы Ләззат Күңгейбаева (Астана қ) жарыс жолын аяқтады. Ол 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатының финалисі Елдана Талиповаға есе жіберді.

Фавориттер

50 келіде Даниял Сәбит қарсыласынан айқын басым түсіп, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

55 келіде Нұрсұлтан Алтынбек тартысты жекпе-жекте кезекті жеңісіне қол жеткізсе, 60 келіде Бибарыс Жексен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі Жансері Көшербаевты (Ақтөбе обл) жарыс жолынан шығарды.

65 келіде Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Абзал Серік және Нұрислам Қалдыбаев жеңісті жолын жалғастырды.

Сондай-ақ Ерасыл Жақпеков (80 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Дәулет Төлемісов (90 келі) келесі кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, Тараздағы Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

03 November, 2026
30

Алғашқы сенсациялар: Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні қалай өтті?

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні аяқталды.

Басты сенсациялар

Жастар арасында әлем чемпионы, шілде ацында ғана U23 санатында Азия чемпионатының финалисі, 55 келідегі Бексұлтан Боранбек (Жамбыл обл) үш раунд бойы Бексұлтан Хужанжардың (Шымкент қ) кілтін таба алмады. Есеп: 0:5.

60 келіде «Хижняк» лақап атымен белгілі Асылжан Серікбай да (Шымкент қ) Жетісу облысының жас боксшысы, шілде айында U19 санатында Азия чемпионатына қатысқан Әділбек Қожаханнан есе жіберді. Есеп: 0:5

Жеңісті жұлып алған спортшылар

55 келіге төмендеген Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда обл) жарыс қожайыны Досымжан Таңатардан жеңісті жұлып алып, сенсация тіркеуге мүмкіндік бермеді.

Жастар арасында әлем чемпионатының финалисі, 60 келідегі Жансері Көшербаев (Ақтөбе обл) 2 раунд бойы төреші қағазында артта қалғанымен, шешуші раундта камбэк жасап кетті. Есеп: 3:2.

60 келіге төмендеген Жандос Қыдыралиев те осы салмақта жүлдеге үміткер саналған Руслан Күзеубаевтан (Абай обл) айласын асырып кетті.

Фавориттер

Әлем чемпионатының финалисі, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл бірінші жекпе-жегінде Нұртілеу Алиакбаровты (Алматы қ) жеңгенімен, қарсылас лайықты деңгейде жұдырықтаса білді.

85 келіде Темірлан Мұқатаев (Астана қ) айқын басымдықпен жеңіске жетсе, осы салмақтағы Сұлтан Айбарұлы (Алматы обл) шешуші раундта Еркебұлан Әкімбайдан (Алматы обл) жеңісті жұлып алды.

Әлем чемпионы, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл) мен Талғат Сырымбетов (Қарағанды обл) әзірше қарсыластарынан бір бас жоғары жұдырықтасып келеді.

Жарақат

Аса ауыр салмақта Қарағанды облысының өкілі Расул Асанханов 2 раунд бойы бес төрешінің қағазында да алда келе жатқанымен, қолынан алған жарақатына байланысты жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

02 November, 2026
32

Қазақстан чемпионатының екінші жарыс күні қалай өтті?

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші жарыс күні аяқталды.

Күннің басты жекпе-жегі

70 келіде жүлдеге үміткерлердің бірі, жарыс қожайыны Елнұр Сүйінбай бірінші айналымда Ерасыл Қалдарбекті (Шымкент қ) нокдаунға жіберіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

Кешкі сессияда 3 жылдан кейін шаршы алаңға оралған Абзал Серік (Шымкент қ)  2024 жылы жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлихан Әскер екеуі 3 раунд бойы жоғары қарқында жекпе-жек өткізіп, көрермендерге жарқын шоу сыйлады. Нәтижесінде Абзал 5:0 есебімен басым түсті.

