U19 Әлем чемпионатының оныншы жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының оныншы жарыс күнінде 8 отандасымыз жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізді.
70 келідегі басты фаворит саналатын Бибарыс Әшірбай 1/2 финалда Зулфикор Адхамжоновтан (Өзбекстан) айласын асырып, 4:1 есебімен басым түсті.
Отандасымыз 3 раундта да қарсыласынан қарағанда жылдам қимылдап әрі дөп соққыларымен ерекшелене білді.
57 келідегі Алина Құдайгенова 1/2 финалда Ярио Женгпен (Қытай) айқасып, 3:2 есебімен басым түсті.
Қос боксшы да 3 раунд бойы шиеленісті айқас өткізіп, жекпе-жектің тағдыры тек шешуші раундта ғана шешілді.
Аса ауыр салмақтағы Зарина Толыбай 1/2 финалда Мирей Догрумен (Түркия) жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Кештің соңғы жекпе-жегінде +90 келідегі Владислав Саможонов 1/2 финалда Сафдар Маммадзадамен (Әзербайжан) айқасып, 5:0 есебімен басым түсті.
Алғашқы раунд қарсыластың пайдасына шешілгенімен, қалған уақытта отандасымыз жекпе-жектің бағытын өзгерте білді.
51 келідегі Мадира Жұмақан 1/2 финалда Назокат Мардоновамен (Өзбекстан) жұдырықтасып, 0:5 есебімен жол берді.
60 келідегі Данияр Ақбисенов 1/2 финалда Едгардо Николас Пералтамен (Аргентина) жұдырықтасып, 0:3 есебімен жол берді.
60 келіде Индира Қыдырмолдаева 1/2 финалда Шаша Вангпен (Қытай) өзара мықтыны анықтап, 1:3 есебімен есе жіберді.
Кешкі сессияда 90 келіде өз мүмкіндігін алған Еркетаң Жарқынбек 1/2 финалда Владислав Науменкомен (Украина) өзара мықтыны анықтап, 1:4 есебімен жол берді.
Айта кетейік, жаһандық дода 27 қазанда мәресіне жетеді.













