U19 Әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күнінде 7 отандасымыз өз бақтарын сынады.
55 келіде өз мүмкіндігін алған Айдос Үсенов ширек финалда Ислам Магомедовпен (Ресей) жұдырықтасып, 0:5 есебімен жол берді.
Жекпе-жекте отандасымыз арақашықтықты қысқартып, жылдам соққыларға иек артса, Ресей боксшысы арақашықтықта ұпай жинады. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қарсыласты жеңімпаз деп таныды.
60 келіде Индира Қыдырмолдаева 1/4 финалда Едмар Мунозбен (Венесуэла) шаршы алаңда жолығып, 5:0 есебімен басым түсті.
Отандасымыз 3 раундта да қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
60 келідегі Данияр Ақбисенов 1/4 финалдаЖосуе Зепедамен (Мексика) айқасып, 4:1 есебімен айласын асырды.
Жекпе-жек барысында жерлесіміз қарсыласын 3 мәрте нокдаунға түсіріп, айқын басымдығын таныта білді.
70 келідегі басты үміткерлердің бірі - Бибарыс Әшірбай 1/4 финалда Асанте Ламармен (АҚШ) жұдырықтасып, 3:0 есебімен басым түсті.
Өте жоғарғы қарқында өткен айқаста жеңіске деген жігерін таныта білген жерлесіміз шабуылда белсенді болып, дөп соққыларын дарытты.
75 келіде алғашқы жекпе-жегіне шыққан Алтынгүл Аймұхан 1/4 финалда Шенжие Гонгпен (Қытай) айқас өткізіп, 0:5 есебімен жол берді.
Жерлесіміз алғашқы раундта белсенді қимылдап, есепте алға шықса да, қалған уақытта бойы мен қолы әлдеқайда ұзын Қытай боксшысы қашықтықта жекпе-жекті өз бақылауына алды.
Кешкі сессияда 51 келідегі Мадира Жұмақан 1/4 финалда Андреа Буелга Гарсиямен (Испания) жұдырықтасып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Алғашқы раунд қарсыластың пайдасына шешілгенімен, қалған уақытта отандасымыз айқастың бағытын түпкілікті өзгертіп, жеңісті жұлып алды.
57 келідегі Алина Құдайгенова 1/4 финалда Сиобхан Халеймен (Англия) шаршы алаңда өзара мықтыны анықтап, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Қарсылас 3 раунд бойы отандасымызға қысым жасап, шабуылдаумен болса да, Алина қарымта шабуылда әр сәтті өз еншісіне шешіп отырды. Осылайша, жерлесіміз әлем чемпионатының жартылай финалына өтті.
World Boxing U19 әлем чемпионаты Будва қаласында 16–27 қазан аралығында өтуде. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысып жатыр.