Басты камбэк

Әйелдер арасында әлем чемпионы, аса ауыр салмақтағы Ләззат Күңгейбаева (Астана қ) алғашқы раундта Умида Садыковадан (Алматы обл) есе жіберсе де, қалған уақытта жекпе-жекті өз пайдасына шеше білді. Есеп: 4:1.

70 келіде U19 санатында әлем чемпионатының финалисі Асылхан Көшербай шешуші үш минуттықта Сұлтан Тұрдалының (Түркістан обл) бауырына жойқын соққы жасап, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Күтпеген жеңілістер

Жастар арасында Азия чемпионы, 65 келідегі Бақтияр Анарбаев бірінші раундтағы басымдығын уысынан шығарып, күтпеген жерден Ерхан Оңталапқа (Қызылорда обл) жол берді.

Әйелдер арасында 57 келіде Астанадағы әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері Айдана Забынбекова (Ұлытау обл) 3 раунд бойы шабуылдаумен болса да, Шахназ Исаеваның (Алматы қ) кілтін таба алмады. Есеп: 5:0.

Танымал боксшылар

65 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, U22 санатында 2 дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, Илья Калинин және 70 келіде Фарух Тоқтасынов, Дархан Дүйсебай, әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 келі), Ұлжан Сәрсенбек сенімді жеңістерін тіркеді.

Жарқын дебют

27 қазан күні Будвада (Черногория) өткен U19 әлем чемпионатының финалында жұдырықтасқан күміс жүлдегер Алина Құдайгенова (Қарағанды обл) ел чемпионатының алғашқы айналымында Елаиза Көшекованы (Шымкент қ) айқын басымдықпен жеңді.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

01 November, 2026
32

Қазақстан чемпионатының алғашқы күнінде фавориттер жеңіске жетті

Араға 12 жыл салып, Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.

Сенімді жеңістер

Күндізгі сессияда 55 келідегі Бағлан Кенжебек, Жандәулет Сәрсенбаев пен Нұрислам Бекен жеңіске жетті.

Ал кешкі сессияда әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов (60 келі), сондай-ақ Бибарыс Жексен, Талғат Сырымбетов, Дәулет Молдашев, Руслан Күзеубаев және Дархан Дүйсебай (70 келі) келесі кезеңге жолдама алды.

Айқын жеңістер

50 келіде кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі, биыл 55 келіге ауысқан Бекзат Алдамжаров алғашқы жекпе-жегін ұзаққа созбады. Ол Владислав Плкхановты (СҚО) бірінші раундта-ақ айқын басымдықпен жеңді.

Ал 75 келіде былтыр күміс жүлдегер атанып, биыл 85 келіге ауысқан Тимур Нұрсейітовке (Астана қаласы) алғашқы айқасында қиындық тумады. Ол екінші раундта Нұрасыл Кәрімбекті (ШҚО) жекпе-жекті жалғастыру мүмкіндігінен айырды.

Сенсацияға жақын жекпе-жектер

22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанған Кенже Мұратұлы мен 60 келідегі «Хижняк» лақап атымен танылған Асылжан Серікбай алғашқы раундта қарсыластарына жол бергенімен, шешуші раундта кездесудің барысын өз пайдасына өзгерте алды.

Ересектер санатына ауысқан жас таланттар

Бүгінгі жарыс күнінде жастар санатында өздерін танытып үлгерген бірқатар боксшы да өнер көрсетті.

55 келіде жастар арасындағы Азия чемпионы Досымжан Таңатар, 65 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлихан Әскер қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Ал 60 келіде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Нығмет Нығман, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Нұрасыл Төлебек және Азия чемпионы Алдияр Бахадүр алғашқы айналымда жарыс жолын аяқтады.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

31 October, 2026
34

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды

Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Тараз Аренада бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Сәбитұлы Календеров қатысушыларға сәттілік тілеп, біріншілікті ашық деп жариялады.

Сонымен қатар, ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Ернар Ибраимов, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Қайрат Сәтжанов, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дамир Буданбеков қатысып, құттықтау сөзін жеткізді.

