U19 Әлем чемпионатының сегізінші жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының сегізінші жарыс күнінде 8 отандасымыз шаршы алаңға шықты.
Ең жеңіл 48 келідегі Жадыра Қалтай 1/8 финалда Сиана Нонзфаламен (АҚШ) өзара мықтыны анықтап, 0:4 есебімен есе жіберді.
Жекпе-жек бойы отандасымыз қарсыласына қысымды арттырып, шабуылдаумен болды. Ал қарсылас қарымта шабуылда ұпай жинады. Нәтижесінде қос боксшы да 2-раундта нокдаунмен алмасып, жекпе-жекте төрешілер АҚШ өкілін мықты деп таныды.
57 келідегі Алина Құдайгенова 1/8 финалда Мейра Алвеспен (Бразилия) күш сынасып, 5:0 есебімен мерейі үстем болды.
Алғашқы раундтан-ақ жерлесіміз соққы алмасу барысында жылдамдық танытып, әр сәтті өз еншісіне жазып отырды. Нәтижесінде 3 раундта да Алина өзінің мықты екендігін дәлелдеді.
80 келіде Айдана Убайдуллақызы 1/4 финалда София Новиковамен (Украина) жолығып, 0:5 есебімен қарсыласына жол берді.
Жекпе-жекте отандасымыз қарсыласына қысым жасап, басымдықты алуға тырысқанымен, қарсылас қарымта шабуылда дөп соққыларымен таразы басын өз пайдасына шешті.
Ең жеңіл 50 келідегі Әділ Асқанбай 1/4 финалда Аарон Сарвармен (Шотландия) шеберлік байқасып, 2:3 есебімен жол берді.
65 келідегі Ақжүрек Қалабай 1/4 финалда Джейсон Махермен (Ирландия) жұдырықтасып, 2:3 есебімен есе жіберді.
Кешкі сессияда 70 келіде фавориттердің қатарына кіретін Камила Оспанова 1/4 финалда Ханан Кейнен Даоваджимен (Алжир) өзара мықтыны анықтап, 3-раундта мерзімінен бұрын есе жіберді.
90 келіде өз мүмкіндігін алған Еркетаң Жарқынбек 1/4 финалда Иоан Эрнандеспен (Германия) айқас өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Жекпе-жек барысында отандасымыз белсенді қимылдап, қарсыласынан қарағанда белсендірек болды. Нәтижесінде төрешілер отандасымыздың жеңісін тіркеді.
Кешкі сессияда аса ауыр +90 келіде Владислав Саможонов 1/4 финалда Олувейоми Ремелмен (Германия) жолы түйісіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Жекпе-жек бойы отандасымыз толықтай үстемдік етіп, қарсыласын 2 мәрте нокдаунға түсірді.
World Boxing U19 әлем чемпионаты Будва қаласында 16–27 қазан аралығында өтуде. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысып жатыр.













