U19 Әлем чемпионатының жетінші жарыс күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының U19 санатындағы әлем чемпионатының жетінші жарыс күнінде 6 отандасымыз шаршы алаңға шықты.
55 келіде өз мүмкіндігін алған Айдос Үсенов 1/8 финалда Иверсон Акостамен (Куба) шеберлік байқасып, 5:0 есебімен басым түсті.
Алғашқы раундтан отандасымыз бірінші нөмірде істесе, қарсылас қарымта шабуылға иек артты. Белсенді түрде шабуылдаған Айдос Үсенов 2-раундта Куба өкілін нокдаунға түсіріп, өз басымдығын арттыра білді.
Осылайша, жерлесіміз жаһандық доданың 1/4 финалына өтті.
65 келідегі Ақжүрек Қалабай 1/8 финалда Елдиар Тенисбековпен (Қырғызстан) жолығып, 5:0 есебімен мерейі үстем болды.
Қос боксшы да алғашқы раундтан жақын қашықтықта жұдырықтасып, алма-кезек шабуылмен алмасумен болды. Жекпе-жектің тағдыры шешуші 3 минутта шешіліп, отандасымыз басымдық танытты.
70 келіде фавориттердің қатарына кіретін Бибарыс Әшірбай 1/8 финалда Люк Насифпен (Аустралия) айқас өткізіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Алғашқы минуттан-ақ отандасымыз шабуыл және сауатты қорғанысы арқылы ұпай жинап, қарсыласының жоспарын асыруға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Бибарыс 3 раунд бойы Аустралия өкілінен сенімді түрде айласын асырды.
Кешкі сессияда 51 келідегі Мадира Жұмақан 1/8 финалда Корин Мари Фавимен (Италия) жұдырық түйістіріп, 5:0 есебімен басым түсті.
Алғашқы раундтан Италия боксшысы шабуылға ден қойып, басымдықты өз қолына алуға тырысса, отандасымыз қарымта шабуылда аянып қалмады. Ал шешуші раундта Мадира қарсыласын нокдаунға жіберіп, жеңімпаз тағдырын шешіп тастады.
60 келіде Данияр Ақбисенов 1/8 финалда Фуркан Авармен (Түркия) жолы түйісіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Алғашқы раундтан айқас өте жоғары қарқында өтіп, қос тарап та жеңіс үшін соңғы секундқа дейін барын салды. Нәтижесінде соққы жағынан дәлдік танытқан отандасымыздың мерейі үстем болды.
Кешті түйіндеген 80 келідегі Тимур Тайбеков 1/8 финалда Прохор Старцевпен (Ресей) күш сынасып, 2-раундта мерзімінен бұрын есе жіберді.
World Boxing U19 әлем чемпионаты Будва қаласында 16–27 қазан аралығында өтуде. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысып жатыр.