Іс-шара барысында Жамбыл облысы жақында ғана Будва қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бибарыс Әшірбайды және оның жеке жаттықтырушысын ақшалай марапаттады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан чемпионаты 30 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.

30 October, 2026
17

Жанкелді Ахметов: Жастар құрамасының 80 пайызы ересектер санатына ауысады

U19 қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Жанкелді Ахметов әлем чемпионатының қорытындысын шығарып, спортшылардың өнеріне баға берді. 

«Спортшыларымызды, олардың бапкерлерін және спорт басшыларын құттықтаймын. Жалпы, жарыс алдында 4 алтын медаль аламыз деп жоспарлаған едік. Алайда бұл мақсатқа толық жете алмадық.

Зарина Толыбайды, Камила Оспанованы, Мадина Жұмақанды және Алина Құдайгенованың осы әлем чемпионатында жеңіске жетуін күткен болатынмын. Алинаның жекпе-жегін өздеріңіз де көрдіңіздер. Жақсы өнер көрсетті, бірақ жеңіске жетуге күші жетпей қалды. Мадина Жұмақан да өзбекстандық боксшыдан жеңіліп қалды. Дегенмен оның да өнерін жақсы бағалаймын.

Жалпы, қыздардың өнеріне көңілім толады. Бір-екі салмақта қателіктер жібердік. Қалған спортшыларымыздың барлығы жақсы жұдырықтасты», – деді Жанкелді Ахметов.

Бас бапкердің айтуынша, әлем чемпионатынан кейін 2008 жылы туған спортшылардың басым бөлігі ересектер санатына ауысады.

«Қазіргі жастар құрамасының 80 пайызы ересектер арасында өнер көрсететін болады. Ал жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты Қостанай қаласында 29 қараша мен 6 желтоқсан аралығында өтеді. Оған әлем чемпионатына қатысқан қыздарымызбен қатар еліміздің барлық өңірінен келген командалар қатысады», – деді ол.

World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтті. Дүбірлі додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.

29 October, 2026
15

Қазақстан құрамасы U19 әлем чемпионатында ТОП-5-ке енді

Бокстан Будва (Черногория) қаласында өткен World Boxing ұйымының екінші U19 әлем чемпионаты ресми түрде мәресіне жетті.

Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз алтын медальді Зарина Толыбай салды. Ол 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі финалда ресейлік Самира Итониеваны 4:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Ал қазақстандық үш боксшы финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Атап айтқанда, 70 келіде Бейбарыс Әшірбай ирландиялық Джон Донохьюден, 57 келіде Алина Құдайгенова ресейлік Анастасия Голуновадан, ал 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов өзбекстандық Ислам Салиховтан жеңілді.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының төрт өкілі қола медальға қол жеткізді. Олар:

Мадира Жұмакан – 51 келі;

Индира Қыдырмолдаева – 60 келі;

Данияр Ақбісенов – 60 келі;

Еркетан Жарқынбек – 90 келі.

Осылайша, Қазақстанның қыздар құрамасы бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алса, ерлер құрамасы екі күміс және екі қола жүлдемен шектелді.

World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтті. Дүбірлі додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.

28 October, 2026
12

U19 Әлем чемпионатының финалына қай елдер өтті?

Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында финалистер саны бойынша үздік үштікке енді.

Ұлттық құраманың төрт өкілі әлем біріншілігінің шешуші жекпе-жектеріне қатысады.

Финалистер саны бойынша Қазақстан Қытаймен бірге үшінші орынды бөлісіп отыр. Бірінші орында он спортшымен Ресей құрамасы тұр. Екінші орында алты финалисі бар Өзбекстан құрамасы орналасқан.

Қазақстан атынан финалда Бибарыс Әшірбай (70 келіге дейін), Зарина Толыбай (80 келіден жоғары), Алина Құдайгенова (57 келіге дейін) және Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) өнер көрсетеді. Төрт боксшы да жартылай финалдық жекпе-жектерінде жеңіске жетті.

