WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Жазғы Азия ойындарында әйелдер құрамасы 2 жүлде жеңіп алды

Қазақстанның әйелдер бокс құрамасы Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарындағы жарысын екі медальмен аяқтады.

Қазақстандық боксшылардың екі жүлдесі де — қола медаль. 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова жүлдегер атанды. Ол жартылай финалда вьетнамдық Нгуен Тхи Тамға 0:5 есебімен есе жіберді.

Ал 75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова қола жүлдені иеленді. Ол жартылай финалдық кездесуде Үндістан өкілі Ловлина Боргохаиннен 2:3 есебімен жеңілді.

Еске сала кетейік, Қазақстанның әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарында бастапқыда бес салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Нагоядағы бокс турнирі 2 қазанда аяқталады. Ал Азия ойындарының жабылу салтанаты 4 қазанда өтеді.

30 September, 2026
9

Айбек Оралбай қарсыласын нокдаунға жіберіп, Азия ойындарының финалына шықты

Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындарында бокстан жартылай финал жекпе-жектері басталды.

Еліміздің атынан ерлер арасында +90 келі салмақтағы Айбек Оралбай шаршы алаңға бірінші болып шығып, 1/2 финалда Үндістан өкілі Нарендермен жұдырықтасты. Отандасымыз алғашқы раундтан жекпе-жекті толықтай бақылауға алды. 3 раунд бойы сауатты қорғаныс пен шабуылдағы нәтижелі соққылардың арқасында төрешілер 5:0 есебімен Айбекті жеңімпаз деп таныды.

Айта кетейік, 26 жастағы Айбек 2025 жылғы әлем чемпионы және 3 дүркін Азия чемпионатының жеңімпазы атанған.

29 September, 2026
10

Жартылай финалға қай елдің боксшылары шықты?

Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының ширек финалдық жекпе-жектері мәресіне жетті.

Осы орайда сіздерге 1/2 финалға өткен мемлекеттердің көрсеткішін ұсынамыз:

Өзбекстан - 7
Қытай - 7
Үндістан - 6
Қазақстан - 5
Жапония - 4
Тәжікстан - 2
Оңтүстік Корея - 2
Солтүстік Корея - 2
Иордания - 2
Вьетнам - 2
Тайпей - 2
Филиппин - 1
Иран - 1
Таиланд - 1

Бокс бәсекесі 2 қазанда мәресіне жетеді.

28 September, 2026
13

Жазғы Азия ойындары: 27 қыркүйек күнінің нәтижесі

Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының ширек финалында екі отандасымыз жарыс жолына шықты.

Аса ауыр салмақта (90 келіден жоғары) бақ сынаған Айбек Оралбай ширек финалда қырғызстандық боксшы Мырзакир Кошалиевпен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде Айбек соққыларын дәл бағыттап, қорғаныста да сауатты өнер көрсетті. Төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (5:0) Оралбай жеңіске жетіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.

Өкінішке қарай, екі дүркін әлем чемпионы, 65 келі салмақтағы Аида Әбікеева жарыс жолынан шығып қалды. Жартылай финал жолдамасы мен Азия ойындарының медалі сарапқа салынған кездесуде оның қарсыласы Азия чемпионатының қола жүлдегері, қытайлық Ли Шу болды.

Үш раундқа созылған жекпе-жек өте тартысты өтті. Кездесу барысында төреші клинч және ереже бұзу әрекеттері үшін, Әбікееваның еншісіне жазылған екі ұпайды, ал қытайлық боксшының бір ұпайын шегерді.

Шешуші сәттерде дәлдік танытқан Ли Шу төрешілердің шешімімен 4:0 есебінде жеңіске жетіп, жартылай финалға өтті.

Айта кетейік, бокс бәсекелері 2 қазанға дейін жалғасады. Жарыс барысында ерлер арасында алты, әйелдер арасында бес салмақта жүлделер сарапқа салынады.

27 September, 2026
13

Жазғы Азия ойындары: 26 қыркүйек күнінің нәтижесі

Жапонияның Аичи манифактурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында 3 отандасымыз өз жекпе-жектерін өткізді.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Виктория Графеева алғашқы айналымда-ақ турнирдің басты фавориттерінің бірімен қолғап түйістірді. Қытайлық Тайбэй өкілі Линь Юйтинмен кездесу тартысқа толы болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша, төрешілердің шешімімен жеңіс Графееваның қарсыласына берілді. Қорытынды есеп: 2:3. Осылайша, Виктория Азия ойындарындағы өнерін аяқтады.

Айта кетейік, Линь Юйтин 57 келіге дейінгі салмақта Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы атанған.

Артынша 2 дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 1/8 финалдық кезеңде Иран боксшысы Мехди Каземимен қолғап түйістірді.

Махмұд алғашқы раундтан-ақ басымдық танытты. Тіпті, екінші және үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Осылайша отандасымыз айқын басымдықпен жеңіске жетіп, ширек финалға өтті.

Күндізгі сессияда 90 келідегі Нұрбек Оралбай қорытындылады. Оның алғашқы қарсыласы Ауғанстан өкілі Силаб Нури болды.

Қазақстандық боксшы жекпе-жектің алғашқы минуттарынан-ақ басымдығын байқатты. Бірінші раундта үш төреші Оралбайдың пайдасына 10:9 есебін қойса, тағы екеуі 10:8 деп бағалады. Кейінгі раундтарда да Нұрбек қарсыласына жекпе-жектің тізгінін бермеді.

Үш раундтың қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық боксшыға берді – 5:0.

26 September, 2026
15

Жазғы Азия ойындары: 25 қыркүйек күнінің нәтижесі

Жапонияның Аичи манифактурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында 2 отандасымыз жарыс жолына шықты.