U19 әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында Будва қаласында World Boxing ұйымының қамқорлығымен өтуде. Финалдық жекпе-жектер 27 қазанда болады.

27 October, 2026
8

U19 Әлем чемпионатының оныншы жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының оныншы жарыс күнінде 8 отандасымыз жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізді.

70 келідегі басты фаворит саналатын Бибарыс Әшірбай 1/2 финалда Зулфикор Адхамжоновтан (Өзбекстан) айласын асырып, 4:1 есебімен басым түсті.

Отандасымыз 3 раундта да қарсыласынан қарағанда жылдам қимылдап әрі дөп соққыларымен ерекшелене білді.

57 келідегі Алина Құдайгенова 1/2 финалда Ярио Женгпен (Қытай) айқасып, 3:2 есебімен басым түсті.

Қос боксшы да 3 раунд бойы шиеленісті айқас өткізіп, жекпе-жектің тағдыры тек шешуші раундта ғана шешілді.

Аса ауыр салмақтағы Зарина Толыбай 1/2 финалда Мирей Догрумен (Түркия) жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Кештің соңғы жекпе-жегінде +90 келідегі Владислав Саможонов 1/2 финалда Сафдар Маммадзадамен (Әзербайжан) айқасып, 5:0 есебімен басым түсті.

Алғашқы раунд қарсыластың пайдасына шешілгенімен, қалған уақытта отандасымыз жекпе-жектің бағытын өзгерте білді.

51 келідегі Мадира Жұмақан 1/2 финалда Назокат Мардоновамен (Өзбекстан) жұдырықтасып, 0:5 есебімен жол берді.

60 келідегі  Данияр Ақбисенов 1/2 финалда Едгардо Николас Пералтамен (Аргентина) жұдырықтасып, 0:3 есебімен жол берді.

60 келіде  Индира Қыдырмолдаева 1/2 финалда Шаша Вангпен (Қытай) өзара мықтыны анықтап, 1:3 есебімен есе жіберді.

Кешкі сессияда 90 келіде өз мүмкіндігін алған Еркетаң Жарқынбек 1/2 финалда Владислав Науменкомен (Украина) өзара мықтыны анықтап, 1:4 есебімен жол берді.

Айта кетейік, жаһандық дода 27 қазанда мәресіне жетеді.

26 October, 2026
9

U19 Әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күнінде 7 отандасымыз өз бақтарын сынады.

55 келіде өз мүмкіндігін алған  Айдос Үсенов ширек финалда Ислам Магомедовпен (Ресей) жұдырықтасып, 0:5 есебімен жол берді.

Жекпе-жекте отандасымыз арақашықтықты қысқартып, жылдам соққыларға иек артса, Ресей боксшысы арақашықтықта ұпай жинады. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қарсыласты жеңімпаз деп таныды.

60 келіде  Индира Қыдырмолдаева 1/4 финалда Едмар Мунозбен (Венесуэла) шаршы алаңда жолығып, 5:0 есебімен басым түсті.

Отандасымыз 3 раундта да қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

60 келідегі  Данияр Ақбисенов 1/4 финалдаЖосуе Зепедамен (Мексика) айқасып, 4:1 есебімен айласын асырды.

Жекпе-жек барысында жерлесіміз қарсыласын 3 мәрте нокдаунға түсіріп, айқын басымдығын таныта білді.

70 келідегі басты үміткерлердің бірі - Бибарыс Әшірбай 1/4 финалда Асанте Ламармен (АҚШ) жұдырықтасып, 3:0 есебімен басым түсті.

Өте жоғарғы қарқында өткен айқаста жеңіске деген жігерін таныта білген жерлесіміз шабуылда белсенді болып, дөп соққыларын дарытты.

75 келіде алғашқы жекпе-жегіне шыққан Алтынгүл Аймұхан 1/4 финалда Шенжие Гонгпен (Қытай) айқас өткізіп, 0:5 есебімен жол берді.