Алдымен 3 дүркін әлем чемпионы, биыл 54 келіге көтерілген Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегінде қытайлық Чжао Сюаньмен кездесті.

3 раундтың қорытындысы бойынша, 1:4 есебімен жеңіс қарсыласқа берілді. 

Одан кейін биылғы Азия чемпионы, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов шаршы алаңға көтерілді.

Ол Оңтүстік Корея өкілі Чан Дон Хванмен айқасып, 1:4 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, бокс бәсекесі 2 қазанға дейін жалғасады. Жарыс барысында ерлер 6 салмақ және әйелдер 5 салмақта жүлдені сарапқа салады.

25 September, 2026
7

Алуа Балқыбекова Азиадада басты фавориттің бірін жеңді

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында бокстан кезекті жарыс күні өтіп жатыр.

2 дүркін әлем чемпионы, 51 келідегі Алуа Балқыбекова Азиададағы алғашқы жекпе-жегінде Үндістан өкілі, Астанадағы Әлем Кубогының жеңімпазы Сакши Чаудхаримен жұдырықтасты. 3-раунд бойы тартысты өткен айқас 3:2 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді.

Енді отандасымыз ширек финалда Жапония боксшысымен күш сынасады.

24 September, 2026
9

Төрехан Сабырхан жазғы Азия ойындарында алғашқы айналымнан өтті

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Жерлесіміз 70 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында қатарлық Мохаммед Дбичимен қолғап түйістірді.

Үш раундтың қорытындысы бойынша, Төрехан Сабырхан төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ол ширек финалға жолдама алды.

Ширек финалда Сабырхан Ирак өкілі Али Касим Хамдан Әл-Сарраимен кездеседі. Жекпе-жек 28 қыркүйекте өтеді.

Ирактық боксшы ширек финалға үндістандық Сумитті мерзімінен бұрын жеңгеннен кейін жолдама алды. Алғашқы екі раунд үнді боксшысының пайдасына шешілді. Алайда үшінші раундта Сумиттің жарақатына байланысты төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Айта кетейік, бұған дейін Сабыржан Аққалықов (80 келіге дейін) жарысты аяқтаған болатын.

24 September, 2026
12

Сабыржан Аққалықов жазғы Азия ойындарында сүрінді

Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов 2026 жылғы Азия ойындарындағы өнерін алғашқы жекпе-жектен кейін аяқтады. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/8 финалында ол төрешілердің екіге бөлінген шешімімен кореялық Ким Мин Соннан 2:3 есебімен жеңілді.

Аққалықов Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан бокс турнирінде шаршы алаңға шыққан Қазақстан құрамасының алғашқы өкілі болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша. үш төреші жеңісті кореялық боксшыға, ал екеуі қазақстандық спортшыға берді.

Ким Мин Сон — 80 келіге дейінгі салмақтағы 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ осы маусымда ол Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing ұйымының әлем кубогы кезеңінде қола медаль иеленді.

Аққалықов Азия ойындарына қазіргі Азия чемпионы мәртебесінде келген болатын. Сәуір айында ол 75 келіге дейінгі салмақта құрлық чемпионатында жеңімпаз атанып, кейін 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысты.

23 September, 2026
16

Қазақстан мен Моңғолия меморандумы: бокс құрамалары бірлескен жаттығу жиынын өткізеді

Аичи-Нагоя-2026 ХХ жазғы Азия ойындары аясында Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен Моңғолия ҰОК басшысы Баттушиг Батболд қол қойды.

Меморандум спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат аясында спортшыларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жаттықтырушылар мен мамандар арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, спорттық медицина, допингке қарсы күрес, спорттық менеджмент, маркетинг және Олимпиада құндылықтарын ілгерілету бағыттарында өзара іс-қимыл жасау көзделген.

Алғашқы қадамдардың бірі бокстағы ынтымақтастық болмақ. Қазақстан тарапы өзара келісім негізінде моңғолиялық спортшыларды бірлескен оқу-жаттығу жиынына шақыруға дайын. Ал келесі оқу-жаттығу жиынын Моңғолияда өткізу жоспарланып отыр. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады.

22 September, 2026
11

Махмұд Сабырханның алғашқы қарсыласы белгілі болды

Жапонияның Нагоя қаласында Махмуд Сабырханның Азия ойындарындағы 55 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы қарсыласы анықталды. 

Қазақстандық боксшының қарсыласы ирандық Мехди Каземи болады. Жеребе нәтижесі бойынша әлемнің екі дүркін чемпионы Махмуд Сабырхан жарыстың алғашқы айналымынан босатылған болатын. Оның қарсыласы Иран өкілі Мехди Каземи мен Солтүстік Корея боксшысы Рён Чон Со арасындағы жекпе-жекте анықталды. 

Бірінші раундта боксшылардың ешқайсысы айқын басымдық таныта алмады. Алайда Каземи сәл дәлірек қимылдап, бес төрешінің үшеуінен 10:9 есебімен басым түсті. Келесі раундта Мехди қарсыласынан жақсырақ көрініп, төрт төрешінің бағалауы бойынша жеңіске жетті. Дегенмен төреші ереже бұзғаны үшін екі боксшыдан да бір ұпайдан шегерді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілердің екііге бөлінген шешімімен ирандық боксшы жеңіске жетті — 29:26, 29:26, 28:27, 27:28, 29:26. 

Осылайша, Мехди Каземи 26 қыркүйекте Махмуд Сабырханмен ширек финалға шығу жолдамасы үшін жұдырықтасады. Айта кетейік, Мехди Каземи 2024 жылы Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған.

22 September, 2026
12