Жерлесіміз алғашқы раундта белсенді қимылдап, есепте алға шықса да, қалған уақытта бойы мен қолы әлдеқайда ұзын Қытай боксшысы қашықтықта жекпе-жекті өз бақылауына алды.

Кешкі сессияда 51 келідегі Мадира Жұмақан 1/4 финалда Андреа Буелга Гарсиямен (Испания) жұдырықтасып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Алғашқы раунд қарсыластың пайдасына шешілгенімен, қалған уақытта отандасымыз айқастың бағытын түпкілікті өзгертіп, жеңісті жұлып алды.

57 келідегі Алина Құдайгенова 1/4 финалда Сиобхан Халеймен (Англия) шаршы алаңда өзара мықтыны анықтап, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Қарсылас 3 раунд бойы отандасымызға қысым жасап, шабуылдаумен болса да, Алина қарымта шабуылда әр сәтті өз еншісіне шешіп отырды. Осылайша, жерлесіміз әлем чемпионатының жартылай финалына өтті.

World Boxing U19 әлем чемпионаты Будва қаласында 16–27 қазан аралығында өтуде. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысып жатыр.

25 October, 2026
19

U19 Әлем чемпионатының сегізінші жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының сегізінші жарыс күнінде 8 отандасымыз шаршы алаңға шықты.

Ең жеңіл 48 келідегі Жадыра Қалтай 1/8 финалда Сиана Нонзфаламен (АҚШ) өзара мықтыны анықтап, 0:4 есебімен есе жіберді.

Жекпе-жек бойы отандасымыз қарсыласына қысымды арттырып, шабуылдаумен болды. Ал қарсылас қарымта шабуылда ұпай жинады. Нәтижесінде қос боксшы да 2-раундта нокдаунмен алмасып, жекпе-жекте төрешілер АҚШ өкілін мықты деп таныды.

57 келідегі Алина Құдайгенова 1/8 финалда Мейра Алвеспен (Бразилия) күш сынасып, 5:0 есебімен мерейі үстем болды.

Алғашқы раундтан-ақ жерлесіміз соққы алмасу барысында жылдамдық танытып, әр сәтті өз еншісіне жазып отырды. Нәтижесінде 3 раундта да Алина өзінің мықты екендігін дәлелдеді.

80 келіде  Айдана Убайдуллақызы 1/4 финалда София Новиковамен (Украина) жолығып, 0:5 есебімен қарсыласына жол берді.

Жекпе-жекте отандасымыз қарсыласына қысым жасап, басымдықты алуға тырысқанымен, қарсылас қарымта шабуылда дөп соққыларымен таразы басын өз пайдасына шешті.

Ең жеңіл 50 келідегі  Әділ Асқанбай 1/4 финалда Аарон Сарвармен (Шотландия) шеберлік байқасып, 2:3 есебімен жол берді.

65 келідегі Ақжүрек Қалабай 1/4 финалда Джейсон Махермен (Ирландия) жұдырықтасып, 2:3 есебімен есе жіберді.

Кешкі сессияда 70 келіде фавориттердің қатарына кіретін Камила Оспанова 1/4 финалда Ханан Кейнен Даоваджимен (Алжир) өзара мықтыны анықтап, 3-раундта мерзімінен бұрын есе жіберді.

90 келіде өз мүмкіндігін алған Еркетаң Жарқынбек 1/4 финалда Иоан Эрнандеспен (Германия) айқас өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Жекпе-жек барысында отандасымыз белсенді қимылдап, қарсыласынан қарағанда белсендірек болды. Нәтижесінде төрешілер отандасымыздың жеңісін тіркеді.

Кешкі сессияда аса ауыр +90 келіде Владислав Саможонов 1/4 финалда Олувейоми Ремелмен (Германия) жолы түйісіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Жекпе-жек бойы отандасымыз толықтай үстемдік етіп, қарсыласын 2 мәрте нокдаунға түсірді.

World Boxing U19 әлем чемпионаты Будва қаласында 16–27 қазан аралығында өтуде. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысып жатыр.

24 October, 2026
